Жылқаман батыр туралы тарихи деректер

Жылқаман батыр туралы тарихи деректер

Жылқаман батыр - 1712-1796 жылдары өмір сүрген тарихи тұлға, қазақтың майталман қолбасшыларының бірі. Оның бір ерекшелігі, өз заманындағы батырлардың арасында алғаш мылтық ұстаған және өте мерген, шапшаң адам болған. Кіші жүздің алты Әлімнің ішінде Шекті руының Жақайым аталығының батыры Жылқаман Отыншыұлы 1712 жылы Қызыл­орда облысы Арал ауданы Бөген елді мекенінде дүниеге келген. 1796 жылы 84 жасында дүниеден озып, Қарақалпақ жерінде Нұрата өңірінде жерленген.

Жылқаман батыр жоңғар-қалмаққа, Сыр бойын мекендеген Кіші жүз қазақтарына Қоқан, Хиуа хандықтарының шапқыншылықтарында қайтпас батырлығымен, көзсіз мергендігімен, жауды жайпап, теңдессіз ерлік көрсеткен. Жылқаман батыр елінің азаттығы үшін жоңғар шапқыншылығына­ және Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан сол уақыттағы Батыр сұлтан, Сырым Дат­ұлы, Құлбатыр, Сартай, Жанқожа, Толыбай, Есет, Көтібар батырлармен тізе қосып, біріне аға, біріне іні болып, талай шайқас­тарды басын­ан өткіз­ген. Жыл­қаманның шығу тегіне келер болсақ, Кіші жүздің Шекті руының Жақайы­м аталығынан тарайды. Жылқаман батырдың шыққан тегін тікелей таратсақ, фило­логия ғылымдарының канди­даты Аманжол Сақыпұлының «Жылқаман  батыр»  кітабында өзіне дейін былайша өрбиді: Кіші жүз – Әлім – Шекті (Жаманақ­) – Шыңғыс – Жақа­йым – Көгіс – Торжымбай – Көшімбет – Қарабатыр – Байша­ған – Нұралы  – Отыншыұлы Жылқаман делінген.
Қазақ пен жоңғар соғысы кезінде Сартаймен бірге Жылқаман, Жылқайдар батырлар 13-17 жас аралығындағы «Мың бала» жасағын құрып, жоңғарларға қарсы соғысқа аттанады. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қолына келіп қосылады. Жас балалар басқыншыларға қарсы жан аямай күрескен қазақ сарбаздарына үлкен көмек көрсетеді. Осы мың баланың жоңғарларға қарсы соғыста жасаған ғажап ерлігі туралы ақын Нұрмағамбет Қосжанұлының «Сартай батыр» деген дастаны бар. Мың баланың ішінде ең жасы кішісі, ақшұбар мылтығы бар 13 жастағы Жылқаман бола­тын. Сол соғыста атойлап, жауға шапқан батырларымыздың бірі. Жас батыр сол жоң­ғарлармен болған соғыстарда қолындағы ақшұбар аталып кеткен­ орыс мылтығымен қарсы келген жаудың жасағын бірінен соң бірін жусатып, сонымен қатар құралайды көзге атқан мергендігімен де жалпақ елге танылған. 1726 жылы Ордабасыдағы кеңесте қазақтың үш жүз өкілдерінің басы қосылады. Ордабасы жиынында Әбіл­қайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалады. Міне, осы кезде­ Кіші жүздің әскерінің құрамында жасөспірімдерден құралған «Мың бала» жасағы болатын. Ұлы жүздің құрамындағы қыр­ғыз биі Қырғауыл Кіші жүз сапын­дағы балаларды көріп, «Кіші жүз олжа алу үшін он екі жастағы балаға дейін жинаған, бұлар періште, жарма жарын қайтару керек. Бала-шағаны айдайтын қалмақ қой емес», – деп билерге жүгінеді. Бұны естіген­ мың басы, жас Сартай батыр: «Мерген көз жанары таймай, қолы қалтырамай, белі аш күзендей иіліп тұрғанда ғана мерген. Жылқаман садақпен қатар орыстың от қаруын да меңгерген. Сондықтан мерген жасаққа жасына қарамай алын­ған», - деп тілін безеп тұрып алады. Қазыбек би: «Ұлы жүз асығысыңдар, үш Арысты шақырт­ып, елім аз бен көптің арасын ақылға салыңдар» дейді. Қырғауылға өзіңді өзің көпсінбе, аздың аты аз дейді. Осы кезде Қырғауыл ашуланып, Сартайға «ертең ұйқыңды ашпайсың, сен бала жауды жеңбек түгілі, сыға алмайсың битіңді» деп жекиді. Осыны айтып Қырғауыл жақын тұрған Жылқаман­ға ұмтылады.
Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай батыр» жырында 13 жастағы Жылқаманның өнері былайша суреттеледі:
Ашуланып Жылқаман,
Қалт, қалт, қалт етті.
Қайтпаймын деген дауысы
Ақ сұңқардай саңқ етті.
Найзадан кетті бұлтарып
«Атамын» – деп ант етті.
Сүрініп бара жатқанда
Жауына қарап жалт етті.
Жалт еткенде ақшұбар
Мылтықтың дауысы саңқ етті.
Қап-қара түтін ішінен
Оқпанның аузы жарқ етті.
Қырғауылдың басынан
Құс телпегі жалп етті.
Мұны көріп тұрғандар
Қарқ, қарқ, қарқ етті.
Ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай батыр» дас­танында Жылқаманның ұрыс даласын­дағы әрбір қимылы, ерлік­ке толы көркем бейнесі шебер суреттелген. Осы дастанды жазғаны үшін Нұрмағанбет 1937 жылы атылып, шығармаға тыйым салынды. «Тарихта болған оқиға өлеңге айналған соң, өзі ескінің тарихы болып жоғалмайтын болады» (Мұхтар Әуезов). Рас, жоғалған жоқ, қайта тірілді.
Осы үш жүздің батыр-билерінің басы қосылған жиында, жұрттың бәрі Жылқаманның шапшаң мергендігін байқайды. Жоңғарлармен болған қанды майданда үлкен абыройға бөленеді. Шекті руының батырларына арналған жырда Жылқаманның ерлігі былай сипатталады:
Атойлай шауып, көрінген жауды қылтадан,
Ақшолақпенен ұшырған мұрттай Жылқаман.
Аңыз боп жеткен Мың бала бізге ерлігі,
Қашпаған екен жоңғардан қорқып бір қадам.
Жылқаман батыр соғыс соңы­на дейін екі жауырыны қақпақтай, аптал азамат болып шығады. Жоңғарлармен болған соғыстан кейін, Батыр сұлтан мінезі бірбеткей Жылқаманды өзінің жанына ұстауға бекінген. Батыр сұлтанға шынайы берілг­ен батырлардың бірі. Сонымен қатар, қарамағындағы жасақтарының басшылығына шақырып, әскер қолбасшысы болған. Жоңғарларға қарсы соғыстар­да Батыр сұлтан Әлім руларының жасағын бастап, жеке басының батырлығы мен сұлтандық қабілетімен көзге түседі. XVIII ғасырдың 20-жылдарының аяқ кезінен бастап Әбілқайыр ханның басты бақталастарының біріне айналады. Әлім тайпалары негізінен Кіші жүз ханының басты қарсыласы Батыр сұлтан жағында болған. Тарихшы Аполованың көр­сетуінше, Әбілқайыр мен Батыр сұлтаның қарым-қатынасының ушығуы хандыққа таласуына әкеп соққан. «Как один из упорных врагов Абулхаира, Батыр имел сторонников и в своих притязаниях на ханство. Позд­нее в его избрании участвовали­ бии и батыры влиятельных родов­ Младшего жуза. Это был результат авторитета, завоеванного Батыром среди предс­тавителей родовой знати, которые поддерживали его честолюбивые замыслы своей открытой враждой к Абулхаиру», - деп жазады тарихшы.
Жылқаман батыр туралы дерек­тер баршылық, солардың бірі белгілі жазушы Зейнолла Шүкіровтың «Сыр бойы» тарихи­ романында баяндалады. Жыл­қаман ерлігінің бір парасын келтіріп өтеді. «Үш күнге созыл­ған Құрым бидің асында ат бәйгесі, жорға сүресі өтті. Осы аста Жылқаманның мергендігі төрткүл дүниеге тарап еді. Алтын жамбы атуға ақшұбармен шыққан Жылқаман күн көзінде қылтылдап тұрған бес бірдей күміс тиынды қолымен сыпырғандай бірінен соң бірін атып түсірді. Жас баланың өнері жиналып тұрған алты Әлімді таң-тамаша қалдырды. Байжан би Жылқаманды бауырына басты. Әйтеке би батасын берді. Сол жылғы елдің әңгімесі Отыншының Жылқаман атты баласының құралайды көзге атқан мергендігі жайлы еді», - деп жаз­ған. Қарақалпақтар Жылқаманның үзеңгілес досы Жылқайдар батырдың ауылын шауып, өзін өлтіріп кетеді. Батырдың кегін қайтаруға барған жорық кезін­де, жас Жанқожа жекпе-жекте жеңіп көзге түседі. Жылқаман батыр жасы ұлғайған шағында Жанқожа батырға қан майданда батасын берген. Жылқаман батырдың соңғы жорығы жа­йында романда да баяндалған. Осы жорық Жылқаман батырдың соңғы жорығы еді. Жылқаманның тарихи бейнесі жазушы­ Әбдісаттар Оспановтың «Жан­қожа батыр» деген кітабында да көрсетілген.
1731 жылы Кіші жүзге А.И.Тевкелев бастаған орыс елшілері келеді. Ондағы келген мақсаты Кіші жүздің құрамын Ресей империясының қол астына өткізіп, ант қабылдату болатын. Ресейдің бодандығына қарсы қазақ даласы тағы қарсылық көрсетеді. Қазақ халқының орысқа бағынуын қолдаған Әбілқайыр хан мен елшілік қолына қарсы, Сырлыбай би бастаған (Қыз Жібектің әкесі) қозғалыста Сартай, Жылқаман, Ақша, Жылқайдар батырлар қарсылық көрсетеді. Қозғалыс­тың тарихы сол кезде-ақ Тевкелевтің күнделігінде, кейін ғылыми айналысқа түсіп, тарихи еңбектерде (Ә.Кекілбаевтың «Үркер», Ю.Сергеевтің «Петербургский посол») егжей-тегжейлі жазылды. Жылқаман мен Сартай батырлар жастайынан бірге өскен, Сартайдың ең сенімді қарулас серігі болған. Сартай батыр жөнінде зерттеп жүрген С.Сейфуллин атындағы КазАТУ-дың аға оқытушысы Бауыр­жан Еңсепов өз баяндамасында атап өтеді. Сол қозғалыс кезінде Сырлыбай, Баби би, Сартай бастаған шектілер тұтқында болып, Тевкелев құн төлеп басын босатып алған башқұрт Таймас батыр екі жылдан соң 3000 әскермен Кіші жүзге жорыққа аттанып, екі қызының кегін қайтаруға келе­ді. Алғашында Торғай даласында жайбарақат отырған Шекті елін біраз шығынға ұшыратады. Бірақ Сартай, Жылқаман батырлар дереу қол жинап, жаудың бетін қайтарады. Бұл жайлы И.Крилов 1734 жылы 1 мамырдағы патшайым Аннаға жолдаған ақпаратында жазады.
Жылқаман батыр туралы дерект­ердің келесі тобына Гарбер бастаған орыс керуені жата­ды. 1732 жылы орыс патшасының жарлығымен Хиуаға Гарбер керуені ұйымдастырылады. Уфадан шыққан керуен­нің басты мақсаты хиуалық­тарға қару-жарақ жеткізу болаты­н. Әбілқайыр ханға еріп патшаға ант бермеген Шекті руын­а қарсы жорық еді. Осы жайттан хабардар болған Жылқа­ман өзі көрген керуен ізіне түседі. Көз ұшында орыс керуенінің қарасы көрінгеннен кейін, керуенді айналып, Бабидың ауылына жолсызбен туралап тартады. Кеш қарая Баби бидің ауылына жеткен Жылқаман Байғараның құнын өндіріп, кеуілдері бірленген руластарының көңілді отырысының үсті­нен түседі. Жылқаман келген бойда орыс керуенінің теңіздің шығыс беті арқылы, Хиуаға қарай келе жатқанынан хабардар етеді. Орыс қаруымен Хиуа өзбектері қаруланса, ертеңгі күні шабуылдауын айтып, жинал­ғандарға ой тастайды. Сондықтан алдын алып, орыс керуенін Хиуаға жеткізбестен, оларды осы арадан керуендерін тонауға шешім қабылдайды. Орыс керуенінің алды тұзды сордан­ өте бергенде, шектілер садақ оғын жаудырады. Орыс полковнигі Гарбер не қыларын білмей, қатты сасады. Қасындағы жасақтары бірінен соң бірі өліп жатқанын көрген полковник Гарбер ақ жалау көте­ріп, келісімге келуге елші жібереді. Жіберген елшілері хабар жеткізеді. Өздері Кіші жүздің ішіндегі Шекті руынан көріне­ді. Қарулары сойыл-шоқпар, садақ, найзалары бар. Бір жас жігіттің қолынан шұбар құн­дақты орыс “берданкасын” байқадым. Өз еріктеріңмен қаруларыңды тастап, тұзды сордан бері өткендеріңді өлтірмейміз деген талабын жеткізді. Олай болмаған жағдайда бәрінің де аман қалмайтынын ескертті дейді. Гарбердің келіспеске амалы қалмайды. Өзі бастап барлығы беріледі. Керуенге артылған жүк жерлерінен өткен­дігі үшін баж салығына және Тевкелевке қарсы қозғалыс кезі­ндегі шығынның өтеміне алынады. Керуендегі мылтықтар мен оқ-дәрілер, азық-түлік­ке дейін түгелдей тәркіленеді. Бұл оқиға Анна патшайымға да жетеді. Бұл туралы Ресей патшайымы 1732 жылы 7 қазанда Әбілқайыр ханға төмендегідей мәтінде хат жазады: «…полу­чены здесь извести, коим образом киргиз-кайсаки, противно своему обещанию и присяге быть в верном подданстве, полк артиллерии нашей Гарбера и отправленной с ним в Хиву и Буха­ру купеческой караван разграбили и в нем людей и подданных наших до смерти побили» дей келіп, ханға: «…все погре­бленные из каравана сыскать и возвратить, и участников того воровства наказать и вперед от таких противников пос­тупков унимать и жить как добрым и верным подданным принадлежить» – деп талап қояды. Мұны естіген Әбілқайыр хан Батыр сұлтан, Сартай, Жылқаман бастаған Шекті руларының батырларына қатты ренішін білдіреді. Батыр сұлтан алты ата Әлімнің ішіндегі ең беделді Шекті руына арқа сүйеген. Осы аумақтан өтетін керуендерге ықпалын жүргізген. «Особенно показательны в этом отношении стремления Батыра, ставшего во главе части общин многоч­исленного и влиятельного рода Шекты, обособить свои улусы, добиться прохождения караванов азиатских купцов через свои владения и таким образ­ом получить новые источн­ики обогащения», - деп жазады Н.Аполова.
Мұрағатта сақталған бір құжатта орыс үкіметі «Азия керуен­дерінің қауіпсіз жүруі үшін қазақтардың мықты руларының старшындары мен старшын балаларынан жылына төрт адамды, әсіресе, солардың ішінде Шекті руынан ұстап қалу қажет» деп анық жазылған. Құжатта одан әрі «өйткені шектілер – бүкіл қазақ ордасындағы бірінші әрі ең мықты ру. Бүгінге дейін Орынборға тонау­ға ұшырамай келген керуендер болса, онда олар тек шектілер­дің қорғауымен келгендер» делі­нген. [РИССМ.122қ.,   122/2т.,1763-1775, 16 іс, 29-30п.]. Одан әрі мұрағаттық деректе­рді саралап қарасақ, Жылқаман батырдың Сырым Датұл­ы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқанын ай­ғақтайды. Ол туралы мұрағатта былай жазылған. Әлімнің Шекті­сінен, соның ішінде Жақайым­нан жиналған 600 қарулы­ адамдар, Байбақтыдан 500 адам Жемнің жоғарғы ағысына жиналды. Бұлардың саны күнен-күнге арта  бастады. [РФ. СПб., Тар.Инс.Бөл. Воронцов жинағы. 1185-ші 3 рет. 105-106-ші пп.]. Соған қарағанда Жылқаман батыр бұл кезде­ Сырым қасындағы топта болса керек. Патша үкіметінің отарлауына қарсы болған Сырым­ батыр көтерілісшілер жасағын күшейту үшін жер-жерге адамдар жіберді. Осы кезде Шекті руын басқарып отырған би-батырларға арнайы хат жолдап, көмек сұрайды. Сыры­м батырдың хатын алған Сартай би: «Жаныңда Әлімнің туын көтеріп жүрген Сегізбай, Қаракөбек, Шүкірәлі батырлар жүр. Жайықтың бойы қонысың болса, басыңа әлдеқандай күн туа қалған жағдайда келіп паналай­тын Сырдың бойы өрісің. Бұл жақтан бәріміз атқа қонып бет алсақ, ойдан өзбек өргелі тұр. Сондықтан Сыр шектісінің екі мың қолына бас болып Жылқаман батыр атта­нады, өзім іштей тілекші болып Сыр бойында қаламын...», - деген­ мазмұнда жауап хатын жолдайды. Хан мен патша әскеріне қарсы ұрыста Сыр шектісі­нің қолын басқарып барған Жылқаман қос жауырынынан жарақат алады. Жылқаман батыр­ осы азаттық күрестерде де, кейін  де Сырым Датұлымен бірге қартайған шағына дейін қоян-қолтық арласқан. Тағы да дерекке сүйенсек, Зейнолла Шүкіровтың «Сыр бойы» деген тарихи кітабында былай жа­зылған: «Хиуа ханы тұтқындаған­ қазақтың 500 жігітін бір өзі барып босатып алды. Қазақтың хас батырларының бірі, қоқандықтар қамауға алған Сырымды аман-есен алып шықты. Сексен­нің сеңгіріне шығып отырған шағында атқа мініп, қол бастап, өші кеткен дұшпаннан кек қайтарды», - делінген. Осы оқи­ға­ларды сараптай келе, ой түйгенде Жылқаман батырдың Ресейді шын мәнінде қолдамағаны белгілі. Жылқаманның ержүрек батырлығы жөнінде көптеген аңыз әңгімелер ел арасында айтылып келеді. Жылқаман батыр жауға кездескенге дейін атының тартуы тартпасыз, ауыздығы салусыз, мылтығы оқтаусыз, ешқандай дайындықсыз келед­і екен. Бірақ жау көрінген кезде, барлығы дайын болып, жауға қырғидай тиеді екен. Қартайған шағында келген ағайын­дары одан: «Бұл дүниеде­ қандай арманыңыз бар?» – деп сұрапты. Сонда қарт батыр: «Мылтықтың түтінін түтініне қостым, бірақ оғына оқ қоса алмад­ым», – деген екен.
Сайып келгенде, Жылқаман Отыншыұлы - қазақ халқының біртуар ұлы. Жоғарыдағы мұрағат деректерді, естіген және оқыған дәлелдемелерді келтіре отырып, Жылқаман батырдың тарихта ерекше орны бар тұлға екенін танытқымыз келеді.

Дәулет ЕСЕНОВ,

«Болашақ» университеті Тарих факультетінің
3-курс студенті

www.halyk-gazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста