Осы жұрт Жауыртауды біле ме екен?
Арқаның атырабы аңызға сыңсып тұр. Зерттеген сайын зердеге тоқылар тарихы терең. Жер-су атауларының төркіні жыр-дастан, әпсанаға барып тіреледі. Тамсанасыз. Таңданасыз. Дала философиясына шүбә келтіру күнә екен...
Мәселен, кешегі – Жауыртау, бүгінгі металлургтер мекені – Теміртау. Құрышшылар мекенінде Жауыртау атанған шоқы бар. Оның тарихы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырымен тамырлас. Көнекөз қариялар Жауыртау атауын оның сыртқы кескін-келбетімен емес, жырымен, аңызымен байланыстырады. Олардың айтуынша: «Айбас Қозының ел-жұртын іздеуге шығып, астындағы атының одан әрі жүруге жарамай, жауыр болып қалған жері қазіргі Теміртау маңайы болса керек, содан Жауыртау атанған...». Сонымен, Жауыртау туралы жыр не дейді? Енді соған үңіліп көрелік.
«Жетпіс жыл баққан малының жеті жапырақ етін тісіне басуға қимайтын» Қарабай әкесі өлген Қозыны қомсынып, қаша көшетін аңыз бар. Ұзақ көш жолында қырық нары арып өліп, Қарабай Аякөзге келгенде, ноғайлы Шақшақ байдың баласы Қодар Баянға ғашық болады.
Кешікпей-ақ тоқсан мырзасын жалшылыққа берген Қодар Қарабаймен әмпей болып алады. Сонда әбден шарасы таусылған Баян Айбас деген жігітті қанатты қара биеден туған Бақа айғырға мінгізіп, алыста қалған ғашығы Қозыға жібереді. Сәлемдеме деп алтын сандыққа домбырасы мен моншағын, басындағы қарқара қадаған топысын салып берген екен.
«...Сол Айбас тоқтамастан тағы шапты,
Мәнісін тәмам жолдың оймен тапты.
Қыздың берген шідері түсіп қалып,
Шідерті деген өзен содан қапты.
Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
Қарқаралы деген жер содан қапты.
Бір суыткан айғыры шығып кетіп,
Шұбар айғыр жорға деп қоя сапты.
Мінген аты астында жауыр болып,
Жауыртау деп жер атын қоя сапты...»
дейді ел аузындағы жыр.
Қарабайдың қырық нарын жалмаған ұзақ жол Айбастың арғымағына да оңай тимепті. Шексіз-шетсіз сары дала Айбастың өзін де, астындағы тоқпақ жал Бақа айғырды да титықтатса керек. Алайда қаншалықты қалжырап, қажыса да, Айбас Баянның өтінішін орындау үшін Қозы Көрпештің елін бетке алып жүре берсе керек.
Бірақ, амал қанша, елсіз-күнсіз сары дала астындағы аттың титығына жетіп, бір жерлерге келгенде болдырып, тоқырап тұрып қалыпты. Айбас алған бетінен сонда да қайтпайды. Бақа айғырды Тоқырауын бойына тынықтырып алып, тағы да жүріп кетеді ғой. Ай жүреді, апта жүреді. Бір жерлерге келгенде, мінген атының тұяғы сөгіліп, арқасы ошақтай жауыр болып, мүлдем міністен қалған екен. Осынау жауыр аттың қалған жері содан бері Жауыртау атаныпты дейді қыр аңызы (Жартыбаев А.Қарағанды өңірі топонимдерінің мағыналық және құрылымдық сипаттары. – Қарағанды, 1998 ж.)
Айбастың атын арытқан Жауыртау бүгінде Теміртау аталады. Теміртау 1945 жылға дейін Самарқант қалашығы деп аталды. Ал 1945 жылдың аяғында Теміртау қаласы мәртебесін иеленді. Қарағанды облысына қарасты, Самарқант суқоймасының жағасындағы қала. Бұл күнде Теміртауда миллиондаған тонна құрыш пен болат өндіріледі. Әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартады.