Қарлаг – қасірет аймағы
...Көкөзектің бойындағы таспен өрілген молалар айналасы бірер аптада тып-типыл болды. Жалғыз Көкөзек қолатындағы ғана емес, Қарабас стансысы маңындағы, Інжіл ауылы тұсындағы, қазақ мекен еткен сай-саладағы тас молалардың барлығының қабырғасы құлатылып, іргетасынан бастап қопарылып алынып, түрме барактарының қабырғаларына қаланды! Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңын ала Қарағанды көмір бассейнімен бірге іргесі қаланған Қарлаг түрмелері осылай салына бастаған еді. Тарих солай дейді, қасіретті заманды көзімен көрген елдің ұрпағы осылай дейді.
Қарағанды қаласынан оңтүстікке қарата 25 шақырым қашықта орналасқан Спасск елді мекені қазір еліміздің ішкі әскерінің бөлімшесі орналасқан маңызды нысан болып саналады. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Спасскіде Карлагтың әскери тұтқындарға арналған арнайы түрмесі ашылған. Ал Қарағанды көмір кеніштері мен Жезқазған, Балқаштың бай мыс қазынасын игеру үшін тегін еңбек күші мен азық-түлік базасын жасауға жоспарланып ашылған Қарлагтың қақпасы Қарағанды–Жезқазған теміржолы бойында орналасқан Қарабас стансысы болатын. Отызыншы жылдардан бастап Інжілдегі, Спасскідегі және осы маңдағы ондаған түрмеге Қарабасқа пойыз арқылы жеткізілген тұтқындар қысы-жазы жалаңаяқ, жалаңаш шеру тартатын болған. Бұрынғы қазақ «Інжіл» деп атаған, қазір ескі атауы ұмытылып, «Долинка» деген атаумен ел жадына сіңірілген ауыл Қарлагтың астанасы ретінде тарихқа енгізілді.
Жалпы аумағы қазіргі Қарағанды облысының территориясының 80 пайыздайын алып жатқан Қарлаг, оның Жезқазғандағы «Степлаг», Астана маңындағы «АЛЖИР» бөлімшелері туралы жазу бірер мақалаға ауыр салмақ болары анық, бір ғана Қарағандының іргесіндегі Спасск әскери тұтқындар түрмесі туралы әңгіменің өзі – едәуір тарих.
Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы айлардың өзінде сталиндік үкімет Гитлермен жақтас елдердің азаматтарын шалғай даладағы түрмеге мал тиейтін вагондармен әкеле бастаған. Спасскіге ең алғаш болып Қырым түбегін мекен еткен итальяндықтардың аздаған тобы жеткізіліпті. Бұдан соң Еуропаның бірнеше ұлт-ұлысының өкілдері мың-мыңдап тасылған. Бір ғана мысалдың өзі жаға ұстатады: 1944 жылдың 8 наурызында Қап тауларының етегін мекендеген балқарлықтардың бірнеше ауылы 18 вагонға тиеліп, бір күн-бір түнде Сарыарқадан бір-ақ шыққан. 37 мың балқарлық Қарлаг тұрғыны атанды.
Астана–Алматы күре жолының Қарағандыға жетерде 25 шақырымдай қашықта жатқан бауырластар қоғамына ең алғаш болып ескерткіш белгіні 1987 жылы Жапон елінің азаматтары орнатқан болатын. Қына мүжімес қызыл гранитке Жапон елінің өкілдері «Біз әлі ораламыз, бауырлар!» деп қашап жазған. Мұнда соғыс жылдары 22 мыңнан астам жапон азаматы түрмеге отырғызылған еді.
Спасск-Көкөзек қолатындағы шетелдік әскери тұтқындар қолатында қазір әлемнің 17 мемлекетінің басшылығы арнайы келіп орнатқан ескерткіш тастар қалқайып тұр. Жыл сайын бұл маңға Жер шарының түкпір-түкпірінен ресми қонақтар келіп, азалы жылдары қаза болған бауырластарының рухына бас иіп, еске алысып қайтады. Мұнда Қазақстан, Ресей, Жапон, Венгрия, Финляндия, Армения, Румыния, Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Италия, Әзірбайжан, Литва, Украина, Грузия, Қырғызстан және Франция үкіметтерінің тапсырмасымен елдегі елшіліктері орнатқан тас мүсіндер қасіретті жылдардың азалы аурасын күзетіп тұр. 1997 жылдан бастап қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары арнаулы шаралармен аталып өтетіндіктен, сол жылдардан бастап, Спасск қорымында археологиялық қазбалар жүргізіле бастады. Жер қойнына арулап көмілмеген мыңдаған тұтқынның қабат-қабат мүрдесін аршыған археологтер бұл жерде әлі күнге қанша адам жерленгенін дәп басып айта алмайды. Тек антропологиялық зерттеулер мен ерекше белгілеріне қарап қана айырым жасаған. Мәселен, Ұлы Отан соғысының бас кезінде қазақ даласына жер айдалып келген жапондардың қолында алтын білезік, күрек тістері алтынмен апталған екен. Тұтқындардың бойындағы алтынға қызыққан лагерь қарауылдары олардың тісін сындырып, қолын кесіп те алған жағдайлар болған. Археологтер күрек тісі опырылып, сол қолы шынтағынан кесілген мүрделердің жапондықтар екенін бірден айырғанын айтады. Спасскіге арнайы ат басын тіреп келген шетелдік жоғары лауазымды қонақтардың бірнешеуі бұл жерде өздерінің туған аталары жатқанын тілге тиек еткен.
Соңғы жылдары Астана–Алматы арасын жалғап жатқан маңызды күре жолдың осы Спасск қорымы орналасқан тау бөктерлері автокөлік апаттары аса жиі болатын қауіпті аймақ деп саналып жүр. Көкөзек өзенінің көз жасындай құрғаған арнасы ғана қалған сайға қырат басынан құлдилап, күрт бұрылыстары бар тас жол бойында кейінгі бірер жылда он шақты апат болды. Ресми органдар бұл тұсты жолдың көзге шалынатын көкжиегі тым қысқа, жол бұралаң деп түсіндірсе, осы аймақ тұрғындары «бұл арадан көлік жылдамдығын азайтып, мүмкін болса, тоқтап, аялдап өткен дұрыс. Мыңдаған бейкүнә адамның азалы рухы назаланады» деседі. Спасск маңындағы елді мекендердің тұрғындары бұл арада таң бозында көшетін елестер жайлы түрлі аңыз да айтады...
Арқаға қара күз келе Көкөзек қолатын жан-жағынан қымтап жатқан таулар ерекше сұсты реңге ие болады. Жаз бойы осындағы әскери бөлімнің оқу-жаттығу жұмыстары сәтінде жиі-жиі өртеніп кететін қыраттар қарауытып, тасынан қына қашып, топырағынан әр кетеді. Қарауытқан таулар қасіретті, қаралы жылдардың үнсіз куәгері ретінде мүлгіп тұр.