Қызығы мол Қызылқұм
Табиғат-ананың талғамына шек жоқ. Бір аймақ жасыл желекке малынып тұрады. Екіншісінде – мүлдем өзгеше. Өсімдік әлемі өте сирек. Жортқан жан-жануары да көзге ілуде бір түседі. Біз мұндай өңірді шөл және шөлейтті аймақтар санатына жатқызамыз. Қазақ даласының жарымына жуығы осындай қоршаған ортаға орын тепкен. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның 44 пайызы шөлді дала екен. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демей ме, ата-бабаларымыз. Қалай айтсақ та, өзімізге біздің төл топырақтан асқан жаннат жоқ.
Талайдың жағы талғанша мақтайтын келбеті көркем жеріне барғанның өзінде тезірек кіндік қанымыз тамған, ержетіп, есейген атажұртқа жеткенше асығатынымыз сол себепті шығар дейміз. Байтақ елімізде аты ел-жұртқа етене таныс, естігенде елең ете қалатын, көнекөз қариялардан көптеген аңыз-әфсана тыңдап өскен Қызылқұм, Мойынқұм, Мырзашөл, Бетпақдала, Қарақұм сынды көптеген шөлді аймақтар бар. Азияның төрінде қоныс тепкен Қызылқұм шөлі жайында елдің арасында қызықты әңгімелер жиі айтылады.
Қызылқұм Орталық Азияның қақ ортасында жатыр. Негізінен, Қазақстан мен Өзбекстан аумағын алатын шөлдің бір бөлігі Түрікменстан жерін де қамтиды.
Біздің елімізде оның басым бөлігі Қызылорда облысымен шектеседі. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандары Қызылқұм шөлімен жағалай орын тепкен. Қысқасы, Қызылқұм шөлі қазақ жерінің басым бөлігінде жатыр.
Өткен ғасырдың ортасына дейін аталмыш шөлді аймаққа онша түрен тие қоймаған еді. Саясатты желеу еткен жұрт тың жерлерді игеруге білек сыбана кірісті. Қызылдың құмында талай қоныс бой көтерді. Иен жатқан боз дала төрт түліктің өрісіне айналды. Қыруар шаруа атқарылды. Артезиан құдықтары қазылды. Қызылқұм шөлді аймаққа қоныс тепкенмен, оның жерасты су қоры мол екенін айтады мамандар. Өйткені сол бір жылдарда артезиан құдығын қазған мамандар әрбір ауылға сапалы ауызсу жеткізу қиынға түсе қоймағанын тілге тиек етеді. Тағы бір елең еткізерлік жағдай, сол қазылған артезиан құдықтарынан негізінен ыстық сулар атқылап шығыпты. Осындай жерлер Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан бастап соңғы нүктесіне дейін жиі кездеседі екен. Оның сыры неде екенін әлі ешкім біле алмай жүр. Облыстық басылымда ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған Ақберген Ержан ағамыз бірде «Мен сол тақырыпты көп зерттедім. Мамандармен сөйлестім. Әдетте жер астынан шыққан су мұздай болады емес пе? Ал олар қол күйіп қалардай ыстық болады. Неге бұлай екеніне ешкім нақты жауап қайтара алмады», – дейді ол кісі. Жұрттың айтуынша, аталған ыстық судың адам денсаулығына шипасы өте мол көрінеді. Соған түсіп, дертіне шипа тапқан адамдар да бар. Осыған байланысты жердің астынан буы бұрқырап шығып жатқан суды шалғай өңірлерден іздеп келетіндер көп-ақ.
Қызылқұмның жазы ыстық, қысы қоңырқай салқын болады. Күннің шуағын төккен кезін жергілікті жұрт тиімді пайдаланып қалуға тырысады. Денесін салқын алып қалғандар ыстық құмға жатып, содан дертіне дауа іздейді. Расында да, содан кейін ауруынан құлан-таза айығып кеткен кісілер аз болмапты. Дегенмен қазіргі кезеңде бұл әдіс елдің жадынан өшіп барады. Сол маңда тұрса да, ұсақ-түйек сырқатына ем іздеген ел облыс және аудан орталықтарына қарай ағылады. Түрлі дерек көздеріне сүйенсек, кейбір мемлекеттерде оған кәдімгі медицина өкілдері де бет бұрып, ыстық құм арқылы адамдарды емдеуге бет бұрған. Өкінішке қарай, біздің елімізде бұл әдіс әлі күнге дейін кең көлемде қолданылмай келеді.
Шөл дегенімізбен Қызылқұмның қойнауы төрт түліктің жайылымына қолайлы өңір. Бұрынғы жылдарда қойшы таяғын ұстаған ағайын осы бір жерлерге жазғы кезеңде тезірек жетуге тырысатын. Жайлау төсінде мал тойынып, атакәсіпті ардақ еткен жұрттың еңсесі түзеліп қалатын. Қызылқұм төсінен жусан, жүзгін, бұйырғын секілді көптеген өсімдіктер өседі. Қарапайым еңбек адамдары қысқы мал азығын сол алқаптан жинап алатын. Көп жылдар бойы мал шаруашылығында еңбек еткен Әшім Ысқақов ағамыз:
– Қызылқұмның қойнауы малдың жайлы қонысының бірі еді. Сол себепті де шығар, біз ұзақ уақыт бойы сол жерлерді мекен етіп, төрт түліктің қоң жинауына көңіл бөлетінбіз. Қазір соған көңіл бөлінбей барады. Күзге салым етке өткізетін қойларды ала жаздай сонда бағатын едік. Соның нәтижесінде олар жақсы семіріп, қаншама бейнеттің өтеуі қайтып жататын», – дейді.
Рас, Қызылқұмның бұл да шаруа қауымға тигізген орасан зор пайдасы екенін айтпай-ақ түсінуге болар. Сондай-ақ аталмыш өңір жерасты қазба байлығына бай екені де жиі айтылады. Көршілес Өзбекстанның Зарафшан аймағында газ, алтын секілді химиялық элементтер бұрыннан өндіріліп келеді. Ал Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарының Қызылқұм бөлігінде соңғы жылдарда уран кеніне түрен тие бастады. Сонымен қатар, оның Арал теңізімен шектесетін бөлігінде мұнайдың мол қоры бар екенін мамандар жиі айтып жүр. Айтпақшы, дүниежүзінде сұранысы жоғары мәрмәр, графит, таскөмір, алтын секілді дүниелер де осы өңірден молынан табылатынға ұқсайды.
Шөл болсын, шөлейт болсын, Қызылқұм біздің жанымызға жақын өңірдің бірі. Кейбір елдер осындай жерлерде экологиялық туризмді дамытуға ерекше мән беріп отыр. Өкінішке қарай, әлемдегі әйгілі шөлдерден ешбір кем түспейтін Қызылқұм сол баяғысынша бұйығы қалпында сырын ішіне бүгіп жатыр. Оның құпиясының кілтін табуға қашан көңіл бөлмекпіз?..