Ұлтымыз ұлық тұтқан Ұлытау

Ұлтымыз ұлық тұтқан Ұлытау

Ұлтымыз үшін Ұлытау өлкесінің орны бөлек. Қасиетті мекен қазақ жерінің қақ ортасында қоныс тепкен. Салқар даланың төсіндегі Сарыарқаның бауырында жатқан Ұлытау дегенде ұлтымызды ұйыстырған талай оқиға еске түседі. Көзі қарақты көпшілік оны жақсы біледі. Қанында қазақылық қайнаған әрбір адамның бүйрегі бұрып тұратыны сол себепті де шығар, бәлкім... Ежелден ауыздан-ауызға тарап келе жатқан «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе» деген тіркестің де қазіргі күнге дейін бекерден-бекер жетпегенін бағамдаудың ешкімге де қиынға соға қоймасы анық.
Құймақұлақ қарттардың ес біліп, етек-жеңді жи­нап, есейген шағымыздан көптеген қисса-дастанды құ­лағымызға құйып, абыз даланың аңыздарына ай­нал­ған шежірені тарқататыны өткенді ұмытпасын деген ойы екені даусыз. Бір кездері төл тарихқа қырын қарап келгенмен, бұл күннің бедерінде жоғалтқанды қайта тауып, өшкенімізді оралта бастадық емес пе?! Ұлты­мыз ұлық тұтатын киелі мекендердің қадір-қасиетін жете сезініп, оларды лайықты бағалауға көңіл бөлдік. Қазақтың да түп-тамыры тереңнен тартатын ұлт екенін ұғындық. Оған негізгі боларлық мекеннің бірі – осы Ұлытау.
Біздің халқымыз қашанда төрді құтты орын деп санайды. Құдайы қонағын төрге шығарады. Ұлытау да қазақ даласының төрінде орын тепкен. Бұл сәйкестік пе, оны білмедік, әйтеуір, Қазақстанның қай қиырында жүрген жұрт бұл жерге ентікпей жетеді. Өйткені Ұлытау ұлан-ғайыр даланың дәл ортасында жатыр. Шы­ғыс пен батыстан, теріскей мен түстіктен бір мезетте шық­қан адамдар бұл жерге дейін бірдей уақытта жүріп келеді екен. Жұмбағы мол жаратылыстың өзі осы өлкенің нақ ортада орын тебуін қалаған секілді. Расында, Ұлытау қай заманда да қазақтың басын қосатын, ортақ мәмілеге келетін орталығына айналған.
Алты Алаштың туын тіккен жерді де осы мекен деп бағалайды біздің жұрт. Түркітілдес тайпалардың іргесін қалаған Алаша хан да Ұлытау жерінде өмір сүріп, бұл жерде мәңгілік мекенін тапқанын бәріміз жақсы білеміз. Көне таудың құдіреті тек мұнымен шектелмек емес. Кезінде көшпенді тіршілікте өмір сүрген халқымызды бастаған хандар Сарыарқа төсіндегі осы бір салқар өлкеге жайғасуды қолайлы көрген. Жер-жаһандағы жұртқа есімі мәлім ұлы қолбасшы Шыңғыс ханның кіндігінен өрбіген үлкен баласы – Жошы хан ордасының жалауы да қазақ даласының ортасында орын тепкен осы өңірде желбіреді. Алтын Орданың ханы – Тоқтамыстың да ақтық демі Ұлытау жерінде үзіліп, сол жердің топырағы бұйырды. Ордалық ұлы қолбасшы Едіге де осы өлкеде жер қойнына берілген. Әрине, мұндай деректерді тізбелесең, әлі де жалғаса берері даусыз. Скифтердің ержүрек батыр қызы Томирис (Тұмар) ханым да парсы патшасы Кирмен әйгілі шайқасы да осы жерлерде өткені бізге тарихтан белгілі болып отыр.
Ұлытау жері үш жүздің бас қосып, елдің тағдыры мен өмірі таразыға тартылған тұста мәмілеге келетін қасиетті мекеннің бірі болды. Атының тұяғы тимеген топырақ қалмаған Шыңғыс ханның баласы – Жошыдан бастап осы жерде хан сайлау өткен екен. Жеті ғасырдан астам уақыт бойы бұл дәстүрдің үрдісі үзілмеген. Осы мекенде «Хан ордасы» аталатын жер де бар. Онда хандар ақ киізге көтеріліп, хандық дәрежеге ие болған. Бұл қазақтың соңғы ханы – Кенесарыға дейін сол күйінше сақталған екен.
Ғалымдар Ұлытау атауы жөнінде түрліше жорамал айтады. Дегенмен бұл тұрғыда бүгінгі күнге дейін нақты жауап жоқ, Бұл тау қай заманда осындай атауға ие болды? Аталмыш сауал осы күнге дейін жабулы қазан күйінде қалып отыр. Жер-дүниені шарлап, жиһанкез атанған бірқатар ғалымдар араб-парсы тілінде жылнама жазып кеткен. Олардың көбісі ХІІ-ХІІІ ғасырларда қағаз бетіне түскен. Ұлытау атауы да сол кезеңде дүниеге келген болуы әбден мүмкін. Ал өзіміздің зерделі зерттеу жүргізген мамандар оны бұл өңірдің тұрған жеріне қатысты деген әңгіме айтады. Қазақ халық алдында абыройы асқақ, беделі биік тұлғаларға, қасиет қонған киелі өлкелерге осындай тіркесті қоса жалғайды. Ендеше, көне таудың Ұлытау аталуының сырын осы бір жорамалдан іздегеніміз артық болмас.
Қойны-қонышын ақтарсаң, қазақ жері өте бай екені бәрімізге мәлім. Осындай қазынаға талай адам қызығады. Белгілі химик Дмитрий Менделеев түзген химиялық элементтер тізбесінде кездесетін жерасты байлығының барлығы біздің топырақта жатыр. Әсіресе, мыс өндіруде әлемде алдыңғы орында келеміз. Ұлытау жерінде осы металдың бай қоры бар. Оны өндіруді беріде қолға алдық дейді мамандар. Алайда біздің ата-бабаларымыз оны өндіруді ертеде қолға алғанын түрлі жазба деректер айғақтап отыр. Кейбір дүмше ғалымдар «қазақ бұрын мал бағудан басқа кәсіптің көзін білген жоқ» деп жорамал айтады. Оны жоққа шығаратын деректер де кездеседі. Иен даланың иесі атанған көшпелі жұрт кезінде мыс өндіруді де қолға алған екен. Шамамен біздің дәуірге дейінгі X-VIII ғасырларда бабалар мыс өндірудің бабын білген. Металлургия өндірісін жолға қойған. Бұл жайында ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбаларында айтылған. Археологтар беріде Жезқазған өңірінен мыс кендерін қорытқан ескі пештерді тапқан. Қазақтың белгілі ғалымы Қаныш Сәтбаев «Адамзаттың алғашқы мыс өндірген жері – Жезқазған мен Ұлытау өңірі» деген ой-пікірін бекерден-бекер жазып қалдырған жоқ. Жергілікті тайпалар сол кезеңнің өзінде алыс-жақындағы жұртқа мысты сатқан. Олардың қатарында Ирак, Үндістан мен Грекия секілді белгілі мемлекеттер болған.
Сарыарқаның төсінде қоныс тепкен өңірдің көз тартар әдемі көрінісі көрген адамды еріксіз өзіне баурап алады. Көнекөздер қазақ жұртының кіндігі болған өлкені «көлдер мен бұлақтар аймағы» деп те атайды. Расында да, бұл жерлерде сылдырап аққан бұлақтар мен аққу мен қаз қонған айдынды көлдер көп-ақ. Ондағы бұлақ суларының емдік қасиеті де бар. Аң мен құс та жетеді. Өсімдік әлемі де молынан кездеседі. Дәрілік өсімдіктер де жетіп-артылады. Мамандар Ұлытау жеріндегі өсімдіктердің тоқсанға жуық түрі дәрі-дәрмек жасауға пайдасы тиетінін айтады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста