Ел мен Елбасы арасын жақындастырған шешімдер қандай еді?!
«Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын».
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Қазақ үшін Тәуелсіздікке жету қандай қиын болса, оның іргесін сақтап, нығайту жолында да қаншама қиындықтар кездескені біз тәрізді бүгінгі ұрпаққа ұлы тарихтан мәлім. Халықты қиындықтан, дағдарыстан алып шығып, егеменді Қазақ елінің іргетасын нықтай түсуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Оның көрегендігін, маңызды сағаттардағы тапқырлығын, даулы сәттердегі төрелігін қазірде әлем жұртшылығы мойындауда. Абзалында, еліміздің ертеңі, іргеміздің мығымдығы, қазақ мүддесінің еңсе тіктеуі жайында сөз еткенде, Ел мен Елбасы көзқарасы үндесіп жатқанын отандық сарапшылар, белді-белді ғалымдар, зиялы қауым өкілдері де жиі қаузайды. Бұл жайында біраз зиялы қауым «алғаш Тәуелсіздік алған тұстағы Елбасының қазақ мүддесіне қатысты шешімдерде табандылық танытуы, ел тағдырына қатысты жайттарда қайраттылық көрсетуі Халық пен Елбасы арасын жақындастыра түсті. Сондай көрегенді шешімдердің арқасында қазақтың іргесі күннен-күнге нығайып Қазақ елі мызғымас күшке айналды» дейді.
Жалпы, халық азаматтары Елбасының ел үшін қабылдаған шешімдерінің бірі де бірегейі, қазақтың тілінің мемлекеттік тіл ретінде тұғырға көтерілуіне қатысты екенін бүгінде басымдық беріп жиі айтып жүр. Бұл жөнінде профессор, академик Сұлтан САРТАЕВ:
– Кейбір депутаттарға егемендікті жария еткен құжатты қабылдау барысында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «Қазақ ұлты тағдырының жауапкершілігін сезіне отырып» деп келетін тұжырымдар ұнамады. Бұған әсіресе «қызыл» коммунистер қатты қарсылық көрсетті. Қазақ елінің болашағы үшін мемлекеттік тіл туралы аса маңызды құжатты қабылдауды кейінге ысыра бергенді жөн көргендер де болды. Бірақ Елбасы осы тұста мемлекеттік тілдің қазақ тілі болуына айрықша күш салды. Міне, содан бері қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзіндік тұғырында тұр, – деді.
... Рас, қайта құру кезеңінде қос тілділік саясатының болғанын қалағандар баршылық еді. «Қос тіл – қос қанатың» деген жалған ұранмен олар тіпті орыс тілінің де мемлекеттік тіл болуын қалады және соған орай жалаулатқан біршама ресми құжат та қабылданды. Алайда мұндай қаулылардың бойынан орыс тіліне деген іштартушылық анық сезіліп тұрды. Елбасы осы сәтте ұтымды шешім қабылдап, бір ғана қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде тұғырға шығарды. «Қазақстанда мемлекеттік тіл екеу болсын» дегендердің мысын басу үшін ол кездері біраз ұлтжанды зиялы қауым өкілдері де Елбасыға үн қосып, «айыр тілділік жыланға ғана тән» деп қызбаланып та жатты.
Осындай халық тағдыры сыналған сәтте Нұрсұлтан Назарбаев табанды шешім қабылдап, күні бүгінге дейін қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты шараларды қолдап-қолпаштап келеді.
...Ендігі бір қазақтың атын айдай әлемге танытып, баршаны дүр сілкіндірген Елбасы шешімдерінің бірі – бұл Тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуымен тығыз байланысты еді. Тәуелсіздік алар тұста, 1991 жылы тамыз айында Президент Н.Назарбаев «Семей ядролық полигонын жабу туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Осылайша Қазақ елі бүгінгі және болашақ ұрпағының алдына үлкен жауапкершілікті сезінген өнеге көрсете білді. Бұл ретте, саясаттану ғылымының кандидаты, Марал ТӨРТЕНОВА былай дейді:
– Қазақстан жаңа әлемге — ядролық қарудан азат әлемге әзірленген еді. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, ядролық қатерді жоюдың табанды жақтаушысы болып қала берді. Бүгінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстанның көшбасшылығын халықаралық қауымдастық мойындайды да, ерекше құрметтейді де.
...Тағы бір айрықша астар беруі тиіс дүние бұл – Қазақ елінің тәуелсіздігін нығайта түсу мақсатында Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясының өмірге келгендігі. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Бұл жайында отандық сарапшыларымыздың дені: «Қазіргі он жеті жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдарда өзін қазақтың бел баласымын деп сезінетін өзге ұлт өкілдері басымдық бере бастады. Ассамблея құру Елбасының ұтқыр идеясы болды», – деген-ді.
...Негізінде, алғаш тәуелсіздік алған тұстардағы ұтымды шешімдер қазірде нәтижесін бере бастағаны хақ. Мәселен, 1993 жылы ел Президентінің Жарлығымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылған болатын. Бағдарламаның пайда болуы да уақыт талабына сай келді. 1994 жылдан бастап, 2004 жылдары «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 700 стипендиат әлемнің 13 елінде білім алды. Қазірде «Болашақ» халықаралық стипендиясы табысты өсудің және оның түлектерінің мемлекетке кәсіби тұрғыда пайдасын тигізуінің өзіндік кепілі бола алды.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Индустриялық-инновациялық даму, білім және ғылым, менеджмент, маркетинг, логистика, жаңа ақпараттық технологиялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау және басқа саладағы мамандар қажеттілігі үнемі артып отыру үшін мұндай бағдарлама бізге қажет болды. Мемлекет басшысының «Болашақ» халықаралық стипендиясы дер кезінде тетікке қосылды. Қазірде бұл бағдарлама бойынша ғылыми және педагог қызметкерлерге, ауыл жастарына, мемлекеттік қызметкерлерге арнайы квоталар енгізілді. Бағдарлама шеңберінде алынатын білім сапасын арттыру мақсатында шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтары мен зертханаларының тізімі қысқартылуда. Болашақта оған әлемдік рейтингте жетекші орындарда тұрған үздік университеттер ғана кіретін болады. Бұл бағдарлама қазақтың саналы, сауатты жастарының көбеюуіне мұрындық болғаны сөзсіз.
Тағы бір басымдық беріп айтар дүние – қазірде Қазақ елі өзінің Тұңғыш Президентінің сарабдал саясатының арқасында күллі дін өкілдерін бір орталыққа жинап, үнқатысуға, татулыққа шақыруда. Елбасының бастамасымен бірнеше мәрте әлемдік дінбасылардың съезінің өтуі – соның кепілі. Бұл жөнінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезінде Израильдің сефрад раввині Шломо Амар дінаралық татулық қауіпсіздік кепілі екеніне тоқтала келе: «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтармен қатар, діннің, мәдениеттің, қоғамның басын қосқан «жаңа Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды», – деген еді.
Міне, осындай салиқалы саясаттың арқасында бүгінде Қазақ елін тәуелсіз мемлекет ретінде дүниежүзінің жетекші елдері таныды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүшелікке қабылданды. Қазақстан адам құқығының БҰҰ ортақ декларациясымен бекітілген құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, дүниежүзілік қауымдастыққа лайықты түрде қосылуға ұмтылатынын, алған міндеттемесін мүлтіксіз орындайтынын нық мәлімдеді. 1992 жылы каңтарда Қазақстан өзінің тұңғыш алтынын шығарып, мемлекеттің алтын қорын жинауды бастады. Бүгінде соңғы жеті жылда Білім және денсаулық саласын қаржыландыру 10 есеге дейін өскен. Жалпы, ішкі өнім көлемі де жыл сайын артып келеді. «Ендеше, ұлттық қорымыз толыға түсіп, болашақта халқымыздың әл-ауқаты жақсара түссін десек, Мемлекет басшысының саясатын үнемі електен өткізіп, қолдау көрсеткеніміз абзал», – дейді біздің сарапшылар.