Ұлы тұлғалар ғана ұлы қадамдарға бара алады
Тарихты халық қана емес, ұлы адамдар да жасайды. Даму дөңгелегін ұлы қадамдарға бұра алатындар да – сол ұлы тұлғалар. Ал ондай ұлы тұлғалар маңдай бағы жарқыраған жұрттың тағдырына туады. Қазаққа қырын қарамаған Құдай ел пейіліне сай етіп кенге тола байтақ даланы ғана емес, сол дала халқына басшы болатын дананы да берді. Дана басшы сілтеген даму дөңгелегі елдігіміз бен ерлігімізді теңестірді. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерендігі. Елбасының ерен екенін ел ғана емес, әлем айта бастады, бұл да – Президенттің талайлар теңесе алмайтын тұлғалығы.
Көрегенділік
«Мемлекеттердің іргесін салған, негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді, даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәселенің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты». Әлемдік саясатта «Темір леди» атанған Маргарет Тэтчер ханым Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасына осылай деп алғы сөз қалдырыпты. Осы алғы сөзінде марқұм Маргарет ханым «Көшбасшының болмысы алда болатын оқиғаларды қандайлық деңгейде анықтайды? Оқиғалар көшбасшының болмысын қандайлық деңгейде танытады?» деген сұрақтарға тоқтала келе: «Бұған жауап іздеген тарихшылар тұтас томдарды жазып тастар еді. Алайда мұндай көшбасшылар өздерінің соңында тарихтағы маңызды іздерін қалдыратыны даусыз. Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп, Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді», – деп жазған екен. Сөйтіп, әлемдік деңгейдегі саясаткер Маргарет Тетчер Назарбаевты «қалыпқа сыймайтын тұлға» десе, енді бір дара саясаткер Үлкен Джодж Буш «ол – болашақты болжай алады» деп таңырқайды.
Тынымсыз еңбек
Шындығында, Тәуелсіздіктен бері жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында тынымсыз күш жұмсаған бірден-бір тұлға Назарбаев екендігі даусыз. Мұны Қазақстан халқы баяғыдан-ақ мойындап қойған. Ал жақында ғана «Дағдарыстан кейінгі әлем» атты халықаралық қор өздерінің тәуелсіз зерттеулерін жалпақ жұртқа жария етті. Аталмыш қор әлемнің 63 елінен 300-ден астам білікті сарапшыларды, сақа саясаткерлер мен журналистерді тарта отырып жүргізген сауалнамасында «мемлекет басқарған жылдарында өз елінің дамуы мен табыстарға жетуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар кім?» деген сауалды көлденең тартады. Сауалнама нәтижесінде «еліне өлшеусіз еңбегі сіңгендер» арасында лидерлікке Германия федералдық канцлері Ангела Меркель орныққан екен. Одан кейін Қытайдың бұрынғы басшысы Ху Цзиньтао, Ресей Президенті Владимир Путин, Венесуэланың өмірден озған басшысы Уго Чавес, сосын Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Осылайша, елін ұшпаққа шығарған әлемдік ең мықты тұлғалардың бестігінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін халықаралық сарапшылар атапты. Сөзсіз, бұл әлемдік қауымдастықтың еліміз бен Елбасымызға берген зор бағасы болса керек.
Ерекше батылдық
Дара тұлға Н.Назарбаевқа баға бергенде беделді саясаткерлер, ең алдымен, Елбасының ешкімнің ойына келе бермейтін, жалпақ жұрттың жанына бірдей жаға бермейтін, солай бола тұра, өміршең маңызы бар шешімдерді қабылдаудағы ерекше батылдығын алға тартатыны бар. Дәл осындай баршаға бірдей жаға бермейтін, бірақ әділ де нұрлы жол мен көреген шешімдер Тәуелсіздіктен бері аз болды ма? Ал әйгілі кезеңдегі астананы ауыстыру туралы алғаш айтылғанда «ауыстырып қайтеміз» деп кейігендер қаншама? Солардың өзі бүгінгі мүлдем басқаша жағдайға қарап, сөзсіз Елбасы көрегендігіне бас ұрады. Оны былайғы жұртты қойып, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында зиялы қауымның, саясаткерлерінің, тіпті үзеңгілестерінің өздері мойындап жатыр емес пе? Шындығында, сол кездері жұртшылыққа жаға бермейтін жағдайға қойып кету, содан тайсалмай, абыроймен халықты алып шығу, ақыры елін соңынан ертуге келгенде Елбасы ерендігі бәрібір мойындатады. Мұндай жағдай туралы Президент Н. Назарбаевтың өзі бір естелігінде: «Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиісті жаққа жетелеуге тура келді», – деп айтқаны есте. Ендеше, елдің еркінен тыс, барғысы келмеген тұсқа жетелеп жеткізген Елбасыға ең алдымен елорда үшін алғыс айтуға тиісті емеспіз бе? Есілдің бойына жағалай ел қондырған Елбасының бұл ерлігін халқы ұмыта алар ма?
Қазіргі Астана, елдік тұрғыдан алсақ, экономиканың қуатты қозғалтқышына ғана емес, барша қазақстандықтарды біріктіретін, сонымен бірге халықты ұштастыратын ұлттық идеяға айналды. Өйткені Отанымыздың жүрегі де, Тәуелсіздіктің тірегі де – осы Елбасының ерендігінен туған елорда.
Олай болса, Елбасының дара тұлғасына біткен сарабдал қасиеттеріне есімі елге, әлемге белгілі адамдардың әркездері айтқан пікірлерімен бойлап көрейік.
Жаһандық деңгейдегі көшбасшы немесе «Назарбаев феномені»
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:
– Бүгінгі әлемде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев секілді дана, тәжірибелі, рухы жоғары әрі көзқарасы жан-жақты саясаткер жоқ-ау, сірә! Содан болар, шетелдерде Қазақстан Президентін жаһандық деңгейдегі басшы деп санайды. Соның ішінде бейбіт өмір үшін күресетін әлемдік лидерлер Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан кезде, ең алдымен, ядролық қарусыздандыру, оның Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығын еске алады. Себебі тарихта дәл мұндай бастамалар еш уақытта болған емес. Тіпті қазіргі мемлекет басшыларының біреуі де осы іспетті қадамға бара алған емес. Меніңше, біздің Президентіміз «Назарбаев феномені» деген теңеуге әбден лайық. Ал Оның тұлғасын зерттеу үшін әлі біраз уақыт қажет болады.
Никита МИХАЛКОВ, белгілі Ресей кинорежиссері:
– Назарбаев – нағыз ел ағасы. Ол тыңдап қана қоймай, ести де біледі, менің ойымша, бұл – төбесі көкке жеткендердің көпшілігінің бойынан табыла бермейтін аса сирек қасиеттердің бірі. Ести білу де аз. Шешім қабылдай білу керек. Төзім керек. Аяныш керек. Билікті аңсаған жанның соры қалың. Мұндай жан оған тоймақ та емес, оны қоймақ та емес. Мұндайда оның қабырғаны қайыстырар ауыртпалығына қарамай, қажымай-талмай алға сүйреген жанды айт! Түсіне тұра, біле тұра, мемлекеттік мүдделердің үскірік желінің өтіндегі саяси биліктің ұшар биігіне шыққан жанның қашан да серігі болатын құлақ тұндырар жалғыздықты қыңқ етпей көтере білген жанды айт!
Абдулла ГҮЛ, Түрік Республикасының Президенті:
– Әр келгенімде гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның даму қарқыны мен Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның көрегенділігін бейнелейтін ең үлкен туынды. Соның ішінде Астананың құрылыс жұмыстарына түрік фирмалары мен жұмысшыларының да үлес қосуын түрік-қазақ ынтымақтастығының ең әсем нышандарының бірі деп білеміз.
Ли Мен БАК, Корея Республикасының Президенті:
– Корея Қазақстанмен кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге әзір. Қазақстан Орталық Азиядағы белді мемлекет болып табылады. Ал Нұрсұлтан Назарбаевты мен әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп білемін. Оның басшылығымен Қазақстан дамудың қайран қаларлық биігіне көтерілді.
Манмохан СИНГХ, Үндістан премьер-министрі:
– Барша қазақстандықтардың Нұрсұлтан Әбішұлына соншалықты сеніммен қарауы Оның еңбегінің айқын бағасы болып табылады. Әсем де зәулім Астана – Президенттің жасампаз басшылығының символы. Мен Қазақстан халқының тамаша өркендеуін, елдеріңіздің бай мәдениетін көрдім. Бізде барлық мәселелер бойынша толық түсініктер бар. Қазақстан өзінің дана және көреген Президентінің басқаруымен табысты дамуын жалғастыратындығына сенімдімін.
Эмомали РАХМОН, Тәжікстан Республикасының Президенті:
– Ашық-жарқындығы, шыншылдығы, тартымдылығы, адамға деген сүйіспеншілігі – мұның бәрі де Нұрсұлтан Әбішұлының табиғатына тән қасиеттер. Қазақ жұртының, елінің көп ұлтты халқының алдындағы, тарихтың алдындағы жоғары жауапкершілік сезімі оның бойынан әманда ажыраған емес. Ол ұлы ұйымдастырушы ретінде Қазақстанды кеңестен кейінгі кеңістіктің дамыған мемлекеттерінің біріне айналдырды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстары – тағылым аларлық. Нағыз басшы ғана осындай нәтижелерге жете алады, бұл жағынан алғанда, Нұрсұлтан Әбішұлы – өз халқының даусыз басшысы.
Пан Ги МУН, БҰҰ Бас хатшысы:
– Қазақстан Президентінің көреген саясаты болмағанда, бұл өңірдегі халық әлі күнге дейін сынақтардан зардап шегіп отыруы мүмкін еді. Н.Назарбаевтың Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құру бастамасы Солтүстік жарты шарда ондай аумақ тұңғыш рет құрылғанын зор ризашылықпен айта аламын.