Алтын адамға
С. Ғабдуллаұлы
«Алтай асу» жинағы, Алматы, 2002 ж
Алтын адамға
Қанағат ап қиялдың қанатынан,
Асуында арманның таң атырған.
Ұлылық та ұлағат ұясында
Жнартаудың тасынан жаратылған.
Қанипа бұл,-шыбыны шырқыраған,
Сай-сүйегі сау жүріп сырқыраған.
Аузын ашса, Алтайдың самалы есіп,
Жұпар иісі Сайханның бұрқыраған.
Қанипа бұл,- торғайдай шырылдаған,
Ұлты үшін жан-сөлін сығымдаған.
Тораңғыдай тамырын терең тартқан
Сексеуілдей дауылға жығылмаған.
Қанипа бұл,- тәлімді жетелеген,
Асқарына білімнің төтелеген.
Алатаудай абырой жинаса да,
Биіктемей жүреді бетегеден.
Қанипа бұл,- бет-жүзге қарамайтын,
Сөзбен өлшеп, санамен саралайтын.
«Мың өліп, мың тірілген қазағымның»
Тағдыры тек жүрегін жаралайтын.
Шалғайына оралып шалағай күн,
Қорласа кейкезде нала-қайғы.
Аруақтанып кететін Қанипа бұл,
Қарсы біткен бұтаға қарағайдың.
Тас бұлақтай санасы сарқыраған,
Ақ айдындай жүрегі жарқыраған.
Көктемедей көңілі мөлдіреген,
Табиғаттың тумасы – Алтын адам.