Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы (1945 - 2014) Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі
1945 жылы- Шығыс Қазақстан облысы , Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. Жаңашыл ұстаз, профессор.
1968 жылы- Семей педагогикалық институтын бітірген.Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
1968-1980 жылға дейін Ласты ауылында мұғалім болды.1980 жылы- Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы облыстық мектеп-интернатында ұстаздық қызметі жалғасады. Осы кезеңдерде еліміздегі ұстазға берілетін атақ, дәреже мен құрметтің барлығын алды. Ұстаздардың ұстазы, халық мұғалімі аталды. Авторлық мектептің жетекшісіне айналды. Қ. Бітібаеваның есімі, атағы Республика жұртшылығынан асып, ТМД елдеріне дейін жайылды.
1980 жылы Тарбағатай аудандық «Ленин туы» газетінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы қалыптасқан тәжірибесінен Оқу министірлігі , Шығыс Қазақстан облыстық оқу бөлімі мен облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының ұйымдастыруымен арнайы бет плакат шығарылып, аудан мектептеріне таратылды. Оқу министірлігі мен орталық білімін жетілдіру институтының негізінде республика теледидарының «Шапағат» хабарында «Әдебиеттегі оқытудың тиімді жолдары» атты хабар беріліп, іс-тәжірибесі талқыланды. 1983 жылы Қазақ ССР Оқу министірлігі мен республикалық мұғалімдер білімін жетілдіру институты тарапынан оның «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың тиімді жолдары» атты тақырыппен тәжірибесі арнайы бет плакат арқылы шығарылып, республика ұстаздарына таратылды. «Әуезов шығармашылығын оқытудың өзекті мәсәлелері» атты тәжірибесі сараланды. Осы уақыттардан бастап Қанипа Омарғалиқызының Мұхтар Әуезов шығармаларын, Абай ілімін оқытудағы өзіндік жолы, шығармашылығы қалыптаса бастады.
Көлемді де құнды, еліміз бойынша барша оқу орындарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандары арасында қолданылып келе жатқан 15 монографиялық еңбек туды. «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары», «М. Әуезов шығармашылығын оқыту», «Абай шығармашылығын мектепте оқыту», «Абай және Әуезов үндестігін оқыту», «Абайды таныту», «М. Әуезов мектепте», «Әуезовті оқыту әдістемесі» шығармалары республика мұғалімдер қауымынан қызу қолдау тапқан.
Сонымен қатар 6 оқу курсының авторы болып табылады. Олардың қатарында «Абай мектепте», «10-11 сыныптарда қазақ әдебиетін тереңдетіп оқыту», «М. Әуезовты оқыту» атты кітаптары бар. Аталған кітаптар облыстағы қазақ тіліндегі орта мектептерінде негізгі оқулық ретінде тұрақты түрде оқытылып келеді. Республикалық ғылыми-педагогикалық журналдарда жарияланған 50-ден астам ғылыми-әдістемелік мақалалардың да авторы болып табылады.
1991 жылдан Өскемен қаласында Қ. Бітібаеваның республикалық атаулы мектебі жұмыс істейді. Ұстаздың іс-тәжірибесі туралы бірнеше оқу фильмдері түсірілген.
imena.pushkinlibrary.kz