Тараздық жас талант халықаралық олимпиадада топ жарды
Ресейдің Екатеринбург қаласындағы «УрФО» ұстаздар үйі ұйымдастырған бастауыш сыныптардағы ғылым негіздері бойынша Халықаралық Олимпиадада математика пәнінен Тараз қаласы №1 лицейінің 1-сынып оқушысы Асылай Жапарбек топ жарып, 1-орын алды. Осыған орай Ресей елінен оқушының ата-анасы Мақұлбек Мырзақұловқа және Айдын Өмірбаеваға ғылымға қызушылығы бар жас талантты тәрбиелеп отырғаны үшін Алғыс хат келді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Олимпиаданың мақсаты – екі елдің мәдениетаралық қарым-қатынас аясын кеңейту және байыту, жаратылыстану пәндері бойынша мектеп оқушыларының шығармашылығын арттыру, белгілі бір ғылым саласына баланың жастайынан қызығушылығын анықтау және оны дамытуға жағдай жасау, ынталандыру болып табылады. Аталмыш іс-шара бастауыш мектеп оқушыларының білімін тексеруге, дамудың жаңа кезеңінен өту үшін жоғарғы орта деңгейіндегі оқыту дайындығын анықтауға арналған.
«Әр адамның өзінің интеллектуалдық қабілетін тексеруге және оны бағалауға байланысты іс-шараларға қатысуына мүмкіндігі бар. Біз өткізген Олимпиаданың бірінші кезеңінде Қазақстанның Тараз қаласынан қатысқан Жапарбек Асылайға сертификат табыс етілді, екінші кезеңінде – диплом, мұғаліміне – грамота, мектеп әкімшілігіне алғыс хат және қатысушылардың ата-аналарына электрондық формат түрінде алғыс хат берілді. Кішкентай бүлдіршін Асылайдың мектебіне, ата-анасына алғысымызды айта отырып, алдағы уақытта оның интеллектуалдық дамуына табыстар тілейміз»,- дейді Карлова Университетінің (Прага) профессоры, доктор Б.Янски.