Қатерлі зілзала қалдырған із
2011 жылы 11 наурызда болған табиғат катаклизмі жапондықтар үшін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі халық басына түскен ең орасан нәубет болды. Жапондық тарихшылар мұндай қуатты зілзала (магнитудасы 9.0 балл) мың жылда бір қайталанатын құбылыс деп санайды. Сондықтан да таң шапағы елінде өткен жылғы жер сілкінісін Ұлы шығыс зілзаласы деп атау үрдіске айналып кетті. Табиғаттың тосын мінезін заңдылық деп мақұлдайтындай...
Зілзала эпицентрі Токиодан 373 шақырым қашықтықта, солтүстік-шығыста, Тынық мұхитының 24 шақырым тереңдігінде тіркелді. Бұл – әлем тарихындағы төртінші ең қуатты жер сілкінісі. Әупірімі – әлі күнге көз алдымызда. Теледидарға телмірген әлем жұртшылығы Жапонияның шығыс жағалауын әуелі зілзала сілкіп, ізінше биіктігі 10-12 метрге жеткен цунами соққанын, әрі қарай Фукусима префектурасындағы Атом электрстансысындағы төтенше жайтты қадағалады. Талай қасіретті көрген халықтың мұндай нәубетке ұшырайтындай жазығы жоқ еді...
Дайындыққа – 90 секунд...
Токиодағы кездесу кезінде Қалалық жердегі табиғат апаттарымен күрес жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының төрағасы, профессор Коидэ Осаму «Сіздер жапон аралдарындағы жер сілкінісі дегеннің не екенін кеткенше әлі-ақ сезінесіздер» деп ескерткені бар еді. Біз, Орталық Азия мен Кавказ елдерінен келген журналистер, біріміз мұны әзілмен қабылдап, екіншіміз іштегі үрейді бүгіп сыр бермедік. Жер сілкінісін табиғат құбылысы ретінде қай-қайсымыз да өз жерімізде сезініп жүрміз. Армениялық әріптесімізбен әңгімеде 1988 жылы Спитак қаласын жермен-жексен еткен апатты есімізге алдық. Сол апатта армян халқына бүкіл Одақ болып көмектесіп, жәрдем жөнелттік. Мектебімізде «Армян халқына көмек» деген үндеумен жәрмеңке өткізіп, анамның пісірген тоқашын сатып, өзімнің де үлесімді қосқанымды еске алдым.
Профессор ескерткен, біз күткен жайт екі күннен кейін Сендай қаласында, қонақүйде болды. Түн ортасында 29-қабаттағы бөлменің алдымен терезесін сықырлатып, сосын 35 қабатты ғимаратты толықтай сілкіп, бірнеше секунд тербелтті. Ал миллионнан астам тұрғыны бар Тынық мұхиты жағалауындағы қала тіршілігі – сол қалпында. Бұл – жерасты дүмпуі жиі қайталанатын аймақтағы үйреншікті құбылыстың бірі ғана.
Өткен жылғы оқиғада Миаги префектурасында зілзала зардабын шеккен ең ірі мегаполис осы Сендай қаласы болатын. Күшті жерасты дүмпуі алдымен Хонсю аралының солтүстік-шығысында жағалау бойында шоғырланған елді мекендерді дүр сілкіндірді. Бір сағаттан кейін мұхиттан жойқын цунами жетті. Жер мен судың соққысы жағалау жұртын есеңгіретіп тастады.
Апат ауқымын аңғартқан алғашқы телевизиялық кадрлар Сендайда түсірілген. «Бірінші, ең күшті жерасты дүмпуінен кейін электр энергиясы жоғалды. Сондықтан да жағалаудағы жұртқа цунами туралы ескерту мүмкін болмады», – дейді Жапонияның NHK қоғамдық телевизиясы халықаралық жаңалықтар бөлімінің тілшісі Исикава Синсукэ.
Бірақ зілзала туралы шұғыл хабар заматында ұлттық телеарнадан таратылған. NHK мен Жапония метеостансысы шұғыл хабарлау жүйесін әлдеқашан енгізген. 11 наурыз оқиғасында, мұхиттағы жерасты дүмпуінің толқындары құрлыққа жеткенше елдің әр нүктесінде шоғырланған 1000 сейсмограф 90 секунд бұрын алдын орап, Токиодағы метеостансыға P, яғни дабыл сигналын жеткізген. Ал информацияны қабылдаушы орталық жалпыұлттық телеарнаға қосылған жүйе арқылы автоматты түрде дабылды дереу таратқан. Телеэкранда өздігінен пайда болатын таблода зілзала тіркелген аумақ және жерасты дүмпуінің магнитудасы туралы алдын ала дерек келтіріледі. Екінші S сигналы – зілзала тербелісі жеткен кезде таратылады. Әйтсе де алғашқы дабыл ел аумағындағы пойыздарды тоқтатып, халықтың апатқа даярлануына мүмкіндік берген.
Жапондық журналистер бұл жолы да жедел қимылдаған. Алғашқы P сигналы түскен бойда әуеге нақ зардап шеккен аудандағы тілшілер бюросы көтерілген. «Елдің әр аумағында тілшілеріміз бар және олар техникамен жақсы жарақталған. Сендай әуежайында өз тікұшағымыз тұр. Сәтін салып, зілзаладан бірнеше күн бұрын ұшқыш тікұшақты қауіпсіз, биік жерге қондырған екен. Әуежай мен ұшу алаңы зілзаладан қираған сәтте Жаңалықтар қызметінің көлігі аман қалды. Соның арқасында апат болысымен, цунамидің алғашқы толқыны жеткенше, телеоператор мен тілші мінген әуе транспорты аспанға көтерілді», – дейді директор. 10 метрлік жойқын толқынның өз жолындағы ғимараттар мен көліктердің астан-кестеңін шығарып, бірнеше шақырымға тарағанын тікелей эфирде таратқан осы түсіру тобы болатын.
Апаттан кейін NHK эфирі зардап шеккен аудандардан шұғыл хабар таратуға арналды. Ізінше, наурыз апатымен ілескен тағы бір жұт – Фукусима префектурасындағы Атом электрстансысындағы ахуалды бірнеше апта бойында назарда ұстады.
Зілзаладан кейінгі Сендай әуежайы
Ұшу алаңындағы толқындар
Жағалаудан үш шақырымдай қашықтықта орналасқан Сендай әуежайында былтырғы оқиғаның ізі де байқалмайды. Әуежай терминалын толтырған судың біліктігі бағанда көк жолақпен нұсқалған – 10 метр. Өткен наурыздағы оқиға туралы еске түсіретін белгі – осы ғана. Халықаралық әуежай қыркүйек айында ғана әуе қатынасын толықтай жандандырды. «Бізге келу қазір қауіпсіз, туристерді қабылдауға дайынбыз», – дейді «Сендай әуежайы» компаниясының таратушы директоры Охиру Тэруо. Ол бір жыл бұрынғы жағдаят туралы ыждағатпен баяндап беруге дайын. Өйткені оқиғаның ортасында өзі болған.
Цунами толқындары жазықта орналасқан әуежайға тез-ақ жетіпті. Бірақ рейсті күткен жолаушылар мен әуежай қызметкерлері – барлығы 1695 адам, жоғарғы қабатқа шығып үлгерген. Байланысы үзілмейтін тасымал орталығына цунами қаупі туралы ескерту дер кезінде жеткен.
Жапонияда да апат кезінде бас сауғалайтын жер – мектептер мен стадиондар. Ең жақын орналасқан әуежай да эвакуация орталығына жатады. «Төңіректегі тұрғындар да біздің терминалға ағылды. Бәрі үшінші қабатқа көтеріліп үлгерді. Адам шығыны болмады. Бірақ су тартылғанша, екі күн бойында 3000-ға жуық адам аралда қалғандай күн кешті. Күн суық. Жылу мен жарық жүйесі істен шықты. Қолымызда бар-жоғы 200 көрпе болды. Эвакуацияланған адамдар, олардың арасында осы аудандағы Қарттар үйінің тұрғындары да бар, кезек-кезек жамылып шықты. Азықтан тек кондитерлік тағамдар ғана. Әр адамға бір тәтті тоқаш пен 500 мл су тараттық. Әйтсе де халық арасында дүрбелең болған жоқ. Ақырын сабырмен күтті», – дейді директор.
Үшінші күні жағдай қалыпқа түсіп, теледидарды қосқанда, Сендай әуежайының қызметкерлері әуежай ауданы қандай жағдайға душар болғанын көріп, апат ауқымына сонда ғана көз жеткізген.
Солтүстік-шығыс өңірдегі ең үлкен әуежайды қалпына келтіруге 4 миллиард йен (4 млн 837 мың $) жұмсалған. Ұшу алаңын жөндеген, байланыс жабдықтарын жаңартқан және ғимаратты қайта қалпына келтіріп, сейсмикалық мығымдығын күшейткен. Қаржыны үкімет пен префектураның жергілікті атқарушы органы үстеме өсімсіз несие түрінде берген. «Өкінішке қарай, терминалды алдын ала сақтандырып үлгермегендіктен, қосымша өтемақы алу мүмкін емес» дейді директор.
Су басқан аудан
Цунамиден кейін
Сендай орталығынан сәл алыстасаңыз, Тынық мұхиты тиіп тұр. Толқынды жағаға соққан мінезіне қарап, былтырғы ахуалды да еске түсірсек, тынық деуге келмейтіндей... Цунами шайғанына қарамастан, толықтай қалпына келтірілген асфальт жолмен жағалаудағы аудандарды аралап келеміз. Алдымен көзге түскені тау-тау болып үйілген қоқыстар болды. Бұл – тұрмыстық қалдық емес. Су тартылғаннан кейін бір жерге жиналған қирандылар. Қоқысты қайта өңдеу технологиясын дамытқан жапондықтар үйінділер маңына кәсіпорын салып қойыпты. Темір-терсекті басқа жеңіл заттардан бөліп, қайта өңдеуге жібереді. Ал тез жанатын басқа заттарды биологиялық тәсілмен утилизациялап жатыр. Қоқыстан құрлық салатын тәжірибесі тағы бар.
Жол бойындағы иесіз үйлердің сау-тамтығы қалмаған. Бұл мекенге енді ешкім оралмайды. Өткен жылғы оқиғадан кейін Жапония үкіметі теңіз жағалауына жақын аудандарда жеке тұрғын үй құрылысын салуға тыйым салды.
«Бірақ қайтып келгісі келетін адамдар көп. Әсіресе үйренген жеріне қарттардың оралғысы бар» дейді біздің көлікті жүргізуші. Бұл ауданның ахуалын ол үкіметтік гидтен кем білмейді. Апат қарсаңында ғана осы жерден қалаға көшіп кеткен.
Жүргізуші жол бастап, зардап шеккен аудандардың тұрғындары өмір сүріп жатқан Уақытша паналау лагеріне келдік. Сендайда осындай бірнеше орталық бар. Біз соққан Асто Намагачи ауданындағы лагерьде 220 адам тұрады. Жалпы, ел бойынша былтырғы апаттан кейін 200 мың адам далада қалды. Солардың жартысы уақытша баспаналарда күнелтуде.
Қалалық жердегі табиғат апаттарымен күрес жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының төрағасы, профессор Коидэ Осаму баспанасыз қалған әр адамға 30 шаршы метрлік уақытша баспана берілгенін айтқан. Әулеттегі адам басына сай шаршы метрлер де қосылады. Үкіметтің жоспары бойынша, үй-күйсіз қалғандар бұл жерде екі жылдай тұрақтайды. Екі жылдың ішінде тұрғындарға өтемақы төлеу, жәрдемақы бөлу, қайырымдылық жолмен түскен қаржыны үлестіру жұмыстары атқарылуы тиіс. Сол қаржы жаңа үй көтеруге жеткілікті ме? Бұл сұрақтың жауабына сәл кейінірек тоқталамыз...
Асто Намагачи – тіршілігі қайнаған аудан. Соның ортасында вахталық жұмысшылардың тұрағына ұқсас үйшіктер тұр. Уақытша тұрып жатса да, тұрғындар өз кварталына ұқыпты қарайтын сынды. Кеңсе ретінде пайдаланылатын кіреберістегі ғимаратта уақытша көшіп келгендердің жалпы тізімі, атқарылуы тиіс жұмыстардың кестесі ілінген. Қабырға толы балалардың қолымен салынған суреттер. Бұл жердегі балақайлар көбіне не салады? Әрине, әсем де еңселі үйдің суретін.
72 жастағы Такесаки Хидэяки есік алдында гүл суарып жүр. «Сіз бұл жерден көшкіңіз келмейтін сияқты», – деймін. «Цунами шайып кеткен үйімнің алды бау-бақша болатын», – дейді алыстан келген шетелдіктерге ақтарылып, қуанышын жасырмаған ақсақал. Айына 30 мың йен зейнетақы алатын қарт уақытша орталықта электр қуаты мен мен судың құнын өзі төлейді.
«Менің алты бөлмелік, екі қабатты үйім болған. Алдымен зілзала қиратты, сосын су шайып кетті. Қайта өзім үйде болмай, аман қалдым», – дейді жалғызбасты қария.
«Такесаки секілді қарттар аз емес. Тек Миаги емес, зілзала мен цунамиден зардап шеккен басқа да префектураларда жағалаудағы аудандарда көбіне егде жастағы адамдар тұрған. Психологиялық дағдарысқа солар ұшырап отыр», – дейді профессор Коидэ Осаму. «Жастар үкіметтің қайта қалыпқа келтіру жоспарының орындалуын күтіп отырмайды. Олар ірі орталықтарға қазірдің өзінде ағылып, көшіп жатыр. Ал қарттар өздерінің мүлкінен айырылып қана қоймай, ертеңге деген сенімнен де күдер үзуге мәжбүр. Өйткені Жапонияда үкімет немесе жергілікті билік азаматқа тегін үй салып бермейді. Материалдық көмек, әрине, көрсетіледі. Ал жеке үй салу үшін азамат несие алуы тиіс».
Біз тілдескен сарапшылардың айтуынша, Жапонияда жеке үй тұрғызу үшін кемінде 20-30 миллион йен қаржы керек. Қазір жергілікті билік зардап шеккен әр адамға екі жыл көлемінде ай сайын 100 000 йен көлемінде жәрдемақы төлеп отыр. Үкімет 1-2 млн йен көлемінде бір реттік өтемақы төлейді. Тұрғындардың шығынын жабатын тағы бір қаржы көзі – сақтандыру компаниялары. Олар апаттан кейін өз міндеттерінен құтылған. Ендігі үміт – қайырымдылықтан түскен қаржыда.
Зардап шеккен жандар қолға тиер қаражат бұрын өздері тұрғандай үй салуға жететініне күмәнданады. Жаңа архитектуралық талаптар бойынша, үй-жайлар енді жағалаудан бірнеше шақырым қашықта, теңіз деңгейінен әлдеқайда биік жерде тұрғызылуы тиіс. «Бұл талапты басқалар тиімді пайдаланып жатыр», – дейді Миаги префектурасындағы зардап шеккен тағы бір қала Исиномакидің Қайта қалыпқа келтіру департаментінің бөлім бастығы Томоя Оцука. «Жер телімдері жекеменшікке жатады. Қалалық әкімдік нарыққа әсер ете алмайды. Жағалаудағы жердің бағасы 20 пайызға түсіп кетсе, жоғарғы аудандарда, керісінше, 20 пайызға қымбаттады». Соған қарамастан, Исиномаки билігі мүмкіндігі жоқ тұрғындарға арнап 3000 пәтерлі муниципалды баспана тұрғызбақ. Алайда бұл үйлер ақылы негізде беріледі. «Бізде тегін үй беру деген жоқ», – деп Томоя Оцука да атап өтті. Жергілікті билік зардап шеккен әр отбасыға 12 мың йен көлемінде бір реттік жәрдемақы бермек.
163 мың тұрғыны бар Исиномакиде халық саны бір жыл бұрынғы зілзаладан кейін 10 мың адамға азайған. Жер сілкінісі мен цунами қаланың 30 пайызын шарпыған. 50 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қаладағы Балықшылар порты мен Өндірістік порт әлі күнге тоқтап тұр.
Апат және партияның парызы
Жапония шығынға батса да, тығырықтан шығары сөзсіз. Өткен жылғы апаттың зардаптарын жоюда сабақ алып қана қоймай, тәжірибе де жинақтауда. Сыртқы істер министрлігінің халықаралық істер жөніндегі баспасөз хатшысы Сато Масару: «Біз өз еліміздің басына түскен қасіретті керісінше шансқа айналдырмақ ниеттеміз, – деді. Зілзала мен цунамиден қираған аудандарды қайта тұрғызу, апаттың алдын алу және болжам жасау, сондай-ақ балама энергия көздерін дамыту салаларында жинақтап жатқан тәжірибемізді кейін бүкіл әлемге таратпақ ойымыз бар».
Сырттан бақылай отырып, күншығыс елінің «сауығу» кезеңін нәтижелі өткеріп жатқанын аңғаруға болады. Ал егер осы қоғамның ішкі тіршілігіне үңілсек, жалпыұлттық трагедиядан кейінгі биліктің іс-әрекетіне берілген баға әртүрлі екенін түсіне бастайсыз.
Профессор Коидэ Осамудың ойынша, қазір Жапония үкіметін басқарушы социал-либералдар қалыпқа келтіру жоспарын лайықты жүзеге асыра алмайды. «Өйткені олардың әкімшілік басқаруда тәжірибесі жоқ. Екіншіден, бастама көтеру және оны орындау қабілеті төмен», – дейді ғалым. (2009 жылы Социал-либералдық партия парламенттің басым бөлігін иемденіп, елді 54 жыл басқарған Либералдық-демократиялық партияны ығыстырған). Ғалымның ойынша, Үкіметте ұзақ отырған либерал-демократтардың төтенше жағдайда жедел іс-қимылға көшу тәжірибесі мол болған. «Ал қазіргі үкіметтің наурыз оқиғасынан кейін қабылдаған жалғыз ғана шешімі – зардап шеккен аудандарды қалыпқа келтіру жөніндегі агенттік құру ғана. Оның өзінде, оның тиімділігіне сенбеймін. Өйткені агенттіктің дербес бюджеті жоқ», – деп тәптіштеп түсіндірді Осаму мырза.
«Сондықтан да қазіргі үкімет жалпыұлттық жоспарды жан-жақты пысықтап, жүзеге асырады дегенге күмәнданамын. Бұл – менің жеке бағам», – деген сарапшы жергілікті өзін-өзі басқару органдары да өз аймақтарын қайта қалпына келтіру жоспарын орталыққа ұсынуды кідіртіп жатқанын айтты. Наурыз зілзаласы, негізінен, Мияги, Иватэ және Фукусима префектураларына залал келтірді.
Исиномаки қаласы мэриясының өкілі Томоя Оцука болса: «Біз өзіміздің жоспарымызды даярлап қойдық. Бірақ Токиодан сұрайтын қаржымыз өте қомақты», – дейді. Зардап шеккен аудандарды қайта қалыпқа келтіріп, инфрақұрылымдарды жаңартуға және зардап шеккен тұрғындарға муниципалды баспана мен әлеуметтік объектілер салу үшін Исиномаки билігі алдағы төрт жылға 12 млрд долларға жуық қаржы сұрамақ. Апатқа дейін қаланың жылдық бюджеті шамамен 750 миллион доллардан аспаған.
Мемлекеттің өзі 2011 жылғы наурыз зілзаласының шығындарын 2 трлн йенге бағалап, зардаптарын жоюға және инфрақұрылымдар мен елді мекендерді қалыпқа келтіруге 20 триллион йен көлемінде қаржы жұмсауға әзір. Айта кетерлік жайт – қысылтаяң шақта Жапония өңірлерінің тағдырын шешу префектура билігіне жүктеледі. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі орталықтың жауапкершілігін өңірлердің өзіне ойыстырған. Сондықтан да демократиялық сайлау – жапон провинциялары үшін өте маңызды саяси оқиға.
«Хибисин бун» тілшісі – оқиға орнында
Өткен жылы 11 наурызда қала мен ауыл жаңалықтарын жариялайтын күнделікті «Хибисин бун Исиномаки» газетінің тілшісі Кумагай Тосиаки әдеттегідей қалалық әкімдікке кезекті деректер жинауға келген. Басқа күндерден еш айырмашылығы жоқ жұма болатын. «Бір сәтте ғимарат шайқала бастады. Тоқтайтын түрі жоқ. Жердің сілкінісі үш минуттай уақытқа созылды. Кеңселер астан-кестен, жұрт үрейленіп қауіпсіз жерге жүгіруде. Тербеліс тоқтағаннан кейін жан-жағымызға қарап, ес жинай бастадық. Бұл үйреншікті жайт болғанымен, мұншалықты қуатты әрі ұзақ дүмпуді бұрын сезінбегенмін. Үрейді журналистік қызығушылық жеңіп, фотоаппаратымды алып, жағалауға жол тарттым», – деп баяндады Кумагай.
Жағалауда қираған үйлер мен көпірлерді суретке түсіріп, редакцияға беттеген сәтте оны цунами толқындары қуып жеткен. Алдымен су деңгейі көтерілген. Санаулы секундтардан кейін жолдағының бәрін ысырып, үлкен толқын да соққан. Пластикалық қораптарға жармасып жан сақтаған журналист цунами екпінімен құлдиға құлап, суға батқанын айтып берді. «Фотокадрлардың құрығанын түсіндім. Бірақ қорапқа жармасып жүзе бердім. Кезекті толқын жеткенше қалқып жүрген қайыққа қол созып, мініп үлгердім. Менің өмірімді сақтаған – сол қайық», – дейді бастан кешкен оқиғасы катастрофа туралы фильмге тұрарлық тілші.
Ол сол қайықпен жүзіп, Исиномаки тұрғындарының қалай апатпен күрескенін, суға батқанын, қалай құтқарылғанын көрген. Суда қалқыған шатырда бір-біріне жармасқан отбасын көріпті. Қайтқан су шатырды теңізге қарай тартып бара жатқаны – көз алдында. Кейін ол адамдардың не болғанын білмейді. Шатырда қалған отбасыны өз газеті арқылы әлі де іздеп жүр.
Кумагай Тосиакиді құтқарушылар тек ертеңіне аман алып шықты. «Бұл ең қорқынышты түн болды. Көмек сұраған жандардың үні төңіректі күңірентіп жіберді» дейді. Ауруханада бір күн де болмаған журналист редакцияға асыққан. Цунами толқындары баспахананы істен шығарыпты.
«Әріптестермен ақылдаса келе, қабырға газетін шығару туралы шешім шығардық. Үшінші күні қолмен жазылған алты газетті қаланың әр жеріне ілдік». Алғашқы мақала «Қала оттары қайта жанды» деген тақырыппен жарияланған. Қабырға газеттерін жергілікті және токиолық мұражай сұратқан. «Хибисин бун Исиномаки» біреуін редакцияда қалдырды. «Айтпақшы, фотосуреттер не болды, сақталды ма?» деп біз де журналистік қызығушылығымыздан танбаймыз. Кумагай суға батқан фотоаппаратын жөндеуге беріпті. Цифрлы аппаратта кадрлар сақталған екен. «Бірақ сәтсіз кадрлар болғандықтан көрсетуге қысыламын», – дейді өзінің қайсарлығын да қалыпты қылық деп санайтын жапондық әріптес.
Көзден кетпес кадрлар
Иваки қалашығында жуырда жаңа көрме ашылды. Толықтай 11 наурыз зілзаласының салдарына арналған. Шағын қалашықтағы бұл көрмеде адам қарасы көп. «Бұлар туристер ме?» – деген сұрағымызға көрме жетекшісі: «Жоқ, осы төңіректің тұрғындары. Олар бұған дейін де келіп аралаған. Бірақ қайта оралып, қайталап көріп жүр», – деп жауап берді. Бір бұрышында – шағын кинозал. Орындыққа жайғасқан кісілер тапжылмай, аяқталған фильмді басынан бастап, қайта көріп жатқанын аңғардым. Фильм апат туралы. Құтқару операциялары, жақынынан айырылған жандардың қайғысы, алғашқы көмек жайында. Бір бұрышта күріш порциясы да тұр. Аннотацияда «Зілзала мен цунамиден құтқарылған жандарға бір күннен кейін берілген алғашқы азық дәл осындай бір уыс күріш болатын» деп жазылған. Алғашқы азық туралы бір баланың естелігі баяндалады. Анасын эвакуация орталығынан іздеп таба алмаған Иваки кентінің кішкентай тұрғыны «құтқарушы берген күріштің дәмі аузымнан кетпейді» депті.
Жапондықтар өз қайғысынан алған сабақты ғылымға ұштастырады. Өткен жылғы апат сейсмикалық қорғану жүйесін жетілдіретіні сөзсіз. Фукусима атом стансысынан кейінгі апат энергияның балама көздерін дамытуға итермелеп отыр. Қазірдің өзінде Жапонияның өзінде және Үндістан, Индонезия, Болгария елдерінде балама энергетика жобаларын жүзеге асыруда. «Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді Сато Масару. Келген қонақ жапондықтардың технологиялық жетістіктеріне ғана емес, моральдық болмысына да сүйсінеді. Табиғат апаты орасан зор зардап әкелгенімен, біреуді кінәлап жатқан жұрт жоқ. Өйткені тіршіліктің түзеліп кетеріне сенімді. Технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, әлеуметтік әділдікке де сенеді.
Қаперге
2011 жылдың 11 наурызында болған Ұлы шығыс зілзаласынан Жапонияда 15800-ден астам адам қаза тапты. 3200-ден астам адам із-түзсіз жоғалған. 6000-ға жуық адам жарақат алды.
Әлемнің 160 елі мен 40-тан астам Халықаралық ұйымы қайырымдылық мақсатта 17 млрд 500 мың йен (175 млн $) қаржы жолдады. Қазақстан Үкіметі Жапонияға 1 млн доллар көлемінде көмек көрсетті. Ал Қазақстан азаматтары атынан 315 473 доллар жөнелтілді.
Сәкен Әбдиев, журналист