Елімізде әскери ғылымның дамуына не кедергі?
Қай салада болмасын, бәскелестік негізгі құндылыққа айналып отырған қазіргі заманда ғылым мен білімсіз жетістікке жету мүмкін емес екендігін айтып түсіндірудің өзі – артық. Барлығы да философияның «алдымен идея, содан кейін идеяны жүзеге асыру» принципіне сүйенеді. Дәл осы тұжырымға мысал ретінде ел экономикасын қарқындату мақсатында «Ғылым туралы заң» қабылданып, индустриялық-инновациялық ұзақмерзімді бағдарлама бекітілгенін айтуға болады. Әр мемлекет төрт құбыласын теңестіру үшін тер төгеді. Ғылымға көңіл аударған біздің елде сол ғылымның әскери саласының ахуалы нешік? Қазақстан мен көршілес елдердегі әскери ғылымның қазіргі жағдайын салыстырып көрген едік.
Әдетте, біз әскери әлеуетіміз туралы әңгімемізді, елдегі әскери ғылым жайлы сөзімізді «Орталық Азияда үздікпіз» деп тамамдаймыз. Мұны біз ғана емес, әскерилердің өздері де нақтылайды. Тіпті мүйізі қарағайдай мамандар да «ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украина сияқты елдерден кейінгі қатарда тұрмыз» дейді.
Сағымжан АСЫЛ-КЕНЕЙ, ТМД елдері лаңкестікке қарсы орталығының бірінші орынбасары, генерал-майор:
– Қазақстандағы әскери ғылым енді ғана дамып келеді. Бұрындары мемлекет экономикасы сын көтермеген жылдары әскери ғылымды дамытпақ түгіл, әскери кадрларды сақтап қалу қиын болатын. Бірақ қазіргі жағдай мүлде басқаша. Біріншіден, жыл сайын әскери салаға бөлінетін қаржы көбейіп келеді. Тиісінше, әскери ғалымдардың да қарасы көбейіп жатыр. Әрине, әскери ғылымда пәлендей жаңалықтар бар деп айта алмаймын. Екіншіден, Қорғаныс министрлігі білім алсын деп балаларымызды жыл сайын шетелдерге оның ішінде әскери ғылымы дамыған АҚШ, Ресей сияқты мемлекеттерге жіберіп жатыр. Сол студенттер үлкен тәжірибелі маман болып оралады деген ойдамыз. Міне, осындай себептер әскери ғылымды тұралатпас деген ойдамын. Қазірдің өзінде ТМД мемлекеттері ішінде Ресей, Украина сияқты мемлекеттермен алдыңғы қатарда тұрмыз.
Мемлекет тарапынан енді ғана көңіл бөлініп жатқанымен, жасыратыны жоқ, ТМД кеңістігіндегі мемлекеттердің бәрі кеңестік кездегі көне жолмен жүріп келеді. Ғылымда жаңа соқпақ салынбағандықтан, әскери ғылым да кенжелеп тұр. Қару ойлап табу былай тұрсын, соңғы уақыттарда әскердің қимылын дамытуға септігі тиетін бірде-бір үлкен жаңалықтар ашылмаған. Өкінішке орай, бұл – біздің елге де тән құбылыс.
Сонымен Қазақстандағы әскери ғылымның дамуына не кедергі? Біздіңше, кедергі көп. Ең біріншіден, әскери ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының санын арттыру қажет. Себебі біздегі әскери жоғары оқу орындарының жалпы саны 10-ға жетер-жетпес. Әскери ғылыми-зерттеу институттары да кейінгі жылдары ашыла бастады. Әлі бірде-бір әскери жоғары оқу орны жоқ Астанадан әскери білім ордасын ашу қажет. Салыстырмалы түрде айта кететін болсақ, солтүстіктегі көршімізде 98 ірі жоғары оқу орындары бар екен. Бір ғана Мәскеуде 16 университет әскери мамандар мен ғалымдар әзірлеп жатыр. Тіпті әрбір қаласында әскери білім ордалары бар десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан да болар, еліміздің жастары өзге мемлекеттерден білім алғанды құп көреді. Нақты дерек келтіре кетсек, жыл сайын әлемнің 12 мемлекетінде орналасқан 72 жоғарғы оқу орнына елімізден 100-ден астам әскери қызметкер білім алу мақсатында жіберіледі. Шетелдерде қазақстандық әскерилер 240 мамандық бойынша білім алады екен. Яғни отандық әскери ғылым-білім ошақтары үлкен жаңалықтар ашқаннан бұрын, ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр.
Елдос ҚАНАТБЕКҰЛЫ, Г.К. Жуков атындағы әуе-ғарыштық қорғаныс әскери академиясының курсанты:
– Менің мамандығым – көпарналы зенитті-зымыранды пайдалану бойынша инженер. Мен қалаған мамандық бойынша білімді осы оқу орнында жақсы беретінін бұрыннан білетінмін. Бұл жерде әлемнің көптеген мемлекетінен жастар келіп оқып жатыр. Оның себебі оқу орнындағы білікті мамандардың сабақ беруі деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, өзіммен қатар оқитын қатарластарымның көпшілігі оқуды аяқтап, елге барғанда жақсы мансап қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеді. Шетелде білім алуға құштарлықтың болуына осындай да себептер болуы мүмкін.
Екіншіден, шекарадан тысқары білім алып жатқан мамандардың интеллектуалын пайдалану үшін Ресейдегідей әскери ғылымдар академиясын құрғанымыз жөн. Көрші елдегі әскери ғылым академиясының зерттеу жұмыстарын атқарушы биліктің федералды органдары пайдаланып жатады. Нақты мысал ретінде, РФ ӘҒА президиумының мәліметтерін келтіре кеткеніміз дұрыс болар. 2000-2005 жылдар аралығында академия ғалымдары Федерация Кеңесі, Мемлекеттік Дума, Үкімет, Қауіпсіздік кеңесі, Қорғаныс министрлігінің тапсырмалары бойынша 120 ірі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. 65 теориялық жұмыс пен 250 ғылыми жұмыстар тапсырған. 75 федералды заң жобасына атсалысыпты. Міне, осыдан-ақ көрші елдің әскери ғылымға қаншалықты көңіл бөлетінін көруге болады.
Үшіншіден, әскери саладағы ақпараттық жұмыстар көңіл көншітпейді. Әскери салаға мамандарды көптеп тартудың бір амалы – ақпараттандыру. Сәуір айында әскери доктринасының жаңа мәтінін әзірлеген Украина алдағы уақытта саладағы күрделі проблемаларды еңсеруге кіріспек. Ғылыми, ақпараттық ресурстарын кеңейтуді де ойластырып отыр. Біз жоғарыда мысал еткен Ресейде қазіргі таңда әскери бұқаралық ақпарат құралдарының бәсі жоғары. Қазіргі уақытта бұл елде — бір орталық газет, сегіз журнал, 11 округтік флоттық, 11 армия басылымы, ЖОО-ның 27 газеті бар. Олардың кейбірінің таралымдары 160 мыңға жетеді. Сонымен қатар жалпыресейлік әскери телеарна, бір орталық телерадиостудия, бес округтік телестудия және ЖОО-ның 14 теле-радиоорталығы жұмыс істейді. Қазіргідей ақпараттық заманда әскери ғылымның дамуы зор ықпал ететін саланың бірі – дәл осы әскери ақпараттық сала. Сондықтан осы проблемаларды да ашық көтеру қажет.
Данияр Төлендинов, Г.К. Жуков атындағы Әуе-ғарыштық қорғаныс әскери академиясының курсанты:
– Менің Тверьге келіп білім алуыма жасы үлкен замандастарымның ықпалы болды деп ойлаймын. Әскери білім алу — менің бала кезімнен бергі арманым. Қазақстандағы әскери оқу орындарында да білім алуға болатын еді. Бірақ мен мектепті тамамдаған жылы еліміздегі әскери ЖОО-ды жақсы білмедім. Бір сөзбен айтқанда, ақпарат жағы жетіспеді.
Төртіншіден, әскери пікірталастар жетіспейді. Яғни бірыңғай әскери жетістіктер ғана емес, саладағы кемшіліктер де ашық айтылуы қажет. Мысалы, әлемнің көптеген мемлекеті қаруын аттай қалап алдыратын, әскери ғылым саласында үлкен жетістіктері бар деп бағаланатын Ресейдегі жағдай жуырда қатты сынға алынды. Әскери саладағы ахуалды бес саусағындай білетін Ресей Бас штабының басшысы, армия генералы Николай Макаров өз еліндегі әскери ғылымды «шенім бар екен» демей, кемшіліктерді ашып айтып, ашық сынады. Ол өз мәлімдемесінде: «Соңғы 20 жылда әскери ғылым дамымағандықтан, әскери өнерді де заманауи деңгейге көтере алмадық. Біз әлі күнге дейін ескі өлшемдермен өмір сүріп жүрміз», – деді. Ресей осылай деп жатса, өзге мемлекеттер де ойлануы керек-ау.
Түйін
Әрине, Николай Макаровтың пікірінің астарында көршімен емес, Батыспен, АҚШ-пен салыстыру жатыр. Империалистік көзқарас бар жерде қанағатшылдық та аз болады. Ресей әскери ғылымын сынап жатқанмен, көптеген елдерден көшілгері екендігін жасыра алмаймыз. Бізде соңғы жылдары ғана әскери салаға көңіл аударыла бастады. Жоғарыдағы проблемаларды шешіп, қазіргі Ресейдің деңгейіне жету үшін біршама уақыт қажет. Қалай болғанда да, әскери ғылымды қолға алу – кезек күттірмейтін мәселе.