Құрбан айтта сыйлық беруге бола ма?
Құрбан айт мейрамында туған-туыстарға, бала-шағаға сыйлық беруге бола ма? Бұған қатысты шариғат не дейді?
Медет, Жаңатас қаласы
Бұл күні мұсылмандардың әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарға кішігірім болса да сый-сияпат жасап, Құрбан айт мейрамын ерекше өткізуіне болады. Бұл қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластықтарын барынша арттырады. Бұл ретте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, бұл адамдардың арасындағы сүйіспеншілікті арттырып, өшпенділікті жояды", - деген. Сонымен қатар мұсылмандық тәрбиеге құлшындыру үшін бала-шағаға айт күніне арнап сыйлықтар, жаңа киім-кешек әперу және қаланың көрікті жерлерін аралату, қыдырту жақсы амалға жатады. Олар сонда айтты асыға күтетін болады әрі сана-сезімі имандылыққа, мұсылмандыққа бейім өседі.
Негізі перзенті дүниеге келген уақытта ата-анасы қуанышқа кенеледі. Жалпы тұрмыс құрудың да мақсаты – осы. Мiне, осы қуаныш жалғасты болуы үшiн, перзент азамат болғанда да ата-анасын қуанышқа бөлеу үшiн, ата-ана өз жауапкершiлiктерiн сезiнiп, бала тәрбиесiмен мықтап шұғылданулары керек. Оны тәрбиелеу ата-ананың мойнындағы парыз. Сондай-ақ Алла алдына барғанда да, ел алдында да перзентке тәрбие берген-бермегенiне ата-ана бiрдей жауапты. Ата-бабамыз: "Ұяда не көрсе, ұшқанда соны iлесің", - деген мақалды тектен-текке айтпаған.