Ғылым мен адам санасындағы төңкеріс
Күнделікті күйбең тірлікпен жүрген адамды ғылымда болып жатқан таң-тамаша қыларлық жаңалықтар селт еткізе қоймайды. Алайда мәңгі солай жалғасып кете бермейді. Ғалымдардың болжауынша, осы уақытқа дейін ғылыми жаңалықтар адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ғана өзгерістер алып келген болса, ендігі ашылыстар адамның санасына да айтарлықтай үлкен өзгерістер әкеледі. Ол қандай өзгерістер дейсіз ғой? Бұл біріншіден, адамның материяға деген көзқарасына қатысты болмақ.
Болмыс пен сананы бір-бірінен бөліп қарау үрдісі ХVI ғасырда пайда болғаны белгілі. Алайда француз ғалымы Рене Декарт негізін салған «болмыс пен сананы бөліп қарау жөніндегі» теория қазір біржола күйреуге беттеді. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын дүниені болмыс деп атап, «Біз болмысты микроскоппен, телескоппен, салмағы болса таразымен өлшей алатын объективті көзқарасқа ғана сүйенейік. Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік, ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ, көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз?!» – деді ол. Осыдан кейін жаратылыстану ғылымдары материяны ғана зерттеумен айналысып, сана ұғымын философтар мен психологтерге қалдырды. Алайда жаратылыстану ғылымының әр саласындағы, әсіресе классикалық физикадағы түсінік таппаған көптеген құбылыстар ғылымды тығырыққа әкеліп отырды. Соның барлығы жинақталып, ХХ ғасырда кванттық механика ғылымының пайда болуына әкелді. Заттың микродеңгейін қарастыратын кванттық механиканың басты ерекшелігі ол материя мен сананы бір бүтін құрылым деп есептей бастады. Аталған ғылым саласының пайда болуымен қызған дененің сәуле шығаруы, фотоэффект, Резерфорд атомының орнықтылығы сияқты көптеген ақиқаттар ашыла бастады.
Ғылым осы бағытта дамып кете беретін болса, оның адам өміріне әсері болары сөзсіз. Тұрмыс-тіршілігіне қатысты әсер емес, санасына қатысты әсерді айтып отырмыз. Жалпы, адамдардың санасы ғылымнан жарты ғасырға, бір ғасырға кешігіп жүретіні белгілі. Мәселен, бір кездегі Эйнштейннің салыстырмалы теориялары қарапайым адамдардың санасына енді-енді жете бастады. Сол сияқты кванттық механиканың шындықтары да енді бір жарты ғасырдан сүзіліп, сүт бетіне шығады.
Мәселен, қазір Голливуд киностудиясы көрермендерге сан түрлі фантастикалық фильмдер ұсынып жатыр. Бірақ соның көбі режиссердің қиялынан туған сандырақ ертегі емес. Идея іздеген сценарийші іргелі ғалымдарды жиі жағалап жүреді. Яғни өткен шаққа кетіп қалу, болашаққа өтіп кету, жоқтан бар жасау, қабырғаны тесіп өтіп кету сияқты, бір қарағанда ақылға сыймайтын құбылыстар қазіргі ғылым үшін қалыпты жайт. Әсіресе кванттық механика негіздерін меңгерген ғалым бұл фильмдерді фантастикалық туынды емес, терең ғылыми тұжырымы бар ақиқат ретінде тамашалайды.
Кванттық механика ғылымы пайда болғалы бері жаратылыстану ғылымдарында көзқарастар төңкерістері жүріп жатыр. Басқаша атау мүмкін емес. Себебі бұл жай ғана ғылымдағы толықтырулар, қарапайым өзгерістер емес, түбегейлі тұжырымдық деңгейдегі төңкеріс. Декарт заманынан бері бес ғасырдан кейін ғалымдар болмыс пен сананы, материя мен рухты бірге қарастыру қажет деген тұжырымға келді.
Мәселен, кванттық механикадағы әйгілі «қос тесік» экспериментін (еxperiment double-slit) айталық. Элементар бөлшектер белгілі – бір физикалық тәртіппен ғана емес, бақылаушының көзқарасы бойынша да қозғалатыны дәлелденді. Яғни біз жансыз мақұлық атап жүрген кез келген заттың микробөлшектері біздің (адамның) санамызбен санасады. Элементар бөлшектің қозғалысы біздің ойымызбен астасып жатыр. Мұны қарапайым физикалық заңдылықтармен түсіндіру әсте мүмкін емес. Қарапайым тілмен айтсақ, баласы науқастанып жатса, анасы соны мың шақырым жерден сезіп тұратын жағдайлар жиі кездеседі. Болмысшыл физика ғылымы бұған ешбір уәж айта алмайды. Ал кванттық механиканың көзқарасына салсақ, барша әлем бір-бірімен микродеңгейде байланысып жатыр. Және ол біздің түсінігіміздегі физикалық заңдылықтарға бағына бермейді. Оны зерттеуге бөлек теория, бөлек көзқарас керек. Кванттық физиканың айтуынша, біздің «материя» деп атап жүрген кез келген зат, қоршаған әлем тұрлаусыз, түсініксіз дүние болып шықты. Мәселен, қарапайым адамның санасында заттың үш күйі болады: тығыз, газ, сұйық. Біз үшін темір дегеніміз – қатты зат. Ағаш одан жұмсақ, нан тіпті жұмсақ нәрсе. Су – сұйықтық. Ауа – газ. Ал кванттық механиканың негіздеріне салсақ, темірден нан, ауадан алтын, сусыннан тас жасауға болады. Яғни кез келген заттан кез келген күйдегі затты жасап шығаруға болады. Егер бұл теория біржола дәлелденсе, ешбір заттың құны болмауы керек. Себебі барлығы бір материалдан жасалған.
Қазір Францияның шекарасында орналасқан, Еуроодақтың ортақ қаржысына жұмыс жасап жатқан «Үлкен Адронды коллайдер» зертханасы осы материяның тылсым түсініктерін зерттеп жатыр. Әрине, бұл – кванттық механика ашып жатқан шындықтардың жүзден бір бөлігі ғана. Ғылымнан ләззат ала білетін адам оның барлығын тексеруге тырысар еді.