Қазақ жастарын ғылымға тартудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
Құсайын РЫСАЛДИН, Филология ғылымының докторы, профессор:
– Біз жастарды ғылымға тартуды мектеп қабырғасынан бастауымыз керек. Жас кезінен олардың ғылымға деген қызығушылығын оята білсек, жастар ғылымға қандай мақсатпен келе жатқанын, не берем деп келе жатқанын біліп, алдын ала дайындалып келеді. Тіпті олардың бойында ғылыми жаңалық ойлап табуға деген құлшыныс қалыптасады. Біз қазір оқушыларымызды тест жаттауға дағдыландырып, өз бетімен жұмыс жасау мүмкіндігінен айырдық. Осыған жаным ауырады. Өйткені ғылыми жаңалық – адамның өз бетінше жұмыс істеуінің жемісі. Сондай-ақ жалпы, қоғамымызда ғылымның өндіріспен ұштасуына көңіл бөлуіміз керек. Заман ағымына сай ғылыми жаңалықтар өндіріске енгізіліп, соған сай мемлекетіміз дамып жатса, олардың арасында бәсеке қалыптасып, ғылыми жаңалық ойлап табуда бір-бірінен асып түсіп жататындай жүйе енгізуіміз керек. Сондай-ақ ғалымдарымыз алаңсыз ғылыммен айналысатындай олардың әлеуметтік жағдайын талапқа сай етуіміз керек.
Мұхтар БАЙБАТШАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Жастарды ғылымға тарту үшін ең алдымен олардың әлеуметтік жағдайын көтеруіміз керек. Мәселен, 30 мың теңге жалақысы бар, үй алуға жағдайы жоқ, зерттеген ғылыми жаңалығы өндіріспен ұштасып, нәтижесі білінбейтін салаға ешкімнің келгісі келмейтіні анық. Бұрын жас ғалымдар университет бітірген соң ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істеп, бар ниетімен ғылыммен айналысуға көңіл бөлетін. Жалақылары 250 рубль болатын. Әлеуметтік жағдайын мемлекет қамтамасыз етіп қойған соң, еш алаңсыз ғылымның соңына түсетін. Ал қазір мүмкіндігінше ғалым атанудан гөрі, басқа кәсіппен шұғылданғанды дұрыс санайды. Сондықтан мен бар мәселе ғалымдардың әлеуметтік жағдайына байланысты деп ойлаймын.
Ердос ОҢҒАРБАЕВ, химия ғылымының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің деканы:
– Мен ғылым саласына келетін жастар саны азайып кетті дегенге келіспеймін. Ғылыммен айналысқысы келетін жастар шама-шарқынша ғылымға келіп, еңбек етіп жүр. Өкінішке қарай, олардың бұл еңбектері көрінбей жатыр. Жанының қалауымен ғылымға келгісі келетін адам оған жасалған жағдайға, әлеуметтік жағдайына қарамайды, ол үшін істеген еңбегінің нәтижесін көру оған барлық нәрседен жоғары тұрады. Сондықтан мүмкіндігінше ғылыми жаңалықтардың өндіріспен ұштасуына көңіл бөлсек, ғалымдарымызға сол арқылы мемлекеттің дамуына үлес қосып жатқанын сездіре алсақ болғаны.