Алматы облысында гипноз арқылы жұртты тонағандар ұсталды

Алматы облысында гипноз қолданып, жұртты тонап келген бір топ алаяқ ұсталды. Әйелдер тұрғындардың алтын бұйымдары мен қомақты ақшасын қолды етіп кеткен, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
17-18 қазан аралығында Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөліміне Есік қаласының екі тұрғыны мен Көктөбе ауылының бір тұрғыны арыз түсірген. Арызданушылардың айтуынша, төрт әйел олардың сеніміне кіріп, гипноз арқылы қомақты қаражатын, алтын бұйымдарын және қымбат ұялы телефонын иемденіп кеткен.
Аталған деректер Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 1-бөлігі; 190-бабының 2-бөлігі 1-тармағы "топтасқан алаяқтық" бойынша тіркелді, — деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 25 пен 42 жас аралығындағы Өзбекстанның төрт азаматын ұстады. Олардан ұрланған сақина, сырға және басқа алтын бұйымдар тәркіленді.
Әйелдер ішінара кінәсін мойындаған. Тіркеусіз жүрген күдіктілер қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды — дейді полиция өкілдері.





