Алматы облысында күйеуі ұрып-соққан әйел ауруханаға түсті
Алматы облысының полициясы күйеуі ұрып-соққан соң ауруханаға түскен Қаскелең қаласының 32 жастағы тұрғынына көмектесті. Келіншек әпкесінің үйінде қалған балаларымен қайта қосылды. Бұл туралы өңірдің Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Жақында Алматы облысы Полиция департаменті басшысы Мұрат Ұрұмхановтың әлеуметтік желідегі парақшасында "НемолчиДетиKZ" қоғамдық қорының өкілі Дина Таңсәрі Қарасай ауданындағы бір жанұя үшін көмек көрсетуді сұрады.
Тергеу барысында тәртіп сақшылары күйеуінің әйелін қатты ұрып-соққаны, соның салдарынан келіншектің ауруханаға түскені анықталды.
"Анықталғандай, ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрады. Олар үш кішкентай баланы тәрбиелеуде. Жәбірленуші алғашқыда полицияға жүгінбеген, алайда оны ұрып-соғу фактісі бойынша арыз талап етілді. Қазір Қарасай ауданы полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинау үстінде. Азамат міндетті түрде жауапкершілікке тартылады", -деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Іске полиция араласқан соң келіншектің әпкесінің қолында қалған балалар аналарымен кездесуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, әйелге жергілікті әкімдіктің қамқоршылық және қорғаншылық органдарының қызметкерлері де көмек көрсетті.
Өз кезегінде "НемолчиДетиKZ" қорының өкілдері әлеуметтік желілерде полицейлерге жеделдігі, адамгершіліктері мен түсініктері үшін алғыстарын білдірді.
"Бұл көрініске қарау өте жан тебірентерлік болды. Мен барлық қызметкерлерге алғыс білдіремін. Балақай бірден анасын құшақтады. Ол өте тәтті. Алдағы уақытта сот талқылаулары басталады. "НемолчиДетиKZ" ҚҚ Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне жедел көмек пен қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді " - деп атап өтті Дина Таңсәрі.