«Анам «барып жат» деді»: 19 жастағы қыз өзін 8 жыл зорлаған әкесінен жүкті болып қалды

19 жастағы бойжеткен өгей әкесінен осы күнге дейін қандай қорлық көріп келгенін айтып берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Бірінші Еуразия арнасының «Бір сұрақ» бағдарламасына сілтеме жасап.
Саёра есімді ару өзін 8 жыл бойы өгей әкесінің зорлап келгенін айтады. Ішімдікке сылқия тойып алып, әйелі мен өгей қызына білгенін жасайтын азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары бір жыл дегенде әрең аяқталған. Бұл туралы Саёраның қорғаушысы айтып берді.
«Бұл бір жылға созылды. Оның алдында тергеу амалдары жүргізілген болатын. Осы бір жылдың ішінде ауыр күндерді бастан өткердік. Арыз жазған күннен бастап, Алатау аудандық ішкі істер басқармасында тергеу амалдары жүргізіліп жатқанда іс бұрмалана бастады. Үш ай көлемінде істі дәлелдеуге, қарауға мүмкіндік бермеді. Менің ойымша, өгей әкесінің тарапынан жемқорлықтың ұшқыны болған сияқты», – дейді қорғаушысы.
Саёра зорланған 8 жыл ішінде өгей әкесінен жүкті болып қалғанын айтты. Мұны білген анасы мен өгей әкесі баланы түсіріп тастауға көндірген. Осы кезде басқа бір жігітке жала жауып, қызымызды зорлады деп айыптап, ақша мен көлік алдырған.
«Өгей әкем 4-сыныптан бері зорлап келеді. 11 жасымнан бастап сегіз жыл бойы зорлады. Анама айттым, туыстарым – барлығы біледі. Олар маған сенбей, әкемді қорғап отыр. Әкем анам екеуімізді Өзбекстанға алып кетемін деп қорқытты. Үнемі ішіп келіп, анамды ұрды. Анам қорыққанынан қашып кетеді. Анам «Сені тыңдайды ғой, бар жат» дейтін. Мен барып жататынмын», – дейді Саёра.
Бойжеткеннің анасы мән-жайды біле тұра, қызына өгей әкесінің жанына жат деп бұйырған көрінеді. Сот отырысы кезінде де анасы не күйеуіне, не қызына жақтасарын білмей дал болған. Дегенмен қорлық көріп келген қыз анасына жаны ашып, оның үстінен қылмыстық іс қозғамапты. Ал өгей қызын 8 жыл бойы қорлаған ер адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды.





