Каннибал Николай Жұмағалиев жабық типтегі емдеу мекемесінде қала береді
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты каннибал Николай Жұмағалиевті ширек ғасыр бұрын өлтірген тағы бір құрбанына қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты, - деп хабарлайды "Интерфакс-Қазақстан".
Агенттіктің хабарлауынша, іс Жұмағалиевтің ақыл-есінің дұрыс еместігіне байланысты тоқтатылған. Дегенмен сот Николай Жұмағалиевке қатысты "жіті бақылау жүйесі бар арнайы типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық мәжбүрлі шараны" қолдану жөнінде қаулы шығарды.
Сот процесі жабық жағдайда өткен. Еске сала кетейік, бұған дейін 2014 жылы Николай Жұмағалиевтің 24 жыл бұрынғы кісі өлтіргені дәлелденгені хабарланған болатын. 1990 жылдың шілдесінде адамжегіш құқық қорғау органдарынан жасырынып жүріп, Бішкектен Ақтөбеге келген, сол кезде жергілікті медицина колледжінде оқып жатқан қызды зорлап, басын кесіп, қанын ішеді.
Бұл қылмыс ұзақ уақыт бойы ашылмады, бірақ тергеушілер 20 жастағы қыздың өліміне әйгілі каннибалдың қатысы болуы мүмкін деген жорамалды бірнеше рет тексерген. Арада ұзақ жыл өткенде ғана сарапшылар тиісті зерттеудің нәтижесінде марқұмның денесінен табылған биологиялық үлгілердің Жұмағалиевтікі екеніне көз жеткізді. Бүгінде 62 жастағы Жұмағалиев Алматы облысындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханада емделіп жатыр.
"Темір азу" деген лақап аты бар қанішер өткен ғасырдың 70-90 жылдары біртіндеп адам өлтірген. Құрбандарының денесін бұтарлап, тамақ қылып жеген. Ол 1980 жылдың желтоқсан айында ұсталып, тұтқындалды, бір жылдан соң ақыл-есі дұрыс емес деп танылып, арнайы мекемеге жіберілді. 1989 жылы ол аурухананың көлігінен қашып шығып, КСРО аумағында бой тасалап жүрді. Екі жылдан соң ұсталып, мәжбүрлеп емдеуге қайта әкелінді. Дәрігерлер каннибалға қатысты бірнеше рет "ауруынан айықты" деген қорытынды шығарып, бостандыққа жібермек болды.