«Мамаммен таныстырам деді». Астанада қызын жезөкшелікке мәжбүрлеген жігіт ұсталды

Астана полицейлері 20 жастағы қызды секс-құлдықтан құтқарып қалды. Бұл туралы Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының қызметкерлері 20 жастағы бойжеткенді ырқынан тыс саудалап жатқан жерінен Тараздың 33 жастағы тұрғынын ұстады.
«Зардап шегуші қыздың айтуынша, ұсталған ер адам жігіті болыпты. Оған үйленемін деп уәде беріп, Астанаға анасымен таныстыруға алып келген. Одан соң жағдай күрт өзгерген. Астанаға келген соң ол қызды 50 мың теңгеге секс қызметін ұйымдастырушыларға өткізіп жібермек болады. Ер адамнан 50 мың теңге тәркіленді», — делінген Астана қалалық ІІД хабарламасында.
Зардап шегушінің ер адаммен Алматыда танысқаны белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеу ісі жүргізіліп жатыр. Ұсталған ер адам өз әрекетін мойындады, қазір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, ұсталған ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.





