Өгей әкесі ұрып тастаған 2 жасар бала қайтыс болды
Алматыда өгей әкесінен таяқ жеген бала есін жимастан ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2 жастағы баланың тым ауыр жарақат алуына байланысты жансақтау бөлімінде жан тапсырды», - деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға туралы мұның алдында жазған едік. Полицияға 16:00 шамасында медициналық қызметкерлер 2 жасар баланың ес-түссіз түскенін айтқан.
Полиция ең алдымен баланың 34 жастағы өгей әкесінен сұрақ-жауап алған. Басында ол бала құлап қалды деген уәж айтты. Кейіннен тергеу материалдарының арқасында ұлды өгей әкесі ұрғаны анықталды.
Белгілі болғандай, баланың анасы ол кезде жұмыста болған. Жылаған баланы жұбата алмаған өгей әкесі ұрып-соққан. Ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрған. Осыдан 1,5 ай бұрын Алматы облысынан қалаға көшіп келген «Көкқайнар» шағын ауданында тұрып жатқан.
«Қазір бұл жантүршігерлік оқиға бойынша ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдікті қамауда отыр. Бұрын ол бірнеше рет ұрлық үшін қылмыстық жауапқа тартылған», - деді Ләйла Әліпбаева.