Желіде есірткі сатушылар жазалау жүргізіп жатыр деген сұмдық видео тарады

Интернетте есірткі сатушылар өз арасында жазалау жүргізді делінген адам шошырлық бейнежазба тарады. Тіпті видеодан олардың ірі қылмыстық топ құрамындағы адамдар екені айтылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі , "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Жантүршігерлік бейнежазба telegram-те жарияланды. Онда желі қолданушысы бұл мәселеге алаңдаушылық танытып, полиция дереу шара қабылдауы керектігін айтқан.
"Есірткі сатушы "Царство Аида" және "Гриша" ұйымдасқан қылмыстық тобы өздерінің арасында жазалау ұйымдастырған. Қазақстан Республикасының құзырлы орындары химиялық-синтетикалық есірткі сатушы ұйымдасқан қылмыстық топ "Царство Аида" және "Гришаны" ұстай алмай отырса, біз оларға "шпаргалка" берейік. Барлығының түрлері бар, тізбек бойынша, таяқ жегендерді тауып, тергеп, жазалаушы отрядты анықтап, шара қолдану керек", — дейді автор.
Сонымен қатар, ол бұл қылмыстық топтың қалай жұмыс істейтінін де ашық жазып берген. Яғни жастарды жұмысқа тартып, 1-2 тапсырыс орындағаннан кейін осылай ұрып-соғатын көрінеді.
"Жаңа тапсырма алуға келген адамды тепкілеп, бейнежазбаға түсіріп, "крыса, жәл...пін" деп айтқызып алады. Таяқ жегенің мен мойындаған бейнежазбаны интернетке таратамыз, тегін жұмыс істемесең масқаралаймыз деп бопсалап, есірткі сатуға тегін құл тауып алады. Ұрып, теуіп, зелёнка шашып жүргендер — есірткі бизнесімен айналасатындар", — дейді ол.
Ескерту: бейнеде бейпіл сөздер кездеседі!
Экспресс К бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігіне сұрау салды.





