Зияткерлік меншік туралы не білеміз?

Елімізде зияткерлік меншік пен авторлық құқықты қорғауға қатысты жұмыстар тәуелсіздік алған жылдардан бастау алады.
1996 жылдың 10 маусымында қабылданған «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң бұл бағыттағы мәселелердің талассыз шешілуіне, олқылықтардың орын алмауына себепші болды. Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік құқығы саласы бойынша мемлекеттік қызметті жүзеге асыру Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетіне жүктелген. Ал, аумақтық Әділет департаменттерінде 2003 жылдан құрылған Зияткерлік меншік құқығы
жөніндегі бөлімдер жұмыс істейді. Жалпы, әлем елдерінде зияткерлік меншікті қорғау мәселесін жіті қадағаланады.
Өйткені, бұл елдерде азаматтардың ойы, идеясы табыс көзі ретінде жоғары бағаланады. Оны ұрлауға, рұқсатсыз пайдалануға жол берілмейді. Содан болар, шетелдерде кітабын жазып, жаңалығын ашып, шығармасын ұсынған жандар
қаржыдан да таршылық көрмейді, сый-құрметтен де кенде қалмайды. Ал, біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзгенің идеясын ұрлау, жаңалығын көшіру деректерінің көп кездескені белгілі. Сондықтан, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын коммерциялық негізде пайдаланатын тұлғалардың құқықтық сана деңгейін көтеру басты мақсаттардың бірі ретінде қала береді. Жалпы, пәрменді заңның қабылданып, арнайы құрылымдардың жұмыс істеуі зияткерлік меншікті қорғау тетіктерін нығайтып, көшірменің санын азайтқанын айта кеткен жөн.
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік индексі қатысушы елдердің «Зияткерлік меншікті қорғау» көрсеткішіне де баға беретіні мәлім. Осыған орай, әділет органдары отандық нарықта контрафактілі өнімді азайту бойынша жоспарды іс-шараларды қолға алған. Соның нәтижесінде зияткерлік меншік болашақта мемлекет азаматтарының әл ауқаттын көрсететін, құнды ресурс ретіндегі үлкен маңызға ие бола бастады.
Алаш айнасы





