Материалдық емес рухани мұраны қорғаудың жалпыұлттық іс-қимыл жоспары керек
Парламент былтырғы жылы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны қабылдап, оған Елбасы қол қойған болатын. Сосын құжаттың ратификациядан өткені туралы акт 2011 жылдың 28 желтоқсанында ЮНЕСКО-ның Бас директорына табыс етілді. Конвенцияның 34-бабына сәйкес, ратификацияланғаны туралы акті табыс етілгеніне үш ай толғанда, яғни 2012 жылдың 28 наурызында құжат күшіне енді. Осылайша, Қазақстан Конвенцияға толыққанды қатысушы 142-інші мемлекет атанды. Мұның өзі елдің рухани дамуындағы орасан бетбұрыс екені даусыз. Дегенмен ендігі міндетіміз не? Қазақтың рухани мұрасын адамзат өркениетінің қатарына қосу үшін неге назар аудару керек? Осы мәселелерді жүйелеу үшін жақында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы жанынан Материалдық емес ұлттық құндылықтар жөніндегі ұлттық кеңес құрылған екен. Біз осы кеңес мүшелерінің басын газетіміздің елордадағы кеңсесінде қосып, аталған мәселелерді Алаштың талқысына салуды жөн көрдік.
Қатысушылар: Әлібек Күзербаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің бас сарапшысы; Наурызбаева Альмира Бекетқызы, философия ғылымының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің проректоры; Елеманова Саида Абдрахимқызы, Қазақ ұлттық өнер институтының профессоры, өнертану кандидаты; Жұмалиева Тамара Қалмырзақызы, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры; Мүптекеев Базаралы Жұмағұлұлы, Қазақ ұлттық өнер университеті фольклорлық зертхана бастығы, өнертану ғылымының кандидаты, күйші; Имамбек Евфрат Бағдатұлы, әлеуметтанушы, ЮНЕСКО обсерваториясының сарапшысы. Модератор: Қанат Қазы, «Алаш айнасы» газетінің тілшісі.
Қанат Қазы:
- Басқосудың беташарында жақында ғана күшіне енген халықаралық конвенцияның маңызын тағы бір еске салсақ. Қазақтың материалдық емес мұрасын қорғау ғана емес, оны дамыту һәм жаңғыртып, адамзат өркениетіне қосу бағытында бұл құжат елімізге не береді?
Әлібек Күзербаев: Алдымен осынау маңызды құжатқа тоқталайын. Конвенция 2006 жылы дүниеге келгенімен, оның алғышарты 1970 жылдары қалыптасқан болатын. Сол тұста Латын Америкасының бірқатар халықтары, оның ішінде Боливияның көне тұрғындары жаһандану салдарынан жойылып кету қаупі төнген рухани мұраларын сақтауды өтініп, халықаралық конвенция қабылдауға мұрындық болған еді. Соның негізінде 2006 жылы осы конвенция жасалды. Егер 1972 жылы қабылданған ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраларды қорғау туралы конвенциясы тарих, сәулет ескерткіштерін қорғауға бағытталса, 2006 жылғы конвенция материалдық емес, яғни рухани мұраларды, оның ішінде салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, мейрамдар, дәстүрлі кәсіптермен байланысты білімдер мен дағдыларды қорғауға бағытталған. Расында, адамзат баласы жыл өткен сайын жаһандану салдарынан біртіндеп өз мұраларынан айырылып та жатыр. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша соңғы жылдарда ғана әлемде ондаған тіл жойылып кеткен. Ал жойылған тілмен бірге, сол халықтардың аңыз-әңгімелері, жыр-дастандары, яғни бүтіндей бір рухани мұралары құрдымға кеткені анық. Сондықтан да ЮНЕСКО рухани мәдени мұраны қорғау, сақтау, жойылып бара жатқан мұраларды анықтау, олардың тізімін жасау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған орай, ЮНЕСКО аясында Адамзаттың материалдық емес мұрасының көрнекі тізімі жасалған. Конвенцияға қосылғаннан кейінгі Қазақстанның да ұлы мұраттарының бастысы сол тізімге ұлтымыздың өзіне тән үздік үлгілерін ұсыну болып табылады.
Евфрат Имамбек: «Қазаққа не береді?» дегенге қосатыным бар. Осында отырған тең жартымыз кезіндегі Кеңес Одағының лингвоцид саясатынан жапа шеккен екенбіз. Сол саясат талай мұраны жалмап кетті. Конвенцияның маңызы сол – өткенді жаңғыртып, өшкенді тірілтеді. Сосын бұл конвенция – батыстан гөрі шығыс халықтары үшін аса қажетті дүние. Өйткені материалдық мәдени мұраны қорғау конвенциясы басым жағдайда Еуропа өркениеті үшін маңызды, олардың мәдениетінің негізі материалдық дүние. Ал көшпенді мәдениеттің өзегі – материалдық емес, рухани мұра. Мұның ауқымы да шексіз. Еуропа өркениеті материалдық емес мәдени мұраны қорғауға алатын конвенция қабылданғаннан соң шығыстан келетін өтінімдер нөпіріне тап боламыз деп ойламаса керек. Қазір осыған таңғалатындармен қатар, оны мойындайтындар қатары да артып отыр. Өйткені адамзаттың негізгі мұрасы материалдық мұра болып табылмайды. Басты мұра – рухани мұра, бұл да басқа мұралар секілді қорғауды қажет етеді. Ал бізге бұған дейін «мәдениеттің ұстыны материалдық болуы керек» деген жалған пікір тағылып келді. Мұндай таптаурынды еңсеру елдігіміз үшін аса маңызды.
Саида Елеманова: 2001 жылы, сосын 2003 және 2005 жылдары үш рет адамзаттың ауызекі тілде сақталып келген жауһарларының, фольклор шедеврлерінің, жыр-дастандарының әлемдік конкурсы өтті. Өкініштісі, осы конкурстың ешқайсысына да біз қатыса алмадық. Ұмтылыс болды, бірақ жолымыз болмады. Өйткені бұл жылдары біз әңгімеге арқау болып отырған Конвенцияға қосылмаған едік. Ал сол әлемдік байқауларға ұсынылған ауызша мәнердегі шедеврлердің барлығы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Оған әзірбайжанның ашугасы да, қырғыздың ыршылары да кірді. Өзбектің өзі ЮНЕСКО тізімінің төрт аталымын еншіледі. Қазақтың өнері ғана кіріге алмады. Міне, сол олқылықтың орнын енді ғана толтыратын мүмкіндікке иеміз. Бұл мүмкіндікті созуға да келмейді, осы бағытта шапшаң шаралар қабылдауға тиіспіз. Тіпті «Материалдық емес рухани құндылықтар туралы» ұлттық заңымыз да болуы шарт. Мұнымен айналысатын арнайы орган да болуы керек.
Қанат Қазы:
- Ендігі басты мақсат ЮНЕСКО тізіміне қазақтың рухани мұрасын енгізу дедік. Ендеше, әлемдік өркениеттің қатарына өзінің рухани мұрасы ретінде қазақ қандай мұрасын ұсына алады? Біз бұған дейін қазақтың айтысын ЮНЕСКО мұрасына ұсынамыз деп жүр едік. Кейіннен «армяндар айтысты өздерінің мұрасы ретінде ұсынбақ болыпты» деген қауесет шықты. Бұл шындыққа жанаса ма?
Саида Елеманова: Бұл өтірік сөз. Армяндарда ондай ұмтылыс болған емес. Оларда айтыс өнері жоқ. Біздің білетініміз, бұған дейін әзірбайжан тарапынан «ашуга» жөнінде ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасалған. Мұны негізінен, ғашықтыққа негізделген поэтикалық жанр десе де болады. Дегенмен армяндар да осы «ашуганы» өздерінің ұлттық рухани мұрасы ретінде қарастырады. Сол үшін армяндар әзірбайжан берген ұсынысқа қосылғысы келеді.
Әлібек Күзербаев: Қазақтың айтысына ұқсас әлемде бірнеше өнер бар. Алайда айтыстың ерекшелігі де, орны да бөлек. Оны өзгелермен шатастыруға еш негіз жоқ. Сондықтан армяндар айтысқа таласа алмайды. Айтыс жайында айтар әңгіме: қазір қазақ пен қырғыз бірігіп, айтысты ЮНЕСКО дайындайтын Адамзаттың материалдық емес мұрасының көрнекі тізіміне ортақ мәдени мұра ретінде енгізбекші. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі қырғызстандық әріптестерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Альмира Наурызбаева: Әрине, асыл мұраларымызды ЮНЕСКО-ның көрнекі тізіміне енгізудің жөні бөлек. Бұл зор мақтаныш. Осы үшін біз жұмысқа бел шеше кіріскелі отырмыз. Сол арқылы біз бүкіл адамзаттың рухани мұрасының алдында өзіміздің ұлттық феноменімізді паш етеміз. Дегенмен мұнда қазақтың төл мәдениеті үшін туындайтын әрі ең алдымен өзіміз үшін аса қажетті саналатын бір мәселені ескергеніміз абзал. ЮНЕСКО тізімінен бұрын, Қазақстанның өз ішіндегі материалдық емес рухани мұрасының ұлттық тізімі жасалуы керек. Яғни біз ең бірінші кезекте өз ішімізде бар-жоғымызды түгендегеніміз абзал. Екіншіден, қазақтың қандай рухани мұрасына жоғалып кету қаупі төніп тұр? Мұны да айқындап, жедел шараларды қарастырған игі. Үшіншіден, біз материалдық емес мәдениетіміздің бір бөлшегін сақтап қана қоймай, оны қоғамға етене ете білгеніміз жөн. Қоғам өзінің ұлттық рухани құндылықтарын бағалап, соны сезіне білуі шарт. Ендеше, материалдық емес рухани мұраны дәріптеп, жаңғырту – ұлттық деңгейдегі өзекті мәселе. Төртіншіден, біз саяси тәуелсіздікке қол жеткізген бақытты елміз. Дегенмен «Тәуелсіздігімізді одан сайын қалай нығайтып, баянды етеміз?» деген күн тәртібінен түспейтін сауал бар. Сол тұрғыдан алғанда, мәдени мұрамызды сақтау, оны жаңғыртып, қайта түлету Тәуелсіздікті нығайтатын екпінді фактор екенін естен еш шығармасақ екен. Бұл біздің рухани мәдениетіміздің негізгі ұстыны болуы шарт. Өйткені отарлану жылдарында ықылымнан келе жатқан мұрамыздың бөлшектері жойылды. Соның салдары әлі де сарқылған жоқ. Сондықтан да ең алдымен материалдық емес мәдени мұраларымыздың ұлттық тізімін жасап, соған қарай мемлекеттік мүдде көрініс тапса игі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қазақтың материалдық емес рухани мұрасын жаңғыртуы үшін жалпыұлттық қызығушылықты оятуы шарт. Бұған бүкіл қоғамдық болмысымызбен атсалыссақ игі. Тіпті рухани жаңғыру үшін мектептен, балабақшадан бастап атқарылатын шаралар кешенін қамтуға тиістіміз. Қазіргідей мәдени мұралар үйірмелер деңгейінде қалмауы керек. Қазақтың бай тілінен, тарихынан, әдебиетінен бөлек, қазақтың өз есеп-қисабы, геометриясы, математикасы да бар. Осының арасында көптеген құндылықтар жаңғыртуды қажет етеді.
Қанат Қазы:
- «Жойылу қаупі» деп қалдыңыздар. Ендеше, қазақтың материалдық емес рухани құндылықтарының арасынан жоғалу қаупі туындап отырған дүниелерді атап өтсеңіздер? Қайсы дүниеге мемлекеттік деңгейде қамқорлық керек деп ойлайсыздар?
Тамара Жұмалиева: «ЮНЕСКО-ны әлем мәдениетінің ұйытқысы» деп бекер атамаса керек. Ендеше, халықтың мәдениеті, ондай мәдениеттің құрамдас бөлігі қазақтың ұлттық қолөнер дәстүрінде жатыр. Ал қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерінің бастауында тұрған бірден-бір дүние, керемет жәдігеріміз, Еуразия көшпенділерінің қара шаңырағы – киіз үй. Сол тұрғыдан мен қазақтың киіз үй жасау шеберлігін, киіз үй жасау өнерін жойылу қаупінде тұрған материалдық емес құндылықтар қатарына жатқызуға болады деп санаймын. Жалпы, киіз үйдің өзі адам қиялынан, шеберлігінен туған дүние. Біздің аяулы жәдігеріміз, барша қазақтың жүрегіндегі ұлттық рух пен намысты оятатын киелі бесігіміз бола тұра, оны жасау өнерінің жойылып бара жатқанын аңдамайтын секілдіміз. Көп жерлерде киіз үй темірден құралып, шүберекпен жабылып, «мынау қазақтың «темір-ағаш үйі» деп жатыр. Мұндай тіркесті естудің өзі жүрегімізді ауыртады. Академик Қаныш Сәтбаев та, сөз зергері Ғабит Мүсірепов те, қазіргі ірі тұлға Елбасының өзі де қазақтың киіз үйіне келіп бас иіп тұрады. Президенттің өзі көрмені аралағанда, «Мен осындай қазақтың киелі шаңырағында туып-өстім ғой» деп киіз үйді мақтаныш тұтты. Ал біз бара-бара сол киіз үйді жасау өнерімен қоса, оның қасиетінен де айырылып қалмайық. Ендеше, киіз үй жасау шеберлігін жойылып бара жатқан, қамқорлықты аса қажет ететін материалдық емес мәдени мұра қатарына қосу керек деп санаймын. Қазір Маңғыстау өңірінде ықылымнан келе жатқан киіз үйдің барлық қасиетін сақтап жасайтын адамдар бар. Бірақ олардың қатары сиреп барады. Оған күтім, келешек үшін мұралық тағылым керек. Сондықтан да қазақтың киіз үйі ЮНЕСКО-ның тізімінде тұруы тиіс.
Әлібек Күзербаев: Толықтыра түсейін, жоғарыда айтқанымдай, айтыс өнерімен қатар, Қазақстан қырғыз бауырларымызбен бірлесіп ЮНЕСКО тізіміне «Киіз үйді жасау дәстүрі» атауымен материалдық емес мұраны ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Базаралы Мүптекеев: Қазақтың жоғалып бара жатқан рухани мұрасының ауқымды бөлігі ауыз әдебиетінде жатыр. Кезінде фольклорлық экспедиция деген болатын. Бұл халық арасындағы мұралардың барлығын сақтап қалу үшін қызмет ететін еді. Елдің түкпір-түкпірінен салт-дәстүрді, наным-сенімдердің озық үлгісін, жыраулық пен күйшілік өнерді жинаумен экспедиция айналысатын. Қазір бұл жоқ. Сол болмаған соң көп дүние де өңірлерде жойылып жатыр. Қазақтың тұрмыс-салттық сарындары қазір ұмытылуға айналды. Сыңсудан бастап, жоқтауға, жарапазанға дейінгі мұралар қатары кеміп кетті. Күйшілік өнердің өзі білім ордаларында академиялық оқу жүйесімен шектеліп қалған. Расында, дәстүрлі күйшілік өнерді дәріптеушілер қай өңірден де табылады. Әзірше табылып тұр. Келер онжылдықта ондай мұраны жалғастыратындар саны сиреп, біртіндеп жойылуы да ғажап емес. Жетісу, батыс, Арқа, Сыр мақамдарының мол мұрасы түгенделіп біткен жоқ. Шындығында, көкірегі шежірелі бір ақсақалдан айырылсақ, сонымен бірге мол мұраның да кететінін түсінсек игі. Сондықтан да материалдық емес мәдени мұраны дәріптейтін ауылдық мектептер ашылуы керек.
Евфрат Имамбек: Бізге байқалмағанымен, материалдық емес мәдени мұраға жататын ауқымды элементтер жойылудың шегінде екені рас. Мәселен, Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрына кеңестер бере жүріп, «Ортеке» жанрын ЮНЕСКО-ға енгізуді ұсындым. Біз мұны музыкалық-қуыршақ өнер мұрасы ретінде белгіледік. Расында, «Ортекені» 50-60 жылдары меңгерген азаматтар болғанымен, қазіргі ұрпақ оны мүлдем естен шығарып алған. Тіпті өз ұлтының төл өнері екендігін естіп таңғалысып жатқандары да бар. Біз осыны ЮНЕСКО тізімінде тұруы тиіс деп санадық. Сонымен қатар «Қара жорға» биін ұсынып қойғанбыз. Нәтижесін күтіп отырмыз. Ол бір жарым жылдан кейін белгілі болады.
Әлібек Күзербаев: Нақтылай кетейін, Қазақстанның Ұлттық кеңесі Қазақстан аумағындағы материалдық емес рухани мұралардың алдын ала тізбесін жасап шықты. Соның ішіндегі екі мұра ЮНЕСКО-ға жолданды. Оның бірі – «Қара жорға» биі, екіншісі – «Ортеке». Ал бұған дейін өзге елдердің бастамасымен ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Наурыз мейрамы мен сұңқармен аң аулау дәстүріне алдағы уақытта Қазақстан да қосылуы тиіс деп ойлаймыз. Осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. ЮНЕСКО-ның талаптарына сәйкес, Наурыз тәрізді көпұлтты аталымдарды ортақ мұра ретінде дайындап, ұсыну оңай жұмыс емес, ол көп уақытты қажет етуі мүмкін. Айталық, осы мұраны алғаш ЮНЕСКО-ға ұсынуға бастамашы болған Иран, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты елдермен біздің мемлекетіміз бірлесіп ортақ өтініш, видеоматериал дайындауы керек.
Қанат Қазы:
- Киіз үй жасау өнерін қырғыздармен ортақтасып ұсынамыз деп жүрміз. Сол секілді түркі әлеміне ортақ дүниелер де жеткілікті ғой. Мәселен, «Алпамыс» жырының өзі бірқатар түркі жұртының ортақ қазынасы. Өзбектер өзіне тартып жатса оған шара бар ма? Бұл жағдайда қалай қыламыз? Бәлкім, түркілердің де ортақ материалдық емес мәдени мұраларын жасауымыз керек шығар?
Альмира Наурызбаева: ЮНЕСКО ережесіне сәйкес, егер материалдық емес мәдени мұраның қандай да бір элементі бірнеше елдерде болатын болса, оларға өзара қосыла алады. Қосылу үшін мемлекеттер өзара келіссөз жүргізсе болды. Оның үстіне, түркі әлемінің ортақ дүниесіне қатысты түсініспеушілік пен талас бола қояды деп ойламаймын. Дегенмен ойды дамыта түссек, менің пайымымша, бүгінгі күні қазақтың материалдық емес рухани мұрасын түгендеуі оның ұлттық идеясына айналмай, мемлекет бұған ұйытқы болмайынша, оны түркілік әлемінің деңгейіне де, ЮНЕСКО деңгейіне де шығару мүмкін болмайды. Мұны түсіну керек. Бұл – біздің жалпыұлттық идеямыз. Міне, бұған терең мән берсек, әрбір азамат осыны түсіне білсе, оның өзі жалпыұлттық идеяның іргетасы бола алар еді.
Саида Елеманова: Дұрыс айтасыз. Шынымен, ЮНЕСКО аясында қорғалатын қазақтың дүниесін алдымен қоғамның тұтас талқысына шығарып алайықшы. Біз, расында, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға енді ғана мойын бұрып келеміз. Ендеше, басынан бастағалы тұрған осы кезеңде мәселені мемлекеттік жалпыұлттық деңгейде көтере білсек екен. Мысалы, біз қазақтың күйі мен жырын ұсынғымыз келеді. Мұны қоғам біліп, ол туралы пікірін, ұсыныстарын берулері шарт. Егер біз мұндай пікірлерді естуге мүмкіндігіміз болмаса, онда оны әлемдік деңгейде де көтеріп, басқа жұрттың алдында да жарытып қорғай алмауымыз кәдік.
Евфрат Имамбек: Шындығында, ЮНЕСКО тізімінде қауымдастықтың, қоғам тарапының бастамаларына баса назар аударылады. Ең алдымен ондай материалдық емес мәдени мұраны тасымалдаушылардың пікірі тыңдалады. Осы тетікті түсінуге тиіспіз. Сосын, менің ойымша, мемлекеттен көп дүниені күтіп отыра бермеу керек. Өйткені біз бұған дейінгі жағдайымыздың, өскен ортамыздың әсеріне орай бәрін мемлекет істейді, жоғары жақ шешеді деп үйреніп қалғанбыз. Бұдан арылып, қоғамның өзі мәдениеттің қорғалуына мүдделі болса екен. Расында, ЮНЕСКО соған көбірек көңіл бөледі. Ал жаңағы түркі әлеміне ортақ дүниеге келетін болсақ, қазақ ондай дүниелердің бәріне «ЮНЕСКО ережесі солай екен» деп үсті-үстіне қосыла беруден қашуы керек. Ортақ дүниелердің үсті-үстіне қосыла берсек, одан пайда шамалы. Өйткені біз өз құндылығымызбен ерекшелене алмай қаламыз. Тіпті ортақтыққа салсақ, өзіміздің ерекшелігіміздің жойылып кетуі қаупі де туындайтыны анық. Сондықтан да біздің Ұлттық кеңестің саясаты өзіндік қасиетпен, қазақ мәдениетімен ерекшеленуі шарт. Біз жалпытүркілік элементтермен ортақтасып ұсынсақ та, қазақтың өзіндік ерекшелігін айрықша атап жазуымыз, көрсетуіміз керек.
Қанат Қазы:
- Осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Мәселен, қазақтың өз ішіндегі мәдени-рухани мұрадан бөлек, сырттағы отандастарымыз да мұраны сақтаушы, жеткізуші, тасымалдаушы болып табылады. Жаңағы ЮНЕСКО-ға ұсынған «Қара жорға» биінің өзі бізге шеттегі қандастарымыздың жаңғыртуы арқылы қайтып келді емес пе? Сол секілді кезінде шетел асқан қазақтардың тарапынан сақталып келген мұрамызды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жайын қалай қарастырамыз?
Евфрат Имамбек: Бұл – өте орынды мәселе. Расында, Атажұрттан жырақта жүрген қазақтың арасында жыршылар, шежіре көздері, әншілер – ұлттық мұраны сақтаудың дәнекері. Сол үшін біз Ұлттық кеңестің жанынан сарапшылар мен консультанттардың басын қосатын арнайы комитет құрғымыз келеді. Бұл – бір. Екіншіден, бір мысалды келтіре кетейін. Қырғыз ұлтының бірден-бір мақтанышы саналатын «Манас» жыры ЮНЕСКО-ға Қытайдың бастамасымен енді. Анықтап айтайын, Қытайда тұратын қырғыздар «Манас» жырын ЮНЕСКО-ға енгізді. Осындай болмас үшін біз де айтыстың да, киіз үйдің де, басқа түркілермен ортақ дүниеміздің де ерекшелігін көрсетіп жазуымыз керек. Шеттегі қандастарымыздың қолында бар мұрасын да осы жолмен жүзеге асыратын тетіктер баршылық.
Қанат Қазы:
- Пікірлеріңізге тоқталсақ, бізге материалдық емес мәдени-рухани мұраларды түгендеу үшін жалпыұлттық іс-қимыл жоспары керек дегенге тоқайласатын секілдіміз. Сосын бұл бағытта ұлттық заңнама болуы керектігі туралы да ұсыныс айтылды. Тағы қандай мәселелер өзекті?
Альмира Наурызбаева: Елімізде «Мәдениет» телеарнасының ашылғанына да біраз болды. Әйтсе де ондағы бағдарламалар көңілден шыға бермейді. Бәлкім, жаңадан кірісіп жатқандықтан шығар. Дегенмен бұл арна ең алдымен біздің мәдениетімізді дәріптесе екен. Шетелден келген деректі фильмдерді қазақшаға аударып бергеннен гөрі қазақтың төл дүниесін өзіне таныстырумен айналысса... Сол үшін «Мәдениет» арнасы аясында экспедициялар да өңірлерге шығып, насихаттау жүйелі жүргізілсе... Бұл да үлкен күш болар еді.
Базаралы Мүптекеев: «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде материалдық емес мәдени мұраны жаңғырту бойынша бағыт қалыптасса деп ойлаймын. Әйтпесе жеке материалдық емес мәдени мұраны қорғауға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Өйткені біздің рухани дәстүріміз өте бай. Оны бір ғана бағдарлама шеңберіне сыйғызу да мүмкін емес. Мемлекет қолдау білдіріп, бәлкім, біз материалдық емес мәдени мұраларымыздың бір электрондық базасын құруымыз да керек секілді.
Әлібек Күзербаев: Жалпы, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде 2004-2011 жылдар аралығында елімізде көптеген жұмыстар атқарылғанын естен шығармауға тиістіміз. Оның ішінде өзіміз айтып отырған рухани мұралар қайта жаңғыртылды. Мысалы, бірнеше томдық «Бабалар сөзі» жинағының шығуының өзі еліміздің мәдениеті үшін үлкен олжа болды. Одан бөлек, қазақтың 1000 әні мен күйі таспаға түсіріліп, олардың тұсаукесерлері аса қызығушылықпен Астанада өткені баршаңызға белгілі. Міне, осы сияқты жұмыстар одан әрі жалғасын табады деген сенімдемін.
Тамара Жұмалиева: Бүгінгі толқынның бір ғана мақсаты болуы тиіс деп санаймын. Бұл – ұлттың асыл құндылықтарын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Бабалар жәдігерін келешекке аманаттау біздің еншімізде. Өйткені біз – алтын көпірміз. Ендігіде асыл қазынадан айырылып, оның себебін жаһандануға жаба салуға болмайды. Саналы жұрттың қамын жасайық, оған мүмкіндік те бар. Сіздердің «Алаш айнасы» газеті де осы ұлттық құндылықтарды түгендеуге кіріссе, соған қосылса екен. Материалдық емес мәдени құндылық – бұл ауқымды дүние. Оның ішінде салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та, қолөнер де, фольклор да, музыка да, әдебиет пен жөн-жоралғы да қамтылады. Әрбір қазақ осыған жанын аямай кірісуі керек. Ертеңгі күні ағылшын тілінде сөйлеп тұрған біздің ұрпағымыз адамзаттың асыл мұрасы арасынан өзінің жәдігерін адаспай тауып алатын болуы шарт. ЮНЕСКО тізіміне де сол үшін жанталасу керек. Тізім жасауды осы бүгін, мына Алаштың жүгін арқалаған газеттен бастасақ та болады. Сонымен қатар қазақ азаматтарының арасында іскер жігіттер көп. Соларға үндеу жариялауымыз керек. «Ей, Алаштың азаматы, қазақтың баласы! Ұлттық құндылығыңды жоғалтпа! Оны адамзат өркениетінің деңгейіне көтере біл» деп газет арқылы ұран тастасақ та болатын секілді.
Қанат Қазы: Мұны баршамыз құптап, ұранға Алаш баласы үн қосар деген үміттеміз!