"Кәсібімді ашқанда қалтамда 50 мың теңге ғана болды": Алты жылдан соң эфирге қайта оралған Жанат Бақыт алғаш рет сұхбат берді (видео)

"Кәсібімді ашқанда қалтамда 50 мың теңге ғана болды": Алты жылдан соң эфирге қайта оралған Жанат Бақыт алғаш рет сұхбат берді (видео)

Жанат Бақыт – КТК арнасы арқылы көпшілікке танылған тележүргізуші, асыл жар, аяулы ана. Ол журналист қана емес, қазақстандық брендті дамытуды қолға алып, қазақ оюларын насихаттауға үлесін қосқан кәсіпкер. Бүгінде бірнеше жұмысты қатар алып жүрген іскер әйел Stan.kz тілшісіне қызметі мен кәсібі туралы айтып, бақытты отбасының құпияларымен бөлісті. 

Телевизия саласына қалай келдіңіз? Осы жолдағы қиын және қызықты сәттеріңізді еске түсірейікші

- Көгілдір экранға ең алғаш 2004 жылы шықтым. Барлығының телеарнаға келу тарихы өте қызықты, әрі бірдей. Менің бала күнімнен тележүргізуші немесе диктор болсам деген арманым болған жоқ. Керісінше бұндай ортадан қашып жүретінмін, бірақ неге екенін дәл сондай ортаға апарып қоятын. 2004 жылы университетте филология мамандығы бойынша оқып жүргенмін. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деп жүргенмін. Бір күні Қазақ Ұлттық Университетінде “Ана тілі аруы” деген байқау өткізілді. Өтіп бара жатып, сол жарысқа қатысқым келіп кетті. Әкеме айтсам “не қыласың қатысып, өзіңнің оқуың оңай емес” деп айтты. Оның үстіне газеттерде жұмыс жасайтынмын. “Оның барлығын алып жүру қиын, қатыспай-ақ қой” деді әкем. Сол әкемнің “қатыспа” деген сөзіне қырсығып, “жоқ мен қатысамын, өзімді дәлелдеймін” деп ақыры бағымды сынап көрдім. Ақырында ойламаған жерден 30-40 қыз қатысқан сайыста бірінші орын алдым.

Сол жарыста телеарнада жұмыс жасайтын режиссерлер отырды. Ертесі күні мені кастингке шақырды. Сөйтіп “Хабар” телеарнасына бардым. Келсем жүргізуші басқа қалаға кетіп қалыпты. Бағдарлама эфирге шығуы керек. “Міне сценарий, міне киім, қатысатын адамдар дайын тек жүргізуші болса болды” деп мені кіргізіп жібереді. Мен ол кезде камера көрмегенмін, ештеңе білмейтін студентпін қобалжыдым да қалдым. Бірақ бәрібір алып шықтым. Бір жылдай жүргізгеннен кейін ол бағдарлама жабылды. 2005 жылы НТК арнасында қазақ тілінде жаңалықтар ашылып жатыр, сол жерде диктор іздеп жатыр дегенді естідім. Дәл қолайлы уақытта барыппын. Қазақ тілінде жүргізе алатын диктор қажет болып, тағы да эфирге шығып кеттім. Бұдан соң КТК арнасына ауыстым. Сөйтіп ол жерде алты жылдай жұмыс істедім. Естеріңізде болса эфирге қазақша камзолмен шығатынмын. Өйткені маған қазақы киімдерді тек 22 наурызда киетініміз ұнамайтын. Соны күнделікті сәнге айналдырсам деген мақсатым болды. Сол оймен эфирге қазақша киініп, шығып жүрдім. Көбісі менің атымды білмесе де, “қазақша киіммен жаңалық жүргізетін қыз” деп айтатын. 

"Орнымды босатуды талап етті" деп едіңіз.  Бірнеше жыл жұмыс істеген телевизия саласынан бір кездері кетуіңізге не себеп болды?

- Иә, ол рас. Адам негізі бір жерде жайлы отырса соған үйреніп алады. Алты жыл бойы бір жерде жұмыс істегеннен кейін бауыр басып қалады екенсің. Мемлекет басшылығынан да көріп жатқан шығарсыздар. Жаңа біреу келсе команданы ауыстырып жібереді. Бізге жаңадан басшы келді. Тиісінше қызметкерлерді жұмыстан босатты. Сол кезде ренжігенім рас. Өйткені жайлы орнымнан кету қиын болды. Кәсіп бастайын десем қалтамда бар-жоғы 50 мың теңге ғана тұр. Ал кәсіпті төменнен бастау өте қиын. Адам көбінесе қиындыққа барғысы келмейді ғой. Сол үшін жайлы орнымнан кеткім келмей, ашуланғаным рас. Бірақ мен қазір ол басшылыққа тек алғысымды айтамын. Өйткені менің өсуіме үлес қосты. Барлық жағынан психологиялық тұрғыдан да, адам ретінде өзімді табуыма да көп көмегін тигізді. Қазақта “тұрған су сасиды” деген сөз бар емес пе? Әлі сол қызметте жүре бергенімде өспейтін едім.

Телевизияға қайта келуіңізге не әсер етті? Жаңа бағдарлама тізгінін ұстайын деп жатыр екенсіз. Осы туралы айтып бере аласыз ба? 

- Шыны керек, мен телеарна саласымен іштей мүлде қоштасқанмын. Қайта келмеймін дейтінмін. “Ат баспаймын деген жерін үш рет басады” деген сөз бар ғой. Тіпті бағдарламаларға қонақ ретінде шақырса да бармай жүргенмін. Өйткені өзіме солай қолайлы болды. Менің жүрегіме телевизиядан қарағанда кәсіпкерлік жақын. Кәсіппен айналысқанда рахаттанамын. Бірақ 31 телеарнасының продюсерлері қолқалады. Бұл мен үшін жаңа мүмкіндік екенін айтты. Өйткені мен бұрын жаңалық жүргізгенмен, ток-шоу жүргізіп көрмегенмін. Мен үшін бұл тағы бір үлкен дәреже, тағы бір баспалдақтың бастауы болып тұр. Негізінде оңай болып жатқан жоқ. Алайда абыроймен алып кетемін деген сенімдемін. 

Бағдарлама қазіргі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Елді алаңдатқан қандай да бір сауал болатын болса, соның жауабын қалайда табуға барымызды саламыз. “Айтуға оңай”, “Қарекет” сияқты бағдарламалардың желісімен жасалған десек те болады. 

Көпшілікте жетістікке жетіп, жылтырап жүру үшін таныс керек деген ой қалыптасқан. Осы жайлы пікір білдірсеңіз. Сіздің тәжірибеңізде қалай болды?

- Жоқ мен бұл сөзбен келіспеймін. Кез-келген жетістікке адам өзі жетуі керек. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Мәселен, бағана кәсібімді ашқанда қалтамда 50 мың теңге болды деп едім ғой. Сол кезде кәсіпті бастағым келмей, өзімді қатты қинағаным рас. Неше таңды ұйқысыз атырдым. Бірақ кейін уақыт өте келе қарасам, бір түс секілді. Қазір әр өңірде дүкен ашылған. Қаншама адамдар қарамағымда жұмыс жасап жүр. Мен сол кезде айналдырған 5-6 жылда кәсібім осындай дәрежеде дамиды деп ойлаған жоқпын. Кез келген нәрсені бастау оңай емес. Сол себепті көп нәрсеге ақылмен, еңбекпен жету керек. Ал жүз жерден сіздің танысыңыз болса да, еңбек етпесеңіз, басыңызда ми болмаса жетістікке жету мүмкін болмайды. 

Не себепті телевизиядан кейінгі таңдауыңыз кәсіпкерлікке түсті? Бұл ой сізде бұрыннан болды ма? 

- Телеарнада жұмыс істеп жүрген кезде құрбыларым, таныстарым күнделікті оюы бар киіп жүрген кәжекейлерімді, пиджактарымды “қай жерден алсақ болады” деп сұрайтын. Ол кезде мен телевизиядан прокуратураға баспасөз хатшысы болып ауысып кеткенмін. Сол жерде “неге дүкен ашпасқа” деген ой келеді. Қалтамда бар-жоғы 100 мың теңге бар болатын. Телеарнада жүргізуші болып жүрген кезімде дизайнерлер толтырып қамзолдар берген. Шкафқа сыймай, этикеткасымен қалатын. Солар жиналып қалғандықтан, дүкен ашуға шешім қабылдадым. 50 мың теңгеме шкаф жасаттым, жалға алу ақысына 50 мың бердім. Сөйтіп кәсібім басталып кетті. Соның жолында алты жыл жүрдім. 

Менің түсінгенім бойынша кәсіпкерге тән бір мінез “ой келді ме” бес минуттың ішінде орындау керек. Бес минуттан кейін ол ой ескіреді, өзіңіз ойланып қаласыз. Сол себепті менде кәсіп ашу туралы ой келгенде ойланған жоқпын, бірден үйден шықтым. Қаланың шет жағы, қазір ойлап қарасам сол жерде дүкен де жоқ екен. Жан-жағымның барлығы офис. Жалға алу құнын сұрасам “50 мың теңге” дейді. Қалдамда қалғаны да сол ақша еді. Ішін ақтап, сырлап, үйден жиһазымды апарып, аша салдым. Ойлап қарасақ, барлығы бір-бірімен ұштасып жатыр. Мен қаламасам да, ол солай болатын еді. Құдай өзі керек кезде жетелеп апарады екен. Соған шүкір айтамын. 

Киімдердің дизайнын кім ойлап табады? Өзіңіз бұған ат салысқан кездеріңіз болды ма? 

- Мен әрдайым атсалысамын. Менің келісімімсіз ешқандай киім тігілмейді. Менің келісіміммен ғана барлығы тігіледі. Қазір қарамағымда қазақстандық 10-15 дизайнер бар. Олар алдын ала тігетін кезде менімен ақылдасады. Сондай-ақ өзіміздің де цехтар бар. Жалпы адамның қалтасына қараймыз. Жеке адамнан гөрі қарапайым халыққа көбірек жұмыс істеген ұнайды. Іс бастаған кезде алдыма қойған мақсатым – отандық киімді қол жетімді қылу болды. Екіншіден, шіркін тойда жүрген әйелдердің тым болмаса бір-екеуі қазақша киім кисе ғой деп армандайтынмын. Сол арманым бүгінде орындалып жатқандай. 

Алматыда болған тәртіпсіздіктер бірінші кезекте кәсіпкерлердің қалтасын қақты. Осы тұста сіздің бизнесіңізге залал келді ме? 

- Дәл осы тұста біздің сауда орталығының күзетшілеріне алғыс білдіргім келеді. Өйткені үш күн қатарынан бір күнде 4-5 реттен шабуыл жасаған. Қарумен барлығын қорғапты. Тек жартысын қиратқан. Біздікіне жетпепті. Оған шүкір деп айтамын. Өйткені біз сияқты кәсіпкерлердің көбі бизнесін несие алып бастайды. Кәсіби қираған бизнесмендерге әрине обал болды. Мен оларды түсініп отырмын. Ешкім асып тасқаннан емес, несие алып кәсібін өрге домалатқысы келеді. Енді айналымға түсе бастағанда, мынандай жағдай болды. Оны енді мемлекет дәлелде дейді. Ал дәлелдей алмайтыны айдан анық. Өйткені құжат жүзінде бұл өте қиын. Сондықтан жапа шеккендерге сабырлық тілеймін. 

Бала-шағаның қамы, үй шаруасы бар, оған қоса жеке кәсіп, енді міне телевизиядағы жұмысыңыз қосылғалы тұр. Әлеуметтік желіде де белсендісіз. Барлығына қалай үлгересіз? Жолдасыңыз қарсылық білдірмей ме?  

- Жолдасым қолдағаннан кейін үлгеріп жатырмын. Әйтпесе үш балам бар. Үш жақта жүреді. Біреуін мектепке апару керек, біреуін жаттығуға, таңғы жетіден бастап бассейнге баратыны бар одан қалса, түрлі үйірмелерге апарамыз. 

Әлеуметтік желідегі жазбаға келетін болсақ, ол менің хоббиім. Өйткені әкем жазушы болған. Мен жазғанды өте жақсы көремін. Соның арқасында демалып қаламын. Ақын болмасам да, жазғанды жақсы көремін. Болашақта қазақтың қыз-келіншектеріне арнап, керекті кітап жазғым келеді. Оқыған кезде жан-дүниесі тынышталып, демалып қалатындай туынды шығару ойда бар. Телеарнадағы жұмысым енді басталып жатыр. Бәрін үлгеруге болады. Тәулігіне 24 сағат бар ғой. Соны “ұтымды пайдаланып жүрміз бе” деп ойлану керек. Көбінесе телефон шұқылаумен, ұйықтаумен уақытымыз өтеді. Сол үшін тайм-менеджмент жасап, дұрыс пайдаланса әлбетте уақытты жеткізуге болады. 

Осы орайда жолдасыңыз, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз. Ол кісі қандай адам? Бір сұхбатыңызда мені 8 жыл күтті деп едіңіз. Жалпы, отбасыңызда қандай да бір қағидалар бар ма? Бала тәрбиесінде ең бірінші нені ескерген жөн?  

- Жолдасыммен 1999 жылы танысқанбыз. Содан бері 23 жыл өтіпті. Мен ол кезде мектепте оқып жүрдім. Ол 1 курста оқитын. Арамыз төрт жас болды. Бірақ мен “егер мені жақсы көрсең, менің мектеп пен жоғары оқу орнын бітіргенімді күтесің” деп бірден айтқанмын. Айтқанында тұрып, 8 жыл бойы күтті. Тіпті оқуымды бітіргеннен кейін телеарнаға жұмысқа тұрып, жағдайымды жасадым. Осыдан соң барып отбасын құрдық. Қазір үш баламыз бар. Жанұядағы қағидаға келсек, әлбетте бірінші кезекте сыйластық болу керек. Бір-бірімізге осы күнге дейін, яғни 23 жылда қатты дауыс көтеріп сөйлемеппіз. Егер айрандай ұйып отырған отбасы болсаң, сыртқы есікті жапқанынан-ақ үйдегі әр адам мүшесінің қас-қабағын білуге болады. Қасыңнан өтіп кеткенде-ақ күйеуіңнің немесе әйеліңнің көңіл күйін байқауға болады. Міне нағыз махаббат пен сезім сондай деп ойлаймын. 

Ал енді бала тәрбиесіне келетін болсақ “өйту керек, бүйту керек” деп ештеңе айта алмаймын. Өйткені, әр бала өзінше бір тұлға. Өздерінше бір құдайдың жаратылысы. Сондықтан оларға үлкен адам ретінде қараған дұрыс. Әр балама қалауын істеуіне мүмкіндік беремін. Бірақ ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ажыратуға бағыт сілтеймін. Ал әкесінің қағидасы бойынша, дауыс көтерсең де ешқашан саусағыңды тигізбеу керек. Сол үшін әкесінің де, менің де ешқашан саусағымыз тиген емес. Тек сәл қатқыл сөйлеген кезде, қабағыңды түйген кезде балалар бірден біліп отырады. Одан кейін “мынандай мамандық иесі болуың керек” деген сияқты міндет қоймау керек деп ойлаймын. Бала оны өзінің жан қалауымен таңдаған дұрыс. 

Кәсіп те де, журналистика да елге танылып үлгердіңіз. Сіз секілді табысқа жетуді қалайтын қыз-келіншектерге қандай кеңес айтар едіңіз? 

- Мен сөздің шыны керек, “танылдыңыз, танымал болып үлгердіңіз немесе жұлдызсыз” деп сөйлесе ішімнен жақтыртпай тұрамын. Өйткені мінезім біреудің мақтағанын жақсы көрмейді. Әрине сыртыңнан мақтағаны дұрыс, бірақ бетіңнен мақтаса кәдімгідей қызарып қаламын. Содан кейін өзімді бір атақтымын. Жұлдызбын деп сезініп көрген емеспін. Мен тіпті өзімді біреу таниды деп те ойламаймын. Мысалы, базарда жүрген кезде “сіз қазақша киімдер тігетін қыз бар ғой содан аумайды екенсіз. Бірақ бойыңыз кішкентай, арық екенсіз” деп айтқан кезде таңғаламын. “Неге эмоцияңыз жоқ, бәрі солай айтады ау деймін” деп жатады. “Иә” деймін де жүре беремін. Өмірде мені көп ешкім танымайды. Себебі камера әрдайым салмақ қосады, одан кейін адамның бойын ұзын қылып көрсетеді. Ал жаңа әріптестерім “өмірде өте жұмсақ” адам екенсіз деп айтып жатыр. Ал теледидардан көргенде мінезді, қатал көрінемін. Негізі ондай емеспін. Тіпті, мүлде дауыс көтеріп көрген адам емеспін. 

Қыз-келіншектерге айтарым: ешқашан жылтырақтың артынан жүгірмеңіздер. Бақыт деген – негізі жоқ нәрсе. Бақытты біз көбелекке теңеуіміз керек. Егер сіз көбелектің артынан қуалай берсеңіз, ол ешқашан ұстатпайды. Сондықтан, менің айтарым сіз одан да өзіңіздің бақшаңыздағы гүлді суарыңыз, баптаңыз, күтіңіз. Сол кезде көбелек өзі қонады. Бұл өмірден өз орныңызды табыңыз. Адам өмірге келгендегі миссиясы не екенін біліп, “мен кіммін, өмірге не үшін келдім, не бере аламын” деген сұрақтарға жауап беретін болса кешегі күні сіз артынан шапқылап, қуалағанның бәрі алдыңызға келеді. Бақыт, байлық, билік дегеннің бәрі өзі келеді. Сондықтан жанталаспаңыз, ең бастысы өзіңізді табыңыз! Ақылыңызға, еңбегіңізге және күшіңізге сеніңіз! Сондай-ақ қулық, сұмдық нәрселерден ада болыңыз. Кіршіксіз таза нәрсеге құдай әрқашан қолдау білдіреді. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста