Алашшыл басылымның алғашқы қадамдары
Қазіргі ақпараттық дәуірдің дүрмегіне ілесіп, осыдан төрт жыл бұрын қазақ баспасөзі тарихында «Алаш айнасы» деген ардақты атаумен жарық көре бастаған басылым бүгін өзінің 1000-шы санын шығарып отыр. Онсыз да өз елімізден тарайтын, бұған қоса сырттан келетін басылымдар санының мол кезеңінде тыңнан түрен салып, заманауи үлгідегі күнделікті газет жұмысын тиімді үйлестіру аса оңай шаруа емес. Әйтсе де отандық ақпарат кеңістігінде «Алаш айнасы» аз уақыт аралығында оқырманын тез тапқан басылымға айнала білді десек, асыра айтқандығымыз емес.
«Штаб-пәтердегі» идеялар қақтығысы
Басылымның тұңғыш саны 2009 жылдың 28 қаңтар күні жарық көргенімен, әуелден ойға алған ісімізді бастау үшін бірнеше айлар мен апталарды дайындық шараларымен өткеріп, талай тартысты күндерді бастан кешіргеніміз күні кеше ғана сияқты. Қазақ журналистикасында өз орны бар, тәжірибелі маман Серік Мейрамбекұлының маңайына топтаса бастаған қалам ұстаған қыз-жігіттер мен компьютерлік дизайннің шеберлері күн-түн демей болашақ басылымның бағыт-бағдары мен кескін-келбетін жан-жақты ойласумен болдық. Жаңа жасақтала бастаған редакция ол кезде Алматының орталығындағы «Қазақстан» кинотеатрына қарама-қарсы, Сейфуллин даңғылының бойында орналасқан үлкен бір ғимараттың екінші қабатындағы шағын ғана екі бөлмелі кеңседе орын тепкен болатын. «Штаб-пәтер» атанып кеткен сол кеңседе түрлі ойлар көкпарға түсіп, сан қилы идеялар қақтығысы жүріп жататын.
Журналистер қауымының ортасында жаңа басылым туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер де айтыла бастады. Біреулер: «Тағы бір жаңа газет ашылайын деп жатыр екен. Кім біледі, ол да белгілі бір саяси науқан қарсаңында ашылып, көп ұзамай жабылып қалатын қатардағы қабырға газетінің бірі болар...» – деп сенімсіздік танытты. Енді біреулері: «кілең өз ісінің мамандарын бір іске жұмылдыра алатын бұл газеттің болашағы зор» – деп сенім білдіріп жатты. Әрбір жаңа бастама төңірегінде мұндай алуан пікірлердің айтылуы да заңды құбылыс еді. Десек те, біз өз ұстанымымызға берік, идеямызға адал болуға тырыстық. Ең бастысы, Алты Алаштың баласына өзіне қажетті ақпаратты дер кезінде бере алатын басылым жасауға сенімді болдық.
«Пробный номер»
Біраз қыз-жігіттер өзіміздің басқа жердегі тұрақты жұмысымыз аяқталған соң, әлі ашылмаған газеттің редакциясына барып, түн жарымына дейін кәдімгідей жұмыс істейміз. Қашан барсаң Серік Жанболат пен Мұратқали Дүйсенбаев ағаларымыз бен Мақсат Әділханов қағазға көміліп, мониторға шұқшиып, «газет шығарып» жататын. Шынында да, «Алаш айнасының» алғашқы саны ресми түрде жарық көргенше біз оған дейін бірнеше «пробный номер» шығардық. Онда да бас редакторға бәріміз жиналып, нөмірді жоспарлап, нақты тапсырмалар алып, шындап жұмысқа кірісе бастадық. Принтерден шыққан беттердің кейбіреуін қабырғаға қаптатып іліп қойып, кейбіреуін еденге жайып салып, соларға қарап отырып: «қалай істесек дұрыс болады» деп ұзақ ойланып, пікір жарыстыратынбыз. Газеттің сол бір тәжірибелік сандары кем-кетігіміз болса түзеп, тың идеяларымызды пісіріп-жетілдіруге зор көмегі тиді.
Басылым атауын таңдау
Алғашында жаңа газеттің атауын таңдау бізді қатты толғандырды. Өйткені, о баста «Алаш үні» деген атауды бекітіп, тіркету кезінде біраз қиындықтар пайда болды. Себебі, ресми статистика есебінде бізден бұрын да мұндай атауды иемденгендер бар болып шықты. Тиісті жерге тіркетіп, басылым құжаттарын дұрыстау үшін басқа атау таңдауға тура келді. Қазаққа қызмет ететін басылым болғандықтан әйтеуір «Алаш» сөзін арқау етіп, «Алаш сөзі», «Алаш мұраты», «Алты Алаш», «Азат Алаш» сияқты нешетүрлі атауларды ой елегінен өткізіп, ақыры «Алаш айнасы» деген атауға тоқтадық. Тіпті белгілі суретші-дизайнерлерді арнайы шақырып, газеттің логотипі үлгісін жасатып, атауының мазмұнына сай шрифт, яғни қаріп түрін таңдауға тура келді. Қалай болған күнде де алашшыл басылым, Алаш айнасына айналып, алаш үнін естіртуге, алаш сөзін айтуға, бел буды. Сөйтіп, «Алаш айнасы» деген атаумен жаңа газетіміз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2008 жылғы қарашаның 17-сінде тіркеуден өтті.
«Алаштың» алғашқы саны
Көктөбенің етегінде орын тепкен, Бегалин 148 «А» мекенжайындағы зәулім ғимаратқа басыбайлы қоныс тепкеннен соң, газетіміздің тұңғыш санын редакцияның толық құрамымен осы жерден шығарғанбыз.
«Алаш айнасының» тұңғыш санының сарғая бастаған беттерін парақтап отырып, алғашқы адымдарымыздың қалай, неден басталғанын еске түргендей болдық.
Өткен күннің тарихында қатталып қалған бұл санда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістан еліне жасаған сапарынан «Үнділер Қазақстан Президентін таңдапты» атты арнайы материал жариялаған. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне Батыстың өзі мүдделі болды» деген тақырыпта саясаттанушы Әзімбай Ғалимен жүргізілген сұхбат та газеттің осы бірінші санында берілген. Газетте елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына сараптама жасалған және спорт пен мәдениет тақырыптарында тұшымды материалдар жарық көрген.
Күні кеше ғана қызық үшін интернеттің іздестіру сайтының бірін ашып қарасақ «Алаш» сөзіне қатысты бірден екі миллионнан астам мәлімет шыға келді, соның ішінде «Алаш айнасымен» тікелей байланысты 300 мыңға жуық мәлімет көрініс берді. Демек, бұл қағаз бетіндегі басылымның ғаламтор кеңістігінде де кеңінен сұранысқа ие екендігінің бір көрсеткіші болса керек. Бұл ретте газетіміздің электронды нұсқасының да өз оқырманы қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады.
Газетіміздің алғашқы сандары елге тарай бастаған кездерде белгілі адамдарға хабарласып, материалдарға байланысты ой-пікірлерін алмақ ниетпен хабарласа қалсаң, алдымен «Алаш айнасының» қандай газет екенін, оның бағыты қандай, онда кімдер қызмет етеді» деген сынды көптеген сауалдарға жауап беріп, мән-жайды түсіндіріп әлек болатынбыз. Арада аз уақыт өтісімен рейтингтің талдаулары бойынша №1 газет атанып, жыл сайын Елбасының арнайы алғыс хатын алып келе жатқандығымыз, ең алдымен қалың оқырмандарымыздың арқасы деп білеміз.
Дерек
Қазіргі уақытта газет өзінің таралу ауқымы мен тақырыптық аясын кеңейте түсуде. Редакцияда 7 бөлім, редакторат, секретариат және Астаналық бөлімше жұмыс істейді. Алматыдағы редакция қызметкерлерінің жалпы саны – 63. Оның 33-i журналистер. Бұған қоса республикамыздың Атырау, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Орал, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында тілшілер қосыны жұмыс істейді.
Бүгінгідей ақпараттық қоғамда жылдам қызмет көрсету мақсатында «аптасына бес рет шығатын «Алаш айнасының» әрбір жаңа саны бір мезгілде Астана, Алматы қалаларындағы баспаханаларда басылып, таратылады.