Елімізге сіздей ерлер керек
Ешбір туыстығы болмаса да, жаныңа соншалықты жақын, қымбат, аяулы бір адамдар болады. Сөйлессең, сөзің жарасады, әңгімесі көңіліңе қонады. Белгілі ғалым, ардагер геолог, картограф Молдияр Серікбаев – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қалың Қазақ елімен бірге күліп, бірге күрсінген, әрбір ұлтжанды журналист үшін сондай жан.
Бүгінде 80-нің сеңгіріне шықса да, қарттыққа бой алдырмай, күллі Қазақ елі үшін аса маңызды мәселелерге үн қосумен келе жатқан Молдияр ағаны, шын мәнінде, нағыз қайраткер десек артық айтқандық емес. Ардагер геологтің былайғы жұрттан бір ерекшелігі – керемет қарапайымдылығы. Ал өмір жолына, елге сіңірген еңбегіне қарасаңыз, сол қарапайымдылықтың артында екінің біріне бұйырмаған тереңдік, ұлылық жатқанын аңғарасыз. Ғалымның сонау 1956 жылы, Қазақ мемлекеттік университетінің геология-география факультетін бітіргеннен бергі бүкіл саналы ғұмыры жанқиярлық еңбекке толы.
Ол 1956-1993 жылдары Қазақтың геология-барлау экспедициясының құрамында Қостанай облысы Жітіқара қаласында асбест, тальк және қазба байлықтарды барлау жұмыстарында, Қ.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында, Оңтүстік Қазақстан геология бас басқармасының жерді картаға түсіру және қазба байлықтарды іздеу экспедициясында, Қазақтың геологиялық қорында геолог, бас маман болып қызмет атқарған. Еліміздің және Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Таулы Алтай, Сібір геологиялық карталарын, тектоникалық картасын, қазба байлықтарының картасын, Қазақстан Республикасының тұңғыш әкімшілік-аумақтық картасын, еліміздің 14 облысының әкімшілік-аумақтық картасын, Қазақстанның, Орталық Азияның, Қытайдың, Ресейдің, Астрахан, Саратов, Волгоград, Самара, Челябі, Қорған, Омбы облыстарының, Башқұртстанның аумағын қамтыған топографиялық картаны құрастыру ісіне қатысқан.
Мұның сыртында Молдияр Серікбаев еліміздің аса көрнекті тұлғалары Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Смағұл Сәдуақасов, Төлеген Тәжібаев, Ақжан Машановты есте қалдыруға іс-шараларға ұйытқы болған.
Өлшеусіз еңбегіне ешқандай өтемақы сұрамаған Молдияр аға – туған елінің, жерінің нағыз адал перзенті. Еліміз Тәуелсіздік алған кезден өріс алған жер-су аттарының тарихи атауларын қалпына келтіру ісіне де Молдияр Серікбаевтың сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Мысалы, ғалымның тікелей араласуымен Қостанай облысындағы Комсомол ауданы Қарабалық болып өзгертілді, Ақтөбедегі Қандыағаштың, Шалқардағы Әлім тауының тарихи атауы қайта салтанат құрды, Жамбыл облысындағы Байзақ ауданы дүниеге келді, Тараз өңіріндегі Сарыкемер, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарының аттары да ауыстырылды. Айта берсек, мұндай жайттар өте көп.
Егер де мұны кемшілік деуге болатын болса, қазына қарттың бір ғана олқы тұсы – атақ-даңқ іздеп, дәреже қумағандығы. Бар ғұмырын, бүкіл қажыр-қайратын тікелей қызметке, еңбекке сарп етпей, ғылыми жұмыс қорғағанда, жайлы да жылы кеңсені көксеп, мансап қуғанда, бәлкім, ол да докторлық қорғар еді, профессор, академик атанар еді. Бірақ ол кісінің оған уақыты да, ниеті де болған жоқ. Атақ алмады, бірақ есесіне өз ісінің білгірі ретінде ел-жұртының, әріптестері мен көзіқарақты қауымның сенімін иеленді, алғыс сезіміне бөленді. Біз білетін жан дүниесі таза, ақыл-парасаты биік Молдияр аға үшін бұдан өткен бақыт жоқ.
Алла сізге әлі де ұзақ ғұмыр берсін, әрдайым аман болыңыз, аға! Елімізге сіздей ерлер керек.