Композиторлар неге Мұқағали өлеңдеріне құмар?
Хантәңірінің мұз қатқан шыңдарынан жырларына табиғаттың ызғарын емес, жылылығын алып, бар қазақтың жүрегін селт еткізген Мұқағали өлеңдері композиторлар қауымын да бейжай қалдырмады. Тіпті ән жазуды мансұқ етпегендердің де шабытын шақырып, өлеңнің салмағына қарай салмақты әндер тудыртты. Айға ұшу, ҚазҰУ-ға түсу, шетелге бару, сүйген жарды құшу сынды әркімнің бір арманы сияқты, Мұқағали өлеңіне ән шығару – композитор үшін арман. Себебі мұзбалақ ақынның сөздері кез келген әннің бағын ашады десек, қателеспейміз.
Бірде-бір айтулы кеш, концерт, жиын-той, тіпті шағын отырыс та Мұқағали өлеңіне жазылған әнсіз өтпейтіні белгілі. Нұрғали Нүсіпжановтың орындауында шарықтаған «Саржайлау» (әні: Нұрғиса Тілендиев), Роза Рымбаеваның шырқата салатын «Наурыз-думаны» (әні: Талғат Сарыбаев), Мәдина Ералиева сызылтқан «Күрең күз» (әні: Гүлнәр Дәукенова), «Есіңе мені алғайсың» (әні: Лена Әбдіхалықова), «Қазағым-ай», «Сәби болғым келеді» (әні: Тұрсынғазы Рахымов), «Құмған алған» (әні: Мұратхан Егінбаев) әндері қазақ сахарасында еркін самғаған кез келген қазақ баласының өмірі мен бет-бейнесін айшықтап тұрғандай. Мұқағалиды тұңғыш әнге айналдырған Нұрғиса Тілендиев атамыз болса, Тұрсынғазы Рахымовтың композитор ретінде тұсауын кескен де – Мұқағалидың отты жырлары. «Аякөз-ару», «Отыздан асып барамын», «Қазағым-ай», «Бибігүлге» сынды елдің аузында жүрген 30-ға жуық ән Тұрсынғазы ағаның композиторлық өнеріндегі өзгеше бітімін айқындап бергендей. Мұқағалидың 80 жылдық, өзінің 60 жылдық мерейтойына орай үстіміздегі жылдың ақпанының 18-інде Астанада Президенттің мәдениет орталығында басталған кешімен композитор Алматы мен Шығыс Қазақстан өңірі мектептерін аралап шықты.
Тұрсынғазы РАХЫМОВ, композитор:
– 1979 жылы 13 сәуірде Сұңқар есімді тұңғышым дүниеге келгенде, қуанғаннан Мұқағалидың сөзіне қолма-қол ән жаздым. Содан бастап ренішім де, қуанышым да – барлық ішкі толғанысым Мұқағалидан табыла берді. Жеті-сегіз оқып жүрген шағымда Аякөздің Тарбағатай өңірінің Малтыкөл ауылына ағам Ерғазы Мұқағали ақынды ертіп келді. Менің домбырамен салған әнімді тыңдаған ақын ағама: «Ерғазы, інің құлын дауысты әнші екен. Сахнаның әншісі болатын секілді», – деп ризашылығын білдірді. Сол сөз мені әншілікке, ақын өлеңдеріне ән жазуға жетеледі. Мектепте Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқып, жарысып жүретінбіз. Тілге жеңіл, адамның көкейіне тез құйылатын, өзі айтқандай, «шекпен жауып, өзіне қайтарған» қазақтың қара өлеңі әр қазақтың жан дүниесімен үндес, сырлас. Мен әуелі әуен жазбаймын, ең бірінші сөзге қарап жазамын. «Сәби болғым келедіден» кейін Мұқағали өлеңдеріне ғашық болдым да, ән жаза бердім.
Мұқағали сөздерінен тебіренбеген жан кемде-кем шығар. Тіпті өмірінде ән шығармаған Тұрарбек Төлендиевтің мамандығы дәрігер болса да, ақынның «Арулар – асыл жандар», «Қарлығашым, қайдасың?» өлеңдерін оқыған соң, сезімге толы кеудесі серпілмей қалмапты.
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, композитор:
– Мұқағали өлеңдерінің барлығы адамның жан дүниесімен дөп түседі. Әр өлеңінен ән төгіліп тұрады. «Аңса, жаным» деген өлеңін билейтін ән қылып жібергендер де бар. Ол – кәдімгідей адам жүрегінен аңсап шығатын ән, аңсаудан туған. Әнді бұзып, тыпырлатып жібергендерге ренжулімін. Музыканы өлеңге лайықтап жазу керек. Мұқағали сөздерінің кейбірі мұңданатын, кейбірі шаттанатын ән тілеп тұр. Жанрлық жағынан бір сарынды емес, барлық жанрда жазылатын өлең бар. Музыкадан хабары бар, сезімі бар адам өлеңін әнмен төгілдіріп жіберетін еді.
Ақынның «Отыздан асып барамын», «Жалаң аяқ қыз» өлеңдерін оқыған адам ол жерде мұң, ой, шындық, мәселе барын түсінер еді. Ал оларды өзін-өзі жұлып жейтін, билейтін әнге айналдырғандарға не жорық?! Мұқағали «Отыздан асып барамын» өлеңінде:
Қуанып кейде қаламын,
Қуарып кейде қаламын.
Аттанған ата-ананың
Артынан қуып барамын, – деп адамның жастық ғұмырының мәңгілік тұрмайтынын, кәрілікке, өлімге қарай барлығымыздың да қадам басатынымызды меңзеп тұрса, «Жалаң аяқ қызда»:
Қара да тұр, қайтесің, қара да тұр,
Бұлаң еткен бұл сурет қалады ақыр.
Жалаң аяқ...
Балтыры жалт-жұлт етіп,
Ғайып болып жастығым бара жатыр, – деген жолдар арқылы жастықтың да мәңгілік еместігін, бұлаң етіп өтетін қас-қағым өмір сәттерін суреттейді. Ал жастар сүйіп тыңдайтын Ерболат Құдайбергенов «Сүйгісі келе берер сүйген ерін, Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін» деп өріліп келетін «Бойжеткен» өлеңін сүюге құмартып, өліп-өшіп тұрған жігіттің сөзі іспетті әнге қосыпты. Бәлкім, жас буынның жүрегіне жол тарту үшін бұл да табылған ақыл шығар. Дегенмен артық қыламыз деп, тыртықтыққа жол беріп, ойлы сөзді ойыншыққа айналдыра берудің еш қажеті жоқ.
P.S.
Әнші Сара Тыныштығұлова апайымыз Қазақ радиосының көркемдік кеңесінде тұшымды бір ән тыңдай алмай: «Өкінішті, екі сағат келіп отырамыз, тыңдайтын ештеңе жоқ. Әннің көбі ұрланған, орыстардан, қазақтар бірінен-бірі ұрлайды. Бәрі алады да, Мұқағали өлеңдеріне ән жазады. Мақатаевтан басқа ақын жоқ па?!» – деп ашынған екен. Бұлай дейтіндей жөні бар. Есті композитор ессіз сөзге өлең жазып, есалаң ән тудырғысы келмейді. Мұқағалидың әр өлеңі поэзия ретінде оқысаң да, әнге салсаң да, тігісі тегіс жата кететін әжеміздің көрпесі сынды. Өлең жазғанның барлығы ақын емес. Бір-екі өлең жазып, ән шығартып, аты шығып, «жер өртеп» жүргендер қаншама! Өлеңді ән жазылсын деп емес, оқырман ішінен ой түйсін деп жазғанда ғана қадірі артып, сөздің парқына жетпек. Қоғам шындығын, өмірдің тың үнін, адамның ішкі жүрек бұлқынысын жазуды ғана көздеген Мұқағали өлеңдері сондықтан да құнды, сондықтан да өміршең. Асылдың өзі кетсе де, жауһар жырлары оқылып, әуезді ән болып төгіле бермек.