Құттықтау!
Құрметті Серік Мейрамбекұлы!
Сізді және сіз басқарып отырған «Алаш айнасы» газетінің ұжымын мерейтойлық 1000-ыншы нөмірінің жарыққа шығуымен құттықтаймын! Қатаң бәсеке қалыптасып келе жатқан еліміздің ақпарат айдынында бұл сіздер үшін үлкен жетістік, биік асу екені анық.
«Алаш айнасы» алғашқы санынан-ақ қалың қазақ оқырманын жеделдігімен, дәйектілігімен және жан-жақты мазмұны бай ақпараттық-сараптамалық, танымдық мақалаларымен баурады. Сол арқылы халыққа қызмет етуде өзгелерге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбаларыңызбен ерекшелендіңіздер.
Сіздерге алдағы уақытта да толайым табыс, шығармашылық шабыт тілеймін. Алар асуларыңыз бұдан да биік бола беруіне шын ниетпен тілектеспін.
Қ. Н. Қасымов, ҚР ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты
Республикалық «Алаш айнасы» газетінің редакциясына:
Құрметті журналистер қауымы! Қадірлі газет ұжымы!
Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз — республикалық қоғамдық-саяси газеттің 1000-шы нөмірінің жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтаймын!
«Алаш айнасы» газеті — еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым. Жарыққа шыққанына небәрі төрт жылдан асқан басылым осы уақыт аралығында қызығы мен қиындығы мол үлкен жолдардан өтіп келеді. Газет әр жылдары қазақстандықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды.
Қазақстанның жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Алаш айнасы» зор еңбек сіңіруде. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын оқырмандар қатары көбейе түсуде. Басылымда жұмыс істейтін қалам иелерінің қарымы ерекше мол, тынысы кең.
Газет ұжымына, барлық журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!
Еліміздің Тәуелсіздігі мәңгі, келешегі жарқын болсын! Жеріміз әрқашан бейбітшілік пен келісімнің киелі ортасы болсын! Қаламдарыңыз мұқалмасын, ойларыңыз таусылмасын, «Алаш айнасы» газетінің ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын!
Құрметпен С.С.Әбденов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Құрметті «Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
Осыдан бес жыл бұрын ақпарат айдынына шыққан «Алаш айнасы» газеті қас-қағым уақытта оқырман ықыласына бөленіп үлгерді. Әрбір оқиға барысынан байыпты байлам жасап, салиқалы ой-пікірін білдірді. Еліміздің рухани-саяси өміріндегі маңызды шараларды да қалт жібермей, ел арасында насихаттауға белсене атсалысып келеді. «Алаш айнасы» алғашқы нөмірі оқырман қолына тиген күннен бастап Сыр өңіріндегі айшықты істерге қолдау көрсетуде.
Жұрт сүйсіне оқитын басылымның бүгін 1000-шы нөмірі жарыққа шығып отыр екен. Осы бір атаулы оқиғаға орай газет ұжымын мерейлі күнмен құттықтаймын. Қаламдарыңыз мұқалмасын, ел ықыласына бөлене беріңіздер!
Ізгі тілекпен Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі
«Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
«Алаш айнасы» – мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған салиқалы басылым ғана емес, елді толғандырған, жұртты алаңдатқан кез келген мәселеге дер кезінде дабыл қағып, оны құзырлы орындарға жеткізіп, сол арқылы оқырманның ыстық ықыласына бөленген, панасына айналған парасатты газет. Бұл басылымның қырағы назарынан тыс қалған тақырып жоқ десем артық айтпаған болармын. Еліміздің қос ірі шаһары – Астана мен Алматыны былай қойғанда, газет аймақтардағы өзекті мәселелер мен жағымды жаңалықтарды да жұртшылықққа бірінші болып жеткізуге асығады. Бір сөзбен айтқанда, «Алаш айнасы» – Алаш жұртының мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын, жақсылықты жар сала жеткізіп, жұрттың басын ауыртып, балтырын сыздатқан түйткілге бей-жай қарамайтын бекзат басылым. «Алаш айнасы» оқырманға сонысымен де қымбат. Өткірлігімен өзекті, сөзінің өтімділігімен ыстық.
Бүгін, міне, қазақ жұртының жата-жастана оқитын басылымына айналған «Алаш айнасы» газеті өзінің 1000-шы нөмірін жұртшылық назарына ұсынып отыр екен. Басылым ұжымын осы бір қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын!
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі
«Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
Бүгінгі қазақтілді ақпарат кеңістігінде лайықты орны бар, байыпты да, салмақты бет-бейнесі қалыптасқан тәуелсіз газеттердің қатарында «Алаш айнасының» аты ерекше аталады. Ол өзі жарық көрген аз ғана уақыт ішінде есейді, қанаты қатайды, ешкімге ұқсамайтын ерек тұлғасын айшықтап, қалың оқырманын тауып үлгерді. Алматы облысының қоғамдық-саяси өмірі де тақырып аясынан тыс қалмай, облыс көлемінде мың жарымға жуық жетісулық азамат «Алаш айнасының» тұрақты оқырманына айналды. Бұл жеңіс газет ұжымының өзара үйлесімділікте жұмыс атқара білуінің нәтижесі болса керек.
Сондықтан бүгін басылымның 1000-шы нөмірін жарыққа шығарып отырған алаштықтарға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Қашанда дүйім жұрттың шынайы айнасы болып, алда алар асуларыңыз бен шығар биіктеріңіз көп болсын!
Игі тілекпен Аңсар Мұсаханов, Алматы облысының әкімі
Құрметті «Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
Сiздердi Алаш жұрты руханияты мен өркениетінің игі жалғасы, қазіргі қазақ баспасөзінің шоқтығы биік басылымы – республикалық газеттің 1000-шы нөмірінің жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын!
Республикалық «Алаш айнасы» газеті қазақ мемлекетінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, қоғамдағы сан алуан жаңалықтарды халыққа дер кезінде шынайы әрі объективті түрде жеткізуде.
Басылым журналистеріне шығармашылық ой ұшқырлығын, қызықты тақырыптар және батыл авторлық шешімдер тілеймін. Осы жолдағы жеңісті де, жемісті еңбектеріңіз еселене түсіп, алдағы уақытта да алар асуларыңыз бен шығар биіктеріңіз көп болсын. Барлық бастамаларыңызға сәттілік, отбасыларыңызға қуаныш пен амандық, өздеріңізге зор денсаулық пен мол бақыт тілеймін!
Ерлан Арын, Павлодар облысының әкімі
Құрметті «Алаш айнасы» газетінің шығармашылық ұжымы!
Сіздерді Алты Алаштың сүйікті басылымына айналып үлгерген газеттің 1000-шы санының жарық көруімен құттықтаймын!
«Алаш айнасы» – ел-жұрттың тыныс-тіршілігін, ауыл-аймақтың әлеуетін шынайы да шебер жеткізуімен құнды. Республиканың өзге өңірлерімен бірге басылым бетінде Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістігі де жарық көріп тұрады. Алдағы уақытта газеттің шығармашылық ұжымына зор табыстар тілеймін. Жазар көбейсін!
Ізгі тілекпен Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі
Құрметті «Алаш айнасы» газетінің ұжымы!
Қазақ баспасөзінің тарихында аты алтын әріптермен жазылатын басылымдар аз емес. Дегенмен еліміз Тәуелсіздік алған соң, ақпарат кеңістігіне шыққан байсалды басылымдардың орны бөлек. Солардың арасында «Алаш айнасы» да бар. Бүгін басылымның 1000-шы саны жарық көріп отыр. Бұл қысқа мерзім ішінде кез келген газет пен журнал бағындыра коятындай оңай асу емес. Алайда ел мүддесін, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін, оқырманның рухани сұранысына жауап беруді бірінші орынға қойған «Алаш айнасы» газеті аталған межеге қол жеткізіп отыр. Бұл – ұжымдық еңбектің жемісі, көзі қарақты оқырмандардың берген бағасы.
«Алаш айнасы» оңтүстікқазақстандықтардың да сүйікті газетіне айналды. Ұлтымыздың ұйытқысы атанған – Оңтүстік Қазақстан өңірінде атқарылып жатқан игі істерді, аймақтағы мәдени-рухани құндылықтарды қалың көпшілік назарына ұсынуда газеттің сіңірген еңбегі зор.
Бүгін 1000-шы саны шыққан басылымның алда әлі талай биіктерді бағындыруына шын жүректен тілектеспін. «Алаш айнасы» газеті шығармашылық ұжымының алда бұдан да биік бағындырар белестері көп болғай!.
Ізгі ниетпен Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі