Сеңгірге шыққан «Сақшы»
Қазақстандық полицияның жаршысына айналған «Сақшы» газетінің жарық көре бастағанына биыл – 80 жыл. Сексен жыл – елінің алдына шығып салиқалы ақыл айтар қарияның жасы, сексен жыл – «Елу жылда ел жаңа» дейтін сөздің ақиқатына көз жеткізер жаңаруларға куә болар кемел жас. Міне, биыл осындай сеңгірлерден өткен «Сақшы» оқырмандарына 80 жылдың тарихынан сыр шертер күнге де жетті.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ведомстволық «Сақшы», «На страже» газеттері – 1933 жылдың мамыр айынан бері жарық көріп келе жатқан еліміздегі көне басылымдардың бірі. Өткен ғасырдың 30-жылдары еліміздің өміріндегі ең бір ауыр кезең болғаны жасырын емес. Кеңес өкіметінің елді жаппай ұжымдастыру ісіне белсене кіріскен кезең еді, қоғам өміріндегі бұл өзгерістің қазақтарға оңай соқпағаны анық. Ен даланы ен жайлап өмір сүрген ел үшін бір колхоз болу бір тарының қауызына сыйғанмен бірдей күй кешті. Осындай аласапыран кезде мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауға жұмылған милиция қызметкерлерінің еңбегі ерен болды. Бандитизм мен кулактарға, мал ұрлығы мен барымтаға қарсы күрес, сауатсыздықты жою және ауылдарды қайта құру, мемлекеттің мүлкін ашкөздерден сақтау және еліміздің тыныштығын күзету жолындағы сақшылардың жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыратын газет алғашында «SAQCЬ» – «Страж» деген атпен шықты. 1933 жылдың қаңтар айында өлкелік газет болып шыққан ол Өлкелік милиция басқармасы саяси бөлімінің органы болды. Газет әр жылдарда әртүрлі атпен жарық көрді. «На страже», «Қазақстан милициясы» секілді атаулармен шыққан газет 1970 жылдары жабылып қалады. Оның бір себебі – сол жылдары Ресейдің әрбір ішкі істер органында осы тектес газет болыпты. Ал Грузияда тіптен ІІМ ведомстволық газетінің тиражын көтеру үшін «гаишник» әрбір тоқтатқан көлік иесінен басылымға жазылған-жазылмағанын сұрап, жазылмаса, жүргізбей қояды екен. Сөйтіп, газеттің тиражы миллионға дейін жеткен. Бұл сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Л.Брежневке жеткен де, көбін жауып тастаған. Сол қосақтың арасында біздің «Сақшы» да кеткен сияқты. Газет араға он жыл салып, яғни 1982 жылы бір-ақ шығады. Сол кездегі газет редакторы Анатолий Захарович Черепанов өз естелігінде газеттің шығу тарихы туралы: «Ол кезде ішкі істер министрі, генерал-майор Андрей Платаев болатын. Мені редактор етіп тағайындай салысымен «ертең бірінші санын шығарыңдар» деп бұйрық берді. Мен қарқылдап күліп «бізде не қағаз, не журналист жоқ әлі, қалай шығарамыз?» десем, «қазір журналистер табамыз» деді де, залға 40 шақты адамды жинап әкелді, бәрі – шетінен капитан, майор, полковник. Бәріне мақала жазыңдар деп тапсырма бердім. Біреуі жаза алмайды. Министр сонда ғана журналист деген мамандықтың ауыздықтауға көнбейтін мамандық екенін түсінді», – дейді.
А.Черепановтың тұсында газет Ленинград, Мәскеу, Киевтегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрған. Соның арқасында ол қолдан-қолға тимей оқылатын газетке айналған екен. Ол туралы да Анатолий Захаровичтің естелігінен оқыдық. «Арада жарты жыл өткен соң Д.Қонаевпен кездесудің сәті түсті. Ол қолын алға созып, жұдырығын түйіп, бас бармағын шошайтып: «На страже» – керемет газет», – деді. Одан біз «газетімізді Қонаев мақтады» деп жарты күн тойладық».
Ал таңымыз орыс тілімен ғана атып, тауығымыз орыс тілімен ғана шақырып тұрған кезеңде бұл газеттің қазақшасын шығару оңайға түскен жоқ. Қазіргі «Сақшының» негізін қалауға аямай тер төккен азамат – Базарбай Исаев. Ақындығы мен жазушылығы қатар жүрген, ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып, полковник шеніне дейін жеткен марқұм Базарбай Исаев «Сақшы» газетінің үш мыңыншы санына байланысты жарық көрген сұхбатында: «Он жылдай уақыт бойы тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан «На страже» газетінің бір бетін қазақша шығаруға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдаған екен. Сол бетті шығару үшін мені шақырды. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Эрнст Өмірзақұлы Басаров болатын. Қазақша бетті шығару сол кісінің бастамасы еді...Міне, сөйтіп, 1990 жылдың қыркүйек айынан бастап газеттің бір беті қазақша «Сақшы» болып шыға бастады», – деген болатын. Б.Исаев тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған тұста жеке қазақ газетін шығару туралы ұсыныс жасап, талай шенеуніктің табалдырығын тоздырады. Бірақ оның ұсынысын сол кездегі ішкі істер министрі М.Берсенов қолдағанымен, редактор А.Черепанов «қаражат жоқ» деген сылтаумен игі бастаманы артқа жылжыта береді. Осы тұста министрдің бірінші орынбасары болып Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов тағайындалады. Сол кісінің арқасында қазақ газеті Баспасөз министрлігінде тіркеуден өтеді. Қ.Сүлейменов Базарбай Исаевты газетке редактор етіп тағайындайды да, сәуірден бастап газеттің төрт беті – орысша, төрт беті қазақша шыға бастайды. 1998 жылы қазақ тілінде жеке «Сақшы» газеті жарық көре бастады. Содан бері аталған газет өз алдына жеке басылым жауапкершілігін абыроймен арқалап келеді.
«Сақшы» газетінің журналистері кезінде иығына погон таққан офицерлер болатын. Басшылар және тілші деген штат бірлігі аттестатталған лауазым еді. Соның арқасында талай журналист офицер атанып, қазір – олардың алды отставкіде. Мысалы, газет басшылары Базарбай Исаев пен Әбдіжамал Сапарқұлов – полковник, Ардақ Айменова – майор, Жұмагүл Сәтмұхамбетова (Әбдікәрімова), Көбейхан Нұрахмет (Мурзакулов) пен Кентай Алдырбаев подполковник шендеріне дейін жетті.
Газет тігінділерін ақтарсақ, Қалижан Бекхожин, Василий Копытин, Константин Тарасов, Алексей Кондратский сынды редакторлардың есімдерін кездестіреміз. «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы редакторы Анатолий Логинов, «Правда» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, жазушы Альберт Штульберг, «Экспресс К» басылымында жауапты хатшы болып қызмет атқарған Вадим Борейко да осы басылымда еңбек еткен.
Базарбай Исаев, Әбдіжамал Сапарқұлов, Рысбек Үркімбай, Лариса Броватая, Токнияз Кучуков, Владимир Демидов, Азамат Байғалиев, Ольга Медведева, Борис Гиллер, Ольга Фоменко, Мая Агибаева, Владимир Нонкин, Владимир Демидов редакторлық жасаған тұста «Сақшы-На страже» тәртіп сақшыларының рухани серігіне айналды. Оқылуға жеңіл, мейлінше қызықты материалдар беріліп тұрды. Сондай-ақ газетте белгілі жазушы Нұрғали Ораз, танымал ақын Әлібек Шегебаев, журналистикада өз қолтаңбасымен орнын белгілеген Сәкен Сыбанбай, ақын-журналист Нұржан Қуантайұлы еңбек етті. Шағын басылым талай жас тілшілердің қанатын қатайтқан алтын ұя мектеп болды. Айнаш Көксегенова, Әділет Ыдырысов, Шалқар Естенов, Гүлжан Айнабекова секілді бірталай білікті журналист қызмет атқарды.
«Сақшы» газетінің тарихы туралы сөз қозғағанда редакцияның құрылымында болған өзгерістерге тоқталмай кетуге болмайды. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде редакция Ішкі істер министрлігінің бір құрылымдық бөлінісі болса, 1993 жылдан бастап 1999 жылдар аралығында редакцияның ұйымдық-құқықтық нысаны «Сақшы-На страже» апталық республикалық газеттерінің ұйымдасқан редакциясы» мекемесі түрінде болды, кейіннен «Сақшы-На страже» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып өзгертілсе, 2005 жылғы 6 маусымнан «Сақшы-На страже» ЖШС болып қайта құрылды. Ал 2009 жылғы 17 қарашадан бері «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының медиа орталығы» ЖШС болып жұмыстарын жалғастырып келеді. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінде 2012 жылдың 4 қаңтарында ішкі істер органдары қызметіне қатысты ақпарат және құқықтық, қоғамдық-саяси газет ретінде қайта тіркелген «Сақшы» оқырман аудиториясын кеңейтуді көздеп отыр.
Ішкі істер органдарының қызметін жариялауда бай тарихы мен үлкен тәжірибесі бар Медиа орталық бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының ішкі істер саласында өзіндік ақпараттық-насихат орталығы болып табылады. Сонау 30- жылдардың басында қазақша шығып, қайта жабылып, 1992 жылы бір бет қана қазақша болып шыққан газет бүгінде аптасына екі рет жарық көреді. Аптаның бейсенбі күні – А2 форматтағы 8 беттік ресми, ал бейсенбі күні А3 форматындағы 16 беттік арнайы шығарылым жарияланады.
Апта басындағы ресми шығарылымда елімізде, шетелде болып жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени іс-шаралар, қоғам назарына іліккен маңызды оқиғалар жөнінде ақпараттар, сонымен қатар ІІМ тыныс-тіршілігі тұрақты түрде жарияланып келеді. Ал 2012 жылдың 31 мамырынан бастап 16 бет болып жарық көре бастаған бейсенбілік арнайы шығарылым, негізінен, қылмыстық хроникаға арналған. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінде болған қылмыстық оқиғалар жедел әрі нақты беріледі. Газет форматын өзгертуге байланысты әрі оқырман назарын аударту мақсатында бұл материалдар дизайнының барынша тартымды, ойнақы, жеңіл әрі түсінікті болуына баса назар аударылады. Арнайы шығарылымда оқиға орнынан берілетін фоторепортаждар, рейд, арнайы журналистік талдама мақалаларының саны артты. Сонымен қатар полиция мен қоғам, редакция мен оқырман арасындағы ақпараттық-насихаттық байланысты жалғауды көздеп, «Білгім келген бір сұрақ» айдарын қайта жаңғыртып отырмыз. Бұл айдар аясында кез келген оқырман, полиция қызметкері өзін толғандырып жүрген сұрақтарына білікті заңгерден жауап ала алады.
«Заң және қоғам», «Санаға сауал», «Сіз не дейсіз?», «Аймақ көтерген мәселе», «Оқиға орнынан», «Ойтүрткі», «Бүгінгі күннің бейнесі», «Айтайын дегенім...» айдарларының да айтары көп. Бұл жаңа бөлімдер арқылы Ішкі істер министрлігінің ақпарат-насихаттық жұмысын ғана емес, аймақтарда қалтарыста қалып қойған өзекті сұрақтарды көтеріп, оқырман талқысына салуды мақсат тұттық. Қоғамдағы қаны сорғалаған ащы шындық пен шешімін күткен түйінді мәселелер де журналистердің назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар біраз уақыттан бері жарияланбай кеткен детектив жанрындағы топтамалар да тұрақты берілуде.
Газеттің мазмұндық құндылығын ішкі істер органдарындағы ресми, құқықтық ақпараттар толықтырады. «Брифинг», «Мұндай да болады», «Беймаза бейсенбі» секілді тұрақты айдарлар аймақтарда орын алып жатқан түрлі құқық бұзушылықтар жөнінде толыққанды мәлімет береді.
Газетте полиция қызметкерлерінің күнделікті қызмет барысын, қиындығы мен сырткөзге көріне бермейтін қыр-сырын, сақшы келбеті мен білікті кадр образын жан-жақты ашып беретін айдарлар жеткілікті. Солардың бірі – «Тергеуші жазбаларынан» айдары. «Тергеуші жазбаларынан» – тек тәртіп сақшыларының ғана емес, қарапайым оқырман қауымның да сұранысына ие айдар. Қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, одан жауап алатын тергеуші мамандығының бел қайыстырар жүгі жеңіл емес. Ішкі істер саласының негізгі діңгегі де – солар. Себебі кез келген қылмыстық істі ашуда ең бірінші тегеуріні мықты тергеушінің кәсіби шеберлігі сынға түсетіні анық.
Көпшілік қауымда «ведомстволық басылымдар тек өз саласына қатысты тақырыптарды көтеріп, өз қызметкерлері туралы қалам тербейді» деген стереотип қалыптасып қалған. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі газет бетінде қоғамның кез келген құбылысына үн қатып, пікір тудыратын жарияланымдар жетерлік.
Соңғы бір-екі жыл көлемінде басылым безендірілу, өңделу жағынан, сонымен қатар тақырыптық тұрғыдан біраз өзгеріске ие болды. Қазіргі таңда газеттің мазмұндық құндылығын ішкі істер органдарындағы ресми, құқықтық ақпараттарын толыққанды әрі жан-жақтылықпен арттыруды қолға алдық. Атап айтқанда, министрлік қабырғасында өткізілген халықаралық маңызды кездесулер, шетел мамандарымен тәжірибе алмасу, Үкімет, Парламентте талқыланған заңнамалар, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңдарға қатысты талдамалы-сараптама материалдардың көлемін арттыруға баса назар аударылып отыр. Газеттің өн бойындағы жүйені, жарияланған мақалалардың тақырыптық сипатын сақтай отырып, түрлі саланы қамтуға да ерекше мән беріледі.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық қызметін қарқындату мақсатында басылым ағымдағы жыл барысында іске қосылған барлық заңнамалар мен құқықтық-нормативтік актілерге қатысты ақпараттық, насихаттық, түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді.
Бүгінгі таңда осы басылым бетінде жарияланып жүрген материалдар Ішкі істер министрлігінің ақпараттық-насихаттық жұмысының ажырамас бөлігі болып саналады. Жабырқаған жандарға медет болған, қиналған жандарға қорған болған сақшылардың еңбегі мен өмірінен сыр шерткен «Сақшы» қазіргі таңда қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыруда, ішкі істер саласы құрылымдарының өзара жұмыс тәжірибесімен алмасуында, ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтық және моральдық-адамгершілік тәрбиені, патриоттық және кәсіби біліктілікті насихаттауда үлкен рөл атқарады.
Газет тігінділері, шындап келгенде, қазақстандық полиция тарихының топтамасы секілді. Себебі басылым беттерінде сақшылар туралы бәрі бар: қиындық пен қызыққа толы қызметі, өмірі, жетістіктері мен кемшіліктері, мәселелері мен ой-пікірі, аға буынның айтары мен жас маманның алғашқы қадамы. «Сақшының» мінберінен сөз сөйлеп, көпке ой тастар ардагерлер мен қым-қуыт қызметтерінің қыр-сырымен бөлісер білікті мамандар арасындағы берік байланыстың да біз үшін маңызы зор.
Сөз соңы
Сексен деген сеңгірден асқан «Сақшы» жайлы сөз қозғағанда қоғам тыныштығы күзетінде қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері туралы жұртшылыққа мағлұмат беретін журналистердің жауапкершілігіне ерекше тоқталғым келеді. Кез келген БАҚ-тың басты мақсаты халыққа ақпарат беру екені бесенеден белгілі. Алайда қызмет бабында қаза болған қызметкер, қылмыстық оқиға, жол апаты, төтенше оқиға туралы жазу оңай емес. Себебі әр қылмыстық деректің артында құрғақ сан мен статистика ғана емес, адам тағдыры да тұрады. Ал біреудің қайғысы, мұң-мұқтажы мен басына түскен қасіретін қиналмай жазу мүмкін емес.
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, «Сақшы» газетінің бас редакторы