Саяхаттың сырын қашан ұғамыз?
Негізінде, туризмнің өзі этнографиялық туризмнен бастау алады. Қазақтың «ел көру, жер көру» деген ұғымы да дәл осы «этнотуризм» ұғымымен сәйкес келсе керек. «Атың барда ел таны желіп жүріп» деген қазақ этнотуризмнің маңызын ерте білген-ау, шамасы...
Бізге ұқсамайтын, әдет-ғұрпы мен салт-жорасы, салт-дәстүрі мен сенім-нанымы, киім киісі мен жүріс-тұрысы, діні мен ділі өзге елдерді танып-білу, өзге мәдениеттен сусындау, тәлім болатын тәжірибе алу, жақсысынан үйрену, жаманынан жирену, сол арқылы өз халқыңды салыстыра отырып бағалау, дүниетанымыңды кеңейту – этнотуризмнің ұсынатын сыйы осы болса керек. Сондықтан да адамдар ерте заманнан бері табанынан тозып, құрлықтарды шарлап, көк теңізді қиып өтіп, небір қиындықтарды басынан өткеріп, қызық оқиғаларға толы саяхат жасауды армандап келген.
Бертін келе туризм индустриясы, негізінен, демалыс, ойын-сауық бағытында дамып кетті де, этнографиялық туризм оның шағын ғана, өзіндік спецификасы бар саласы ретінде қалып қойды. Қазір туризмнің қандай түрі жоқ дейсіз – экстремалды, экологиялық, биотуризм (мысалы, құстарды табиғи ортада бақылайтын «бердвотчинг»), ауылға барып трактор айдап, шөп шабатын агротуризм дейсіз бе, сауықтыру-,бизнес-, конгресс-, секс-, шопинг-, археологиялық-, фото-, діни-, спорттық-, әскери туризм... санап тауыса алмайсыз.
Осылардың ішінде этнотуризм қазір өзіндік спецификасымен ерекшеленеді. Өйткені мұндағы басты нәрсе – ұлттың өзіндік болмысын көрсете білу, оның тереңге тартқан бай тарихын, өнегесі мен табиғи мінезін, өнері мен мәдениетін таныта білу. Ал бұл оңай шаруа емес. Өйткені замана озған сайын ұлттың, халықтың табиғи тыныс-тіршілігі, өмірлік тұрмыс-салты — бәрі де өзгеріп келеді. Өркениеттің алға басуы, урбанизация үрдісі, техниканың дамуы ұлттың болмысына өз әсерін тигізбей қоймайды. Қазір қаймағы бұзылмаған этнографиялық ортаны табу қиын. Африканың адам аяғы жетпеген құлан шөлінде, болмаса Амазонияның ит тұмсығы батпайтын қалың джунглилерінде, солтүстіктің мәңгілік мұз құрсауында арагідік кездесетін тайпалар болмаса, қазір ондай ортаны қолдан жасауға тура келеді. Мысалы, АҚШ-та, ондағы жергілікті тайпалар қоныстанған резервацияларда мұндай жасанды этнографиялық ортаны қолдан қалыптастырады. Содан кейін тұтастай бір тайпа өкілдері өз рөлдерін ойнап, киімін киіп, боянып-сыланып, әндетіп-билеп, әйтеуір, ақшалы туристің көңілінен шығуға барын салады. Тіпті бірге суретке түссе де, ақшасын қағып алуға тырысады. Ал мұндай бутафориялық, театрландырылған, жасанды псевдоэтнография саяхатшыға да үлкен әсер сыйламасы анық. Бұл – ұлттың да өзіндік намысына тиетін нәрсе. Сондықтан да уақыт өте келе ең бір дамымай қалған дейтін тайпалардың өзі туризмнің бұл түрінен бас тарта бастайтын шығар. Мәселен, «Дискавери» ғылыми-танымдық телеарнасынан ара-тұра ауылдағы қазақтардың өмірі туралы хабарларды көріп қалып жүрміз. Расын айту керек, аса бір жылы сезімге бөлей қоймайды. Қазіргі қазақ ауылын суреттейтін бір хабарда ұлтымыз тым жадағай, жұпыны, тым қарабайыр болып көрінеді. Ол түсінікті де. Шетелдіктерге негізінен экзотика керек, Астананың архитектурасымен қазір ешкімді таңғалдыра алмайсың. Олар «экзотика» ұғымын жабайылық, қайыршылықпен астасқан кедейлік, қандай да бір кемістік, мінез-құлықтың ерсілігі деп түсіне ме, қайдам, әйтеуір, өмірдің көлеңкелі жағына үйір. Сондықтан да өркениеттің игілігінен жалыққан «еріккен қалалықтардың» көңілін табамыз деп «рухани экзотизмге» ұрынып қалып жүрмелік.
Бірақ елімізге келген турист, шынында да, қай елге келгенін, қандай халыққа қонақ болып отырғанын біліп, кейін одан «қазақ деген кім екен» деп сұрағанда, өзге жұртпен шатастырмай, мүдірмей жауап бере алатындай болуы керек емес пе? Ол үшін саяхатшыға үлкен әсер, жағымды эмоция, таңғаларлық тәлімдік материал, есте қаларлық қызық оқиға сыйлау керек. Ал оған бізде мүмкіндіктер жетіп-артылады: сайын даламыздың табиғаты, сан қилы климаттық-географиялық орта, бай дәстүріміз, тарихи жәдігерлеріміз, қонақжай халқымыз бар. Бұл жерде этнотуризмді туризмнің өзге де түрлерімен байланыстыра отырып дамыту, өткен мен бүгіннің ең үздік үлгілерін ұштастыра отырып қана барымызды ұсынуды үйрену керек тәрізді. Туризмнің басқа түрлеріне (экологиялық, тарихи, биологиялық, археологиялық) этникалық элементтерді ұзақ сараптаудан кейін таңдап қоса отырып, тарихымыз бен ертеңіміздің симбиозын жасап, заманауи жаңа формаларды игеру ғана шын мәніндегі танымдық туризмнің дамуына мүмкіндік беретінін ұмытпалық.