Ақтөбелік жасөспірім велосипедін сатып әкесін іздеп кеткен
Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Никельтау ауылында тұратын жасөспірім 23 тамыз күні кешкілік үйінен кетіп қалған. Ол жол бойы велосипедін сатып, әкесіне бармақ болғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Никельтау ауылында тұратын Кенжеғали Әлібайұлының жоғалып кеткендігі туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ол 23 тамыз күні түнде үйінен шығып, белгісіз бағытта кетіп қалған. Оның жоғалып кеткендігі туралы ауыл әкімдігі хабарлап, баланы іздеп-табуға көмек сұраған еді.
Жетінші сынып оқушысын ауыл тұрғындары жұмыла іздеді. Жасөспірім бір күннен соң Түркістаннан табылды.
«Інім табылды. Ол бір күн бойы жолда жүрген. Кенжеғали Түркістаннан табылды. Ол жақта біздің әкеміз бар. Бұл жағдай бірінші рет болды. Інім үйден шығып, Ақжар ауылына барған. Сол жерде велосипедін сатып, кейін көлік тоқтатып, Түркістанға жеткен. Бәрі жақсы, ол табылды»,- деді баланың ағасы Ізбасты Әлібайұлы.
Айта кетейік, Кенжеғали ағасының қамқоршылығында болған.