Батыс Қазақстанда контейнер мен екі автобус жанып кетті

Батыс Қазақстан облысында контейнер мен екі автобус жанып кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, оқиға 9 шілде күні Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болған.
«Сағат 03.08-де Завод көшесі 14/3-мекенжайында «Восход» ЖШС аумағында автобөлшектерімен темір контейнер (20 шаршы метр) отқа оранды. Сондай-ақ «ПАЗ» маркалы екі автобустан түк қалмады. Оған қоса жалын Митсубиси Кантер автокөлігі базасындағы иінді көтергіш пен «Лада Веста» жеңіл көлігін ішінара шарпыды. Тілсіз жау сағат 03.45-те оқшауланып, 04.08-де ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тағы бір жас жігіттің суға кеткенін жазған болатынбыз.
Соңғы күндері өңірде күн күрт ысып, өрт қаупі күшейіп тұр.





