Исламды қабылдаған қазақстандық славян жігіт ДАИШ-та болған азапты күндері туралы айтты
Оны Сирияға көршісі алдап апарыпты. Бәрі де 2012 жылы басталған. Серік деген көршісімен бір жылдай сөйлесе жүріп, ол ақыр аяғында Ислам дінін қабылдайды.
Сирияға барып, ДАИШ-тың қатарына кіруге мәжбүр болған қазақстандық Сергей Лескевич «КАРАВАН» газетіне эксклюзивтік сұхбат берді. Біз соны ықшамдап аударуды жөн көрдік.
- Кей ақпарат бойынша, Сириядағы соғысқа адам тартатындар бұл үшін ақша ұсынады екен. Солай ма?
- Бұл өтірік. Оның (Серіктің – ред.) ақшасы болған жоқ. Тіпті ұшақ билетін де мен сатып алдым. Ол мені көлігімді сатуға мәжбүрледі. «Осы ақшаға Құдай алдында сауапты іс жасайсың, дәрі-дәрмек қажет мұсылмандарға көмектесесің» деді. Бұған келістім. Сөйтіп, Түркияға ұшып кеттік. Стамбулдағы конақ үйде біраз күн жаттық та, сосын Түркияның Сириямен шекарасына автобуспен бардық. Шекара күзетілмейді екен. Ол жерден жаяу еш кедергісіз өтіп кеттік. Бізді қолында автоматы бар сақалдылар қарсы алды. Сосын әлдебір қосынға алып барды. Мені аздап орысша сөйлейтін өзбектердің қасына орналастырды. Бұл жердің нағыз жендеттерді дайындайтын жаттығу базасы екенін солардан білдім. Онда жарық пен су болмады. Тамақты сырттан әкелетін.
Сергей Лескевич. Тахир Сасыковтың фотосы
- Ол қосында сізден бөлек қазақстандықтар болды ма?
- Ол жерде кімдер болмады дейсіз! Әзірбайжандар, түріктер, кавказдықтар, бұрынғы Одақтың барлық елдерінен бар. Кейін мені Қызғызстанда арнайы қызмет өкілдері ұстағанда, оларды суреттерінен таныдым.
Ол жаққа барған соң Серік бірден өзгеріп сала берді. Мүлдем басқа адамға, тіпті зұлымға айналды. Екеуміз ұрсысып қала беретін болдық...
Менде сұрақ көбейді. Бірақ оған жауап жоқ еді. Ең алдымен мынадай сұрақ туындады: Ислам атын жамылып неге бұл дінге еш қатысы жоқ идеология жүргізіліп, шариғат заңына қарсы әрекеттер жасалады? Ақырында мұндағы шын жағдайдың қандай екенін түсіне бастадым. Сөйтіп, содырлардың арасынан қашып шығуды жөн көрдім. Бұл тұрғыда жолым болды. Мен қатарына енген банданың басшысын өлтіріп кетті. Сосын өзбектер мен кавказдықтар арасында кім басшы болатынына қатысты қырғын дау шықты. Мен осы сәтті пайдаланып, түнде бір қырғызбен бірге қаштым. Тура сонда барған ізбен кері қайттық. Шекарадан жаяу өттік, сосын Түркиядан Бішкекке тарттық. Бірақ Бішкек әуежайында мені қырғыз арнайы қызметтері ұстады.
- Сонда сізге қандай айып тағылды?
- Көптеген баптар бойынша айыптады. Солардың бірі – «жалданды» деген. Бірақ мені ешкім жалдаған жоқ. Әуежайда тінтігенде граната тауып алдық деді. Бұл далбаса. Түрік кедені арқылы жарылғыш затты қалай алып өтемін? Тергеушілер таяқпен ұрып, екі күн бойы токпен қинады. Басыма пакет кигізді... Өте тар камерада 5 ай бойы отырдым...
Қырғыз соты мені 6 жыл 10 айға кесті. Оның 2 жарым жылын өтеп, сосын рақымшылық бойынша бостандыққа шықтым.
Түрмеден босаған соң Қазақстанға қайтып келдім. Мұнда бір жылдай тұрғаннан кейін әйелім екеуміз шетелге кетейік деп ұйғардық. Әр елде сенделіп жүріп, ақырында Одессаға орналастық. Мен жұмыс таптым. Туыстарым пәтер сатып алуға көмектесті. Сол жерде балам дүниеге келді. Бәрі де біразға дейін жақсы болып тұрды...
Бұдан кейін Сергейді Украинаның арнайы қызметтері түртпектей бастаған. Олар визалық тәртіпті бұздың деп, оның елден кетуін талап етіпті. Бірақ Сергей бұл үшін біраз уақыт керек деген. Ал арнайы қызмет өкілдері оны «ұшаққа билет бар ма екен, соны біл» деп әуежайға жібереді.
- Алдап жіберіпті. Шекаралық аймақта басыма қапшық кигізіп, қолыма кісен салып, ҚР ҰҚК-нің арнайы ұшағына мінгізді. Менен басқа да адамдарды ұстады. Бірақ олардың кімдер екенін білмеймін. Осылайша қайтадан Қазақстанннан бір-ақ шықтым.
- Осындай жағдайлардан кейін сіз діни сеніміңізді өзгерттіңіз бе?
- Жоқ, өзімді әлі күнге дейін мұсылманмын деп санаймын. Құдай жалғыз ғой. Ал Сирияға барғаным өз қателігім еді. Одан дін өзгеріп кетпейді. Мен ешқашан да радикалдық көзқараста болған емеспін. Даиштықтар – нағыз залымдар. Ал ұйымның өзі шайтаннан тараған. Ондағылардың есі дұрыс емес. Солардың құрбаны болдым. Мені онда алдап апарды. Соның азабын тарттым. Енді жалғыз қорқынышым бар. Әлгі залымдар менен кек ала ма деп қорқамын...
Бір қуанатыным, Қазақстандағы арнайы қызмет мені қырғыздар сияқты азаптап жатқан жоқ. Барлық әрекет заң шеңберінде жасалуда. Олар мән-жайды анықтап, сосын отбасыма бара аламын деп үміттенемін.