Кореяда заңсыз жүрген 4 қазақстандық қаза тапты
Жыл басынан бері Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Қазақстанның 4 азаматы қайтыс болған. Тағы 7 адам қылмыстық іс бойынша Корей түрмелеріне түскен.
Бұл туралы «Qazaqstan» телеарнасының Жаңалықтар қызметі хабарлады.
Қазақстанның Корей Республикасындағы Елшілігінің консулдық мәселелер жөніндегі Кеңесшіс Ғабиден Темірбековтың сөзінше биыл Кореяға заңсыз жұмыс істеуге келген қазақстандықтар саны күрт артқан. Оның мәліметінше, қазір Кореяда 31 216 Қазақстан азаматы тұрады. Оның 38 пайызы немесе 11 860-ы заңсыз жұмыс жүргендер. Олар аталған екі ел арасындағы 30 күнге дейін визасыз қатынау режимін пайдаланып осы елге келгендер. Кореяда жүрген қазақстандықтардың 50 пайызы 20 мен 29 жас аралығындағы, 36 пайызы 20 бен 39 жас аралығындағы отандастарымыз.
Кореядағы Қазақстан елшілігі заңсыз жүрген отандастарымызды қазан айының 1-і мен 2019 жылдың 31 наурыз аралығында әрекет ететін «жасыл дәліз» режимін пайдаланып, елге қайтуға кеңес берді. Егер азаматтарымыз осыны пайдаланып, елге қайтпаса, олар сол елдің заңына сәйкес біздің ақшаға шаққанда 6,5 млн теңге айыппұл төлейді.Сондай-ақ елшілік өкілі биыл Корей тарапы мигранттарды тексеруді барынша күшейткен. Себебі Кореяда мигранттар арасындағы қылмыс көбейген. Мысалы тек биыл, жыл басынан бері 7 қазақстандық Корея түрмесіне түскен, оның төртеуі заңсыз жүрген отандастарымыз. Оның ішінде өз отандасын өлтірі мен корей азаматшасын зорлау секілді фактілер де бар.
Бұдан бөлек, тек биыл өндірісте жұмыс істейтін 4 қазақстандық түрлі себептермен қаза тапқан.
Айтылған жайттарды ескере отырып, Қазақстанның Кореядағы елшісі заңсыз жүрген қазақстандықтаарға «жасыл дәліз» режимін пайдаланып елге қайтуға шақырды.
Айта кету керек, тек биыл 9 айда Корей тарапы 700 ден астам қазақстандықты күшпен елге қайтарған.