Шымкентте қалың қардан бастырма құлап, бірнеше көлікті басып қалды

Шымкентте биыл қар жылдағыдан қалың боп жауды. Қаңтардың 9-ынан 10-ына қараған түні толассыз жауған қар көпқабатты үй ауласындағы екі бастырманы басып қалған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Оқиға Нұрсат ықшамауданындағы №114 үйдің ауласында бүгін, 10 қаңтар күні сағат 11:28-де болған. Қалың қар жалпы аумағы 252 шаршы метр болатын екі бастырманы құлатқан. Сөйтіп, ол астындағы тұрақта тұрған 5 автокөлікті басып қалған.
Апаттан құтқару жұмыстарына өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметінің 7 маманы мен 2 техникасы жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен көз жұмғандар жоқ, — дейді Төтенше жағдайлар департаментіндегілер.
Шымкент қалалық ТЖД
Дәл осы күні Сәуле ықшамауданында "DAF" маркалы жүк көлігі қарға тығылып қалған. Оны тартып шығаруға 12 қызметкер мен 4 техника келген. Ал Құрсай ықшамауданында №60 бағыттағғы жолаушылар автобусы қарға тығылып қалды. Қоғамдық көлікті алып шығуға апаттан құтқару қызметінің 12 маманы мен 4 техникасы жұмылдырылды. Төтеншеліктердің мәліметінше, ешбір оқиға бойынша өлім-жітім жоқ.
Айта кетейік, Шымкентте ауа райының күрт суытуына байланысты 10-11 қаңтар күндері 1-8 сынып оқушылары қашықтан білім алу форматына көшірілді.





