Мұхтархан Қабыланбекұлы Ділдәбеков
Мұхтархан Қабыланбекұлы Ділдәбеков 1976 жылы 19 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (1997), аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының (2000) және әуесқой бокстан әлем чемпионатының (1999) күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері (2000).
1994 жылы Шымкент гуманитарлық университетіне түскеннен кейін бокспен айналыса бастады. Алғашқы жаттықтырушысы – Н.Сафиуллин. 1996 жылы Ташкент қаласында өткен С.Джексон атындағы халықаралық турнирде ауыр салмақта (91 кг-нан жоғары) жеңіс тұғырына көтеріліп, спорт шебері атанды. Үш рет Қазақстанның (1997, 1998, 1999), Бангкокте өткен ХІІІ Азия ойындарының (1998) чемпионы, Қазақстан – Куба боксшыларының жолдастық кездесуінің (1998) және Варшавада (Польша) өткен Ф.Штамм атындағы халықаралық турнирдің (1999) жеңімпазы, дүниежүзілік чемпионаттың (1999, Хьюстон, АҚШ), ХХVIII Олимпиада ойындарының (2000, Сидней, Австралия) күміс жүлдегері. ХХVIII Олимпиада ойындарына (2004, Афины, Грекия) қатысқан.