«ТОЛҒАҚ ҚЫСҚАН» ЖІГІТ
«ТОЛҒАҚ ҚЫСҚАН» ЖІГІТ
Білмеген у ішеді дейді қазақ.
Иә, білмеген у ішеді! Не нәрсені де білу үшін, анықтау үшін адамға білім керек.
Ел басқару үшін де үлкен қабілет пен шексіз білімге иек артпаса, өзі ғана емес халқына да у ішкізуі мүмкін. Оның арты үлкен трагедия...
Ертеректе бір қызық оқиға болған еді. Қыстақтағы ауылда сақман уақыты. «Қой қоздап қорада шу» дейтін кезең ғой.
Бір ағамыз басы ауырып мазасы кетеді. Күн өтті ме, әлде, шуас иістерден жиіркенді ме әйтеуір жанын қоярға жер таба алмай аласұрады келіп. Көмек сұрайын десе жалғыз үйлі қыстақтың ересектері бір шаруа шығып ауылға кеткен. Бала-шаға не біледі! У-шу болып жүгіріп жүр.
Артық айтқан ауыр сөз болмасын, ағамыздың білімі де тым таяз еді...
Бас болса «шағып» шыдатпай барады.
Содан «басым ауырды» деп, кейін дәрі ішіп жатқандарды көргені есіне түсіп, сол «әдіске» жүгінуге мәжбүр болады. Үйдің ішін қотарып жүріп «аптека» дорбасын тауып алады. Іші самсаған таблетка. Оқиын десе сауат аз. Содан әр таблетканы қолына ұстап ойланып біраз отарады. Бәрі бір – бірінен аунымайды. Тек түрлері ғана ала-құла. Қара, сары, көк, ақ.
Бас болса шыдатпай әкетіп барады. Не істемек керек?
Ақырында «Дәрі болғасын бәрі бірдей емес пе» деген ойға табан тіреп, сары түсті екі таблетканы ауызға салып ұрып жібереді.
Сенімнің күштілігі болар, басының ауырғаны басылып шаруасын істеп кете береді.
Алайда қызық түнде басталады. Әлгі ағамыз жүрегі лобып, асқазаны бүріп, тынышы кетіп аласұра бастайды. Аунақшып, дөңбекшіп мазасы кетеді.
Содан жеңгесі мән – жайды сұрайды ғой, «не болды, қай жерің ауырып жатыр?» дегендей.
Әлгі ағамыз болса «аптечкадан» басы ауырып болмағасын екі сары дәріні алып ішкенін жеткізеді.
Жеңгесі шалқасынан түсіпті.
Сөйтсе қиналған ағамыз, білімсіздіктің кесірінен «Қойды толғататын» дәріні ішіп, осы күйге түскен ғой....
«Білмеген у ішеді» деп жатқаным сол! Билік басындағы кейбір азаматтар ойлануы керек. Білімің жетпей ме, өрең төмен бе, ел ісіне де көп араласпа! Білімі асқанға сенім білдір. Жолыңды бер. Әйтпесе білімсіздік деген дүние жарға жығып кетуі бек мүмкін! Оның зардабын қай кезде де халық тартады.
(Авторы :Нағашыбай Кабылбек деген азамат,өте жақсы жазыпты)
Меруерт Үсенбекқызы
Фейсбуктегі парақшасынан