«100 аурухана, 100 мектеп» сияқты «100 мәдениет үйі» бағдарламасын қабылдау қажет пе?
Адамзатты алға сүйрейтін тек материалдық құндылықтар ғана емес, рухани жағынан да жетілу аса маңызды рөлге ие. Себебі адам қажеттілігі тек ақшадан тұрмайды. Руханият, мәдениеттің қоғамдағы маңыздылығы, міне, осы тұста айқындалады. Тәуелсіздік алғалы екі онжылдық тарихты бастан өткерген біздің елдің шүкір деуі керек, экономикалық, әлеуметтік ахуалы біршама жақсы. Алайда мәдени жағынан толыстық деп толығымен айта аламыз ба? Алматы, Астана сынды республикалық маңызы бар қалаларды былай қойып, ауылдардың жағдайына үңілейікші. Әлі күнге мәдениет ошағы жоқ ауылдар, тіпті білдей облыс орталығы, аты дырдай қалалар да бар. Ал мәдени ошақсыз, қандай концерт, қандай қойылым, қандай өнерпаз дами қойсын? Ендеше, мәселені шешу үшін, бәлкім, бізге «100 мәдениет үйі» сынды бағдарлама қабылдау керек шығар?
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы
Иә
– Мұндай бағдарлама қазір өте қажет. Ауыл-ауылдар қаңырап қалды ғой, әйтпесе. Міне, қазір ауылда жүрмін. Мұнда жастар қайда барарын білмей, сенделіп кеткенін көріп, жүрегім ауырды. Бір мезгіл бас қосатын жерлері де жоқ. Баяғыда клуб болса да бар болатын. Қазір ол ғимараттардың барлығы жекеменшікке өтіп кеткен не қирап, жарамсыз күйге түскен. Содан кейін барар жері жоқ жастар не істесін, жиналып карта ойнайды, арақ ішеді. Ауылда мәдениет деген атымен жоқ бүгінде: тас қараңғылық, бас қосатын жерлері тек қана той-томалақ. Соларды мәдениетке сүйреу үшін алдымен бастарын қосатын мәдениет үйі болса.
Онда бір-бірімен танысатындай, пікір алмасып сөйлесетіндей, түрлі кештер ұйымдастыратындай, бір мезгіл жігіттерге бильярд ойнайтындай жері болса. Кітапханасы болса ішінде. Қазір мектеп оқушыларының ішінде әнге, биге, сахнаға құмарлары өте көп. Солар өз қабілеттерін көрсете алатын, өз қабілеттерін жетілдіре түсетін бір алаң, бір нүкте керек. Баяғыда соның бәрі бар еді ғой, соның бәрін бір заманда енді қайтып керек еместей сыпырып тастадық қой. Енді соны біртіндеп, бағдарлы түрде, жоспарлы түрде қалпына келтірмесек болмайды. Мұны осындай арнайы бағдарлама аясында салиқалы түрде, жариялы түрде мемлекеттік тұрғыдан қолға алып, жүзеге асыруымыз шарт.
«Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама құрғанымыз болмаса, қазір ауылға баратын ештеңе де жоқ. Той мен төбелес қана. Қала өмірін көрген жас ауылдың әлгіндей қаңыраған кейпін көруге жылдар түгіл, ай да шыдамайды. Сондықтан біз шынайы өмірмен санаспай, әр қадамымызды салмақтамай, бостан-босқа ұран көтеруге болмайды. Ауылдың өзінің жастарын көтереміз десек, олардың бойындағы қарым-қабілетін шыңдайтын орындарды көбейтуіміз керек. Қазір мен Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданына қарасты Қара аспан деген ауылда жүрмін. Мұндағы жастар 100 шақырым қашықтықтағы Шымкентке қатынайды. Жастардың бәрінің бірдей көлігі жоқ қой, болғанның өзінде бірде бұзылады, тіпті бірде апатқа да ұшырап жатады. Мінеки, сондықтан сіздер көтеріп отырған «100 мәдениет үйі» деген бағдарламаны қолдаймын. Тіпті өзекті мәселені қозғап отырсыздар. Мұны жоғары жақтағы басшылар назардан тыс қалдырмай, қолға алса, керемет болар еді. Бұрын комсомол ұйымы неге көптің ықыласына ие болды, себебі олар ауыл жастарын белсенділендіріп, оларды жұмылдырып, өмірге құштарландырды. Осы қызмет жоқ қой қазір, неге соны бүгінде жергілікті әкімшіліктегі Ішкі саясат бөлімі қолға алмайды? Шындап келгенде, солардың тікелей жұмысы бұл. Сеңдей соғылысып босқа жүрген жастарды көріп, жаным ашып кетті. Оларға қашанғы үйде отыр дей бересің. Мәдениет үйін салып берейік те. Тез арада осыны ел болып қолға алу керек.
Мақсат Жақауов, саясаттанушы
Жоқ
– Біз осы ұрандатып, статистикаға ғана жұмыс істеу дегенді қоймай, ешқашан оңалмаймыз. Қандай стратегиялық бағдарлама жасамайық, мүмкін о баста оның идеясы дұрыс болатып шығар, бірақ жүзеге асуы қарныңды аштырады. Неге? Себебі санға жұмыс істейміз, бұл бірінші деңіз, екіншіден, бөлінген қаржыны тиісті жұмысқа емес, талан-таражға айналдырамыз, одан қалса, «бәлен уақытта бітіреміз» деп айтып аламыз да, сол уақытта бітпей қалса, өтірік тұсаукесер жасап, басшыны да, елді де алдайтын жағдайлар аз ұшырасып жатқан жоқ. Бұған бір мысал айта кетейін. Мен өзім қазір ауылда тұрып, қалаға қатынап жұмыс істеп жатырмын.
Алматы облысына қарасты осы ауылда таяуда бұрын мәдениет үйі ме, клуб па, әйтеуір ескі ғимараттардың бірін косметикалық жөндеуден өткізді де, балабақшаға айналдырды. Оның ішінің тар, бөлмелерінің аз, балалардың сыймайтындығын былай қойғанда, ол жерде маман деген мүлдем жоқ. Осы «Дипломмен – ауылға!» деп келген бірде-бір жасты ең құрығанда осы балабақшаға алғанын көргенім жоқ. Қолында ешқандай дипломы жоқ біреулер әлгі жерде балаға қарап отыр. Таныс-тамырлықпен алынған. Негізі, жемқорлық қой бізді қай жағымыздан болса да дамытпай отырған. Тек басшылар ғана емес, жалпы халықтың санасы қазір өзгеріске ұшырап, жаңа қызмет орнына, сәл ақшасы бар орынға отырды ма, «қолда барда қоныштан басып қалайын» деуге көшкен. Халыққа пайдам тисін, сапалы жұмыс істейін деген адам кемде-кем, оның өзін әлгіндей жаппай тобыр өзіне тартып алады не ысырып тастайды. Мұнымен менің айтпағым не, «100 мәдениет үйі» бағдарламасы қолға алынған күнде де дәл осы сана-сезімнің құрбаны болып кетпей ме деген қорқыныш. Басшылықтан дұрыс ой, жақсы идеямен бөлінгенімен, сол қаржыны алушылар, тиісінше жұмсамай, ақыры талан-таражға салып жібермесіне кім кепіл?
Одан да, меніңше, осы мәдениетті шынында қолға аламыз десек, жергілікті жерлерде, әсіресе, ауылдардағы мектептің түрлі үйірмелерін жандандырып, соларды мықтау керек сияқты. Мықты кәсіби мамандарды сонда арнайы жіберіп, жалақысын жақсартып, ән, би т.б үйірмелерін қосымша аштыртып, кәдімгі пәндерді балаларға жақсылап үйретуге, сабақтан тыс уақытта мәдени шараларға қатыстырып, жұмылдыруын қадағалау шарт.
«100 мәдениет үйі» бағдарламасын құптамай отыруымның тағы бір себебі ауылға қазір әнші, әртістер айына, жылына бір бас сұқпаса, қалған уақытта бармайды да. Ал солар бес-алты айда бір келеді екен деп, соларға жағдай жасау кімге пайда? Одан басқа мәдениет үйі, клуб дегеннің ауыл тұрғындары үшін керегі де жоқ. Одан қалса, партия жиналысы, сайлауалды науқанында жинауға ғана керек. Сондықтан бұған күш-қайрат пен қаржыны босқа шашқанша, одан да басқа жолын қарастыруымыз керек. Тиімді де тиісті шараларын.
Түйін
Қазақ айтады: «Ары тартсаң – арба сынады, бері тарсаң – өгіз өледі», – деп. Қайсысы қатардан қалса да, толыққанды жұмыс жоқ. Сол айтылғандай, мәдениет үйлерін бүтіндемей тағы болмайды, ал құр қалқайған ғимарат салдырып, оның дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасалмай тағы болмайды. Былайша айтқанда, «мешіт салып, имамсыз қалдырғандай» жартыкеш дүние тағы жыртыққа жамау болмасы анық. Алайда бізге осы тұста екі жауап иесінің де алға тартар дәйектерін сарапқа салып, қайткен күнде де мәдени ахуалды алға сүйрейтіндей қадам жасау керек!