Әйелдерге 58 бен 63 жас аралығында зейнетке шығу бойынша таңдау берілуі керек пе?
Зейнетақы жүйесі реформаланғаннан кейінгі 11 жылдағы тәжірибе айғақтап отырғандай, бізде еркектерге қарағанда әйелдердің жинақтаған орташа зейнетақы жинағы әлдеқайда төмен екен. Мәселен, егер 2009 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша, ер адамның орташа зейнет жинағы 171 мың теңгені құраса, ал әйелдердікі – 133 мың теңге. Яғни бұл арада 30 пайызға айырма бар. Мұны гендерлік теңсіздікке жатқызған баз бір мамандар, мүмкін әйелдерге 58 бен 63 жас аралығында зейнетке шығу бойынша таңдау беру керек шығар деген пікір білдіреді.
Ернар Әлжанов, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары
Иә
– Әйелдерге 58 бен 63 жас аралығында зейнетке шығу бойынша таңдау берілуі керек. Нақтырақ айтқанда, зейнет жасынан кейін жұмыс істеймін дегендерге шектеу қойылмайтындығы еліміздегі жалпыға бірдей еңбек құқығында нақты көрсетілген. Еңбек кодексінің 7-бабына сәйкес, қандай да бір белгісіне қарай, соның ішінде жасы мен жынысына қатысты кемсітуге жол берілмейді. Яғни бізде зейнетке шыққан әйелге өзінің қызметін ары қарай жалғастыра беруге ешкім тыйым салмайды.
Иә, әйелдер еркектерге қарағанда орташа есеппен есептегенде, шынымен де аз жалақы алады. Сондықтан олардың зейнет жинағы да ер адамдардан төмен болып келеді.
Осы жағынан алғанда, әйелдер үшін зейнет жасына жеткеннен кейін де қызметін жалғастырудың материалдық жағдайын жақсартуға кәдімгідей көмегі тиеді.
Заңда көрсетілгендей, зейнет жасына жету дегеніміз адамның еңбекке жарамсыздығын білдірмейді. Мұнда көрсетілген жас тек зейнетақы төлемі жасалатын кезеңді айқындайды.
Сондай-ақ статистикаға сәйкес, еркекке қарағанда әйел адам өмір сүру деңгейі, денсаулығының төзімділігі жағынан мықты болып келеді. Сондықтан олардың қызметін жалғастыра беруге толықтай мүмкіндігі бар деп есептеймін.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, зейнет жасына дейінгі және зейнетке шығу мерзіміне жеткен әйелдерге арнап еңбекпен қамту бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оларға құқықтық кеңес жағынан көмектесу қажет. Осы істі үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қорғау қызметтері мен ұйымдары белсенді түрде қолға алатын болса, зейнет жасына жеткен адамдардың ары қарай еңбекпен қамтылу мәселесін белгілі бір деңгейде шешуге болады деп ойлаймын.
Ерасыл Әбілқасымов, медицина ғылымының докторы, профессор
Жоқ
– Мен мұндай бастамаға түбегейлі қарсымын. Бізді дамыған шет мемлекеттермен салыстыруға мүлде келмейді. Мәселен, Жапонияда адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 80-82 жас аралығын қамтыса, ал біздің еліміздегі бұл көрсеткіш небәрі 66-ны құрайды.
Адам ғұмыр бойы еңбек еткеннен кейін, сол қиыншылығының жемісін көруге мүмкіндік беру қажет. Яғни бала-шағасының қызығын көру үшін адам ұзақ жасауға ұмтылады. Сондықтан әр адам еңбек жылдарынан кейін өз ортасында емен-жарқын жүруі үшін қарттыққа әзірленіп, денсаулығының күтіміне түбегейлі бет бұруы қажет. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, әйел адамның қазақ қоғамында рөлі орасан зор.
Әсіресе сырттан гөрі, үйдегісі. Оны ешкім жоққа шығармайды. Халқымыз ежелден ана деген ардақты атқа үлкен ізетпен, құрметпен қараған. Ана – шаңырақтың шамшырағы. Сондықтан керісінше, әйелдердің зейнетке шығу мерзімін 58-ден 55-ке төмендету керек деп есептеймін.
Жалпы, дүниеге бала әкелу секілді табиғи процесс оңай дүние емес. Қалай дегенмен де, оның әйел ағзасына кері әсер ететін факторы болады. Сол себепті олар әбден шаршап-шалдыққанша еңбек етсін дегенге қарсымын. Оның орнына осыған дейін үйде бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген ана енді немере тәрбиесін қолға алуға дайындалуы тиіс деп ойлаймын.
Зейнетке шыққан кез келген адам жылына кем дегенде бір рет емдік демалыс орындарына баруды әдетке айналдыруы тиіс. Өйткені тек жақсы күтім ғана адам өмірін ұзарта алады.
Ал зейнетақы көлемі бүгінгі елімізде белгіленген орташа жалақы көлемінің 70 пайызын құрауы тиіс деп ойлаймын, яғни 65-70 мың теңге көлемінде. Сонда бұл қаражат ол адамның зейнет жасындағы қажетті деген сұраныстарын белгілі бір деңгейде қанағаттандыруға жеткілікті болады.
Бейтарап пікір
Айдар Әлібаев, Зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы:
– Әйел адам 58 жаста зейнетке шыға ма, әлде осы шекті 63-ке ұзарта ма – оның маңызы жоқ. Меніңше, жұмыс істеймін деген кез келген адамға «сен зейнеткерсің» деп шектеу қоюға болмайды. Егер денсаулығы жақсы болып, еңбекке деген құлшынысы артып тұрса, мұндай тәжірибесі мен білігі мықты маман кез келген жұмыс орны үшін құнды болып табылады деп ойлаймын. Ал ол үшін арнайы заң шығарудың қажеті жоқ. Ол артықтау секілді.