Аймақтарда табиғи апат жағдайына арналған бюджеттен тыс арнайы қор құру қажет пе?

Аймақтарда табиғи апат жағдайына арналған бюджеттен тыс арнайы қор құру қажет пе?

Соңғы жылдары табиғат қатаңдық танытып жүр. Қыс айларында қалада да, далада да аттың баурайынан асатын қалың қар жауып, көктем шыға ол күрт ериді. Соның салдарынан қазір еліміздің бір емес, бірнеше аймақтарында төтенше жағдай жарияланып отыр. Зардап шегушілердің тарапынан айтылып жатқан  өткір-өткір сын-пікірлер легі әлбетте арты селге айналған қалың қардың емес, құзырлы сала орындарының атына бағытталып жатыр. Алайда апат айтып келмейді. Тиісті органдардың іс-әрекеті өз алдына бөлек әңгіме. Ал мұндай жағдайдың кейінгі жылдары тағы қайталануы мүмкін екендігін ескерсек, басқа да алдын алу шараларын әліптің артын күтпей-ақ ұйымдастырып отыру керек шығар? Мәселен, аймақтарда табиғи апаттарға арналған бюджеттен тыс арнайы қор құрылса ше?


Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, профессор:
иә
– География ғылымының маманы ре­тін­де айтарым, табиғаттағы болып жат­қан  құ­бы­лыстар мен сол құбы­лыс­тардың пайда бо­­луы оның адамзатқа қандай әсері бар жә­не адам­заттың табиғатқа әсері қандай, со­ның барлығын оқып, зерттеп қана қой­май, на­сихаттап жүремін. Мына нәрсені ұмыт­­па­йық, табиғат өз заңдылы­ғымен жү­реді, адам­­зат баласы сол заңдылыққа қар­сы тұра ал­майды. Бұл – әлдеқашан дәлел­ден­­ген ақи­қат. Бірақ біз көбіне соны ес­тен шығарып ала­­мыз, мән бере бер­мейміз. Дұ­рыс ай­та­сыз­дар, қор құру ке­рек. Бірақ қор­дың мақ­сат-міндетін дұрыстап, айқын­дап алу қажет. Жә­­не оның тұжырымдамасын жа­сағанда же­­ті рет өлшеп барып, бір рет кесу ке­рек.  Бы­­лайша айтқанда, қорды асы­­­­ғыс құра са­лып, артынша қар­жы­ның тиім­сіз жұмсалуына жол бер­меу­ге тиіспіз. Қажет болса, шетел­дер­де бұрыннан жұмыс істейтін қорлардың тәжірибесіне жүгінсек, артық емес. 
Әлбетте қордың ақшасын қайда жә­не қалай пайдаланған тиімді деген са­уал­ туындайды. Менің ойымша, бірінші кезекте адамдардың сауатын ашуға жұм­саған дұрыс сияқты, яғни экологиялық сауатты көтеруге. Экологиялық сауатты, эколо­гия­лық мәдениетті адам бәрін айт та, бірін айт, ауласындағы су ағып жатқан арық­тарды тазалап тұрудың өзіне жауап­кер­ші­лікпен  қарайды. Арықтың жағасына ағаш еге­ді, үйінің айналасын тазалайды, өткен жылы суы тасыған арығының жырылған  жеріне келер жылы бөгет қояды.
Міне, еліміздің әрбір азаматының эко­ло­гиялық сауатының жоғары болуы қан­ша­лықты маңызды. Мұндай сауатты үз­дік­сіз дамытып отыру керек. Өйткені апат ай­тып келмейді. Әр кез соған дайын тұрсақ деймін.
Үкіметке барлығын ысыра беруге бол­майды. Әр отбасында проблема болмаса, мем­лекетте де проблема болмайды. Мем­лекеттің өзі әрбір адамнан тұрады. Барша бо­лып бір мезет мемлекетке де көмектесіп тұр­сақ игі емес пе?
Негізі, қорлар көп, егер аймақтарда табиғи апаттарға арналған бюджеттен тыс арнайы тағы бір қор құрылса, ар­тықтық ете қоймас. Ол «Қазақ­станның та­биғатын қорғау» болмаса  «Қа­зақ­стандағы өзен-көлдерді қорғау» деп атала ма, ол жағын білмеймін, бірақ әңгіме атында емес, затында болса керек.
Айта кетейін, ойпатты жер­лер­мен ағатын, мәселен, Сыр­дария, Арыс, Жайық сияқты өзендер тек көктемде тасиды. Ал таудан ағатын өзен-көлдер жазға таман мұздықтар еріген кезде тасиды. Міне, осы екі жағдайды көпшілік білмейді емес, біледі. Демек, сақа­дай сай болып отыруға әб­ден болады. Қазір дү­ние­жү­зінде тұщы су тап­­­шы­лығы өткір болып тұр. Жер бетіндегі барлық атмос­фе­ра­дағы сулардың екі-ақ пайызы ғана тұщы. Ал тұщы су – мұздықтар мен өзен су­лары. Соны қадірлеп, қастерлеп, бір қа­сығына дейін ысырап қылмай пайдалануға үйренуіміз керек.
Әрине, сіздер айтып отырғандай қор құрылып жатса, оның белгілі бір мөлшері су басып кеткен аймақтарға көмек ретінде бөлінсін, алайда алдымен сол судың тасымауының жолдарын қарас­тыруымыз керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік». «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» осы сынды қордың көмегімен экологиялық білімді жетілдіру керек деп ойлаймын. Халқы экологиялық сауатты елдің эконо­ми­калық саясаты жоғары болатынын ұмыт­пайық.


Ахметқал МЕДЕУ, география ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Шынымен де, жағдай қазір алаң­датарлық. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 102 елді мекен су ас­тында қалса,  Солтүстік Қазақ­стан­да отыздан астам ауыл-аймаққа үлкен қауіп тұр. Басқа да өңірлер сақ отыр­ма­са болмайды.  Өкініштісі сол, бо­лары бол­ған соң сан соғып, апалаң-то­палаң күйге тү­семіз. Осы әдетіміз жыл­да қайталанады. Өт­кеннен са­бақ алып үйрене алмай-ақ қой­дық, осы. Алдымен мынандай сауалға жа­уап іздеп көрейікші. Осындай жағ­­дай орын ала­тынын күні бұрын бол­­жауға, оның алдын алу­ға бола ма? Әлбетте болады. Тіпті жер сіл­кі­нісі сияқты апатты нақты болмаса да, шамалап білуге мүмкіндік жоқ емес. Ал өз­де­ріңіз көріп отырғандай, біз әдеттегідей жыл­да дайын болмай шығамыз. Неге? Өйткені құзырлы сала өз жұмысына салғырт-салақ қарайды. Күні бұрын ел-елді аралап, қай аймаққа қандай қауіп төніп тұрғанын тексеріп жүрсе болады ғой.
Әйтпесе қазір қай облыста қар­дың қалың түсетіні, қай өңірде су тасқыны болуы мүмкін екендігін анықтап отыру тіптен қиын емес. Мықтап қолға алса, біздің мамандардың оған білім-біліктілігі де және үкіметтің қаржысы да жетер еді. Дәл осындай артында адам тағдыры тұрған апаттың алдын алу шараларына Үкімет аянып қалмайды деп сенемін.
Сондықтан да қор құруды емес, құзырлы саланың жұмы­сы­н қалай жолға қоюды, олар­дың жауапкершілігін арт­тыруды және кінәлілерді жазаға тарту керектігін ойластыру керек дер едім.
Ал сіздер айтып отыр­ғандай, аймақтарда та­биғи апаттарға арналған бюд­жеттен тыс қор құруға үзілді-кесілді қарсымын. Ондай қор құрудың түкке қажеті жоқ. Ке­зінде, мәселен, экологиялық қор құ­рылған болатын. Қордағы қаржы тиісті жерге және өз мақсатымен жұмсалды деп айта алмаймын. Тіпті сол қордың өзі қолдан-қолға өтіп, берекесі қашып кетті емес пе? Дәл солай арнайы қор құрылып жатса, оның қандай да бір проблеманы шешуде адал жұмыс істейтініне күмәнім бар. Тек айтып отырғандай, экологиялық қор ғана емес, жалпы, біздің елде атын айғайлатып ашылып жатқан қорлардың басым бөлігінің жұмысы көңілімнен шықпайды десем, артық айтқандық емес. «Айдағаным бес ешкі, ысқырығым жер жарады» деп қазақ осындайда айтса керек. Мен арнайы қор емес, сақтандыру қорын құру керек дер едім.  Мұндай қордың керектігін Елбасы да қауіпсіздік кеңесі кезінде айтып қалған. Дұрысы сол сияқты. Сақтандыру қорлары көптеген елдерде бұрыннан бар. Аталмыш қорлар табиғи апаттар кезінде комиссияның қорытындысы бойынша қажет нысандарға тиісті қаржы бөліп отырады. Сіздер айтып отырғандай қор, мәселен, науқан іспетті болса, сақтандыру қорлары тұрақты жұмыс істейтін болады.
Менің ойымша, қор үш тараптан құрылуы керек. Бірінші субъекті – мемлекет, екінші – жергілікті атқарушы орган, үшінші – халықтың өзі. Бірақ та мұндай қордың жұмысы да тиісті бақылау орындарының қатаң қадағалауында болғаны дұрыс. Әйтпесе «жаман айтпай, жақсы жоқ».

Түйін
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ,
«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Ондай қор құрып, еш мәселені шеше алмаймыз. Оның қажеттілігін де көріп отырғаным жоқ. Ол аты бар, заты жоқ дүние болады да қалады. Елімізде осы сынды қоғамдық  қорсымақтар аз емес. Алайда ешбірінің атын атап тап қазір үлгі ете алмайтын шығармыз.
Мұндай апатты болдырмауға тырысуымыз керек. Оған мүмкіндігіміз бар. Тек енжарлықты қойып, белсенді жұмыс істеу керек. Қажет болса, ғалымдарды да тартып отыруды жолға қойса деймін. Қазіргі жағдайдың ушығып кетуіне Төтенше жағдай министрлігінің де салғырт-салақтығы әсер етті десем, ешкім дау айтпас. Сондай-ақ адамдардың өздері де қолдарын қусырып отыра берген. Әйтпесе қыс бойы жауған қалың қардың зардабы болары айтпаса да түсінікті емес пе?! Жергілікті әкімдіктер де алдын-ала дабыл қағып, неге дайындық жұмыстарын жүргізбеген?  Міне, гәп қайда жатыр? Ал арнайы қор құру керек дегенге қосылмаймын. 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста