Аймақтық ерекшеліктерге қарай арнайы экологиялық бағдарламалар жасаудың қажеттілігі бар ма?

Қазіргі таңда еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу үшін жалпы экологиялық бағдарламалар аясында жұмыстар жасалынып жатыр. Алайда еліміздегі қордаланған мәселелер шешілер емес. Осы орайда кейбір мамандар қоршаған ортаның ластануына қатысты нақты мәселелерді аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, арнайы экологиялық бағдарламалар жасау арқылы шешу туралы ұсыныс айтуда. Әр аймақтың өзіндік экологиялық мәселесіне қарай арнайы бағдарлама жасау тиімді болар ма еді? Тақырыпқа қатысты мамандар пікірін сұрастырып көрген едік...
Жақыпбай ДОСТАЙҰЛЫ, география ғылымының докторы, профессор, «География және геоэкология мәселелері» журналы бас редакторының орынбасары:
Иә
– Бұл – біз үшін өте қажетті нәрсе. Өйткені еліміздің қайсыбір аймағы болмасын, экологиялық ахуалы ушығып тұр. Осы орайда әр аймағымыздың ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы экологиялық бағдарлама жасау арқылы жұмыс істеудің маңызы зор. Өз басым бұл ұсынысты қолдар едім. Қазіргі таңда әр аймағымыздағы экологиялық мәселесі әртүрлі.
Мәселен, Ақтау Атырау өңірінде мұнай-газ бен Каспий теңізінің экологиясы, Орталық Қазақстанда қара металлургия, Шығыс Қазақстанда түсті металл өндіру кезінде ауаның ластануы мен улы қалдықтардың табиғатқа зардабы, Оңтүстік Қазақстанда Байқоңыр мен Аралды айтпағанда уранның зиянының өзі орасан.
Бұлардың әрқайсысының экологиялық ауыртпалығы өте зор. Егер біз аймақтардың осындай экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы бағдарлама жасау арқылы мәселені шешуге ұмтылар болсақ, көп нәрседен ұтар едік. Арнайы бағдарлама арқылы әр аймақтың экологиясын жете зерттеуге, экологиялық мәселесіне сай қаржы бөлуге ұмтылуға, жергілікті жерден неғұрлым оңтайлы түрде мәселені шешуге болар еді. Әйтпесе, бүгінгі күні жалпылама қаржы бөліп, жалпылама жұмыс жасау арқылы істелінген жұмыстың ешқандай нәтижесі көрінбейді.
Айта кетер жайт, тек сол аймақтарда атқарылып жатқан жұмыстарды тиісті орындар қатаң бақылауға алып, оған мемлекеттік қадағалау болса, дұрыс болар еді. Әйтпесе әр аймақтың не істеп жатқаны белгісіз күйінде қалып, экологиялық мәселені шешуге бөлінген қаржы талан-таражға түсіп кетуі әбден мүмкін.
Сәдібек ТҮГЕЛ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Менің Қазақстаным» экологиялық партиясы төрағасының орынбасары:
Жоқ
– Рас, қазіргі таңда еліміздің қай өңірінің болмасын экологиялық жағдайы өте нашар. Алайда бұл ұсыныс мәселені шешудің тиімді жолы деп айта алмаймын. Аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып арнайы экологиялық бағдарламалар жасау арқылы біз мәселені тиімді шеше алмаймыз. Негізі, елдің экологиялық жағдайы – мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселе. Сондықтан экологиялық мәселелердің бір орталықтан басқарылып, мәселелердің де сол бір орталықтан шешіліп отырғаны дұрыс болар еді. Осы орайда мемлекеттік деңгейдегі арнайы экологиялық қор құрып, бір орталықтан басқару арқылы ғана экологиялық мәселелерді тиімді шешуге болады дей аламын.
Себебі аймақтық ерекшеліктерге қарай, арнайы экологиялық бағдарламалар жасалынатын болса, ол мәселелерді шешуге қаржы да соған сай бөлініп, ол аймақтарға таратылады. Мұның соңы ақшаның бақылаусыз, талан-таражға түсіп, құмға сіңген судай жоқ болып кетуіне алып келуі де мүмкін. Сондықтан аймақтық басқарылған нәрседен күтер үмітім аз.
Еліміздегі Арал өңірінің, Балқаш көлінің, тіпті ауасы еліміздегі ең лас қала саналып отырған Алматы қаласының да экологиялық жағдайлары өте ауыр. Ал оны әрбір жергілікті басқару орындары аймақтық бағдарлама, аймақтық бөлінген қаржы арқылы шешіп алуы мүмкін емес деп ойлаймын. Мұндай жүйеге өтер болсақ, бұл мәселенің барлығы жыл өткен сайын «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді. Қазіргі күні шетелдік алпауыттар еліміздің табиғи байлығын қалай пайдаланып жатқаны белгісіз. Олардың келтірген экологиялық шығындарын қалыпқа келтіруін талап ететін, табиғатты болашақ ұрпаққа жақсы сақтап жеткізу үшін халқымыздың денінің сау болып, экологияның тұрғындар денсаулығына кесірі тимес үшін бір орталықтанған мемлекеттік басқару мен мемлекеттік жалпы экологиялық бағдарлама керек.
Бейтарап пікір
Мақсат ЖАҚАУ, эколог:
– Экологиялық мәселе қай өңірде болмасын, бар. Экологиялық мәселе күрделенген сайын оның адамдарға тигізер зияны арта береді. Сондықтан әр аймақтың экологиялық жағдайын ескере отырып бағдарлама жасау арқылы ғана емес, барлық мүмкін болған жағдайларды қарастыра отырып, қоршаған ортаның мәселесін шешуге ұмтылуымыз керек. Бұл ұсыныстың ұтымды жері – әрбір өңірдің экологиясына сай қаржы бөлінуі. Осыны тиімді пайдаланғанымыз дұрыс. Сондай-ақ жергілікті өнеркәсіп орындарынан түскен салық жергілікті басқару орындарына да бөлінеді. Ендеше неге жергілікті билік орындарын жергілікті жердің қоршаған орта мәселесін шешуге міндеттемеске? Осындай қадағалау жұмыстары күшейтілсе, тіпті дұрыс болар еді.





