Әлемдегі қауіп-қатердің өршуіне байланысты Қазақстанда өлім жазасын қалдыру қажет пе?
2003 жылы 17 желтоқсанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Мораторий жарияланған кезде мамандар «бұл жарлық жазаның осы түрін Қылмыстық кодекстен біржолата алып тастаудың алғашқы қадамы болуы керек» деген, «егер елдегі қылмыстық ахуал тым ушығып кетсе, бұл жарлықтың күші жойылып, Қазақстанда өлім жазасы қайтадан қолданыла бастауы мүмкін» деген де пікірлерді жарыса айтып жатты. Айта кетер жайт, жарлық күшіне енбес бұрын халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша еліміздегі азаматтардың басым бөлігі елде өлім жазасын алып тастауға әлі ерте деп санайтынын жеткізген. Сондықтан өлім жазасын біржолата алып тастаудан гөрі өлім жазасын орындауды мерзімсіз уақытқа дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданған еді. Алайда мамандар еліміздің ішкі жағдайында педофилдердің көбейіп кетуі мен сыртқы жағдайда әлем бойынша терроризм қаупінің күшеюіне орай өлім жазасын қалдыру қажет деген пікір айтуда. Мамандардың бұл ұсынысын біз де таразының табағына тартып көрген едік...
Сұлтан САРТАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор
Иә
Мен 2004 жылдың қаңтар айынан бастап өлім жазасына мораторий жариялау туралы жарлық шыққан кезде-ақ оған қарсылық білдірген едім. Өйткені ол кезде біздің құқықтық, мәдениеттік санамыз өлім жазасына мораторий жариялайтындай деңгейге әлі жеткен жоқ еді. Әлі де сондай. Өз басым қатыгез қылмыстың өтеуі өлім жазасы деп білемін. Сондықтан өлім жазасын қолдаймын. Қоғамда тәртіп орнауы үшін өлім жазасы қолданылуы қажет. Өркениетті елдер моральдық санасы көтеріңкі, құқықтық санасы биік болғандықтан өлім жазасын алып тастады.
Біз де уақытша мораторий жариялап қойдық. Негізі, қоғамымыздағы қалыптасып отырған қылмыстық ахуалға орай осы мораторийді алып тастап, қайтадан өлім жазасын қолдана бастасақ, дұрыс болар еді. Өлім жазасын адамды тонау мақсатында қасақана өлтірген қылмыскерлерге, педофилдерге, террористерге қолдануды жөн көремін. Өйткені террористік әрекет орын ала қалған жағдайда террорист жүздеген адамның өліміне себеп болуы мүмкін. Ал жүздеген адамның қанын мойнына жүктегісі келетін террорист қалайша жер басып жүруі тиіс?! Сондай-ақ әлі есін білмеген сәбилердің өмірін өксітіп, айуандық әрекетке барған педофил қалайша өмір сүруі тиіс?! Оларға өлім жазасын қолданбай, түрмеге қамағанымызбен, олар қайта бостандыққа шыққанда тағы бір сәбиге кесірін тигізуі мүмкін ғой.
Өлім жазасынан шошудың қажеті жоқ. Кейбір елдер әлі күнге өлім жазасын қолдану арқылы елдерінде тәртіп орнатуға қол жеткізіп отыр. Мәселен, Қытайда экономикалық қылмыс жасап, жемқорлық фактілеріне орын берген шенеуніктерге өлім жазасын қолданады. Нәтижесінде Қытайда жемқорлықтың жолы кесіліп отыр. Осы секілді қоғамға кесірін тигізіп отырған қылмыс түрлеріне орай қатаң жаза түрлерін енгізсек, ештеңеден ұтылмаймыз. Біз де өлім жазасын қайтадан енгізсек, көптеген қылмыс түрлерінің алдын алған болар едік деп ойлаймын.
Сәуле МЕКТЕПБАЕВА, «Халықаралық түрме реформасының» Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры
Жоқ
Мен қандай жағдай болмасын, өлім жазасын қолдануды мүлдем қолдамаймын. Кеше ғана Лондон қаласында адам құқығына қатысты мамандар бас қосып, өлім жазасына қатысты мәселелерді талқылап, жиын өткіздік. Көптеген елдер қылмыскерге өлім жазасын қолдануға қарсы. Біздің еліміз осыдан сегіз жылдай бұрын өлім жазасына мораторий жариялады. Мораторийді бұдан әрі соза берудің қажеті жоқ. Алдағы уақытта өлім жазасын мүлдем алып тастауымыз қажет. Өйткені өлім жазасының елдегі қылмыстық ахуалды жақсартуға, қылмыскерді түзу жолға салуға ешқандай оң әсері жоқ.
Бұған әлемдегі талай зерттеушінің жүргізген көптеген зерттеуі мен ғалымдардың келтірген пайымдауларын дәлел ретінде келтіруге болады. Осы орайда әлемдік деңгейде терроризм секілді қауіпті әрекеттердің өршуіне орай елімізде өлім жазасын қалдыру қажет деген пікірге де қарсымын.
Ал өте ауыр қылмыс түрлері саналатын әрекеттерге барған қылмыскерлерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қажет. Бүгінде көптеген ел өлім жазасының орнына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қолданып жүр. Әлем бойынша өршіп бара жатқан терроризм қаупінің сейілуіне де өлім жазасы оң әсер етеді деп ойламаймын. Өйткені террористер – онсыз да басын өлімге тіккен жандар. Ендеше, оларды өлім жазасымен қорқытамыз деу – күлкілі нәрсе. Рас, соңғы кездері елімізде педофилдердің әрекеті өршіп кетті. Өз басым педофилдерге кастрация жазасын қолданған дұрыс деп санаймын. Өйткені көптеген ел педофилдердің істеген қылмысына қарай ең әділ жаза ретінде кастрацияны қолдануда. Егер педофил өз әрекетін қайталайтындай қауіп танытса, онда өмірлік бас бостандығынан айыру қажет.
Жалпы, терроризм қаупін сейілтеміз десек, өлім жазасынан гөрі, қоғаммен жұмыс істеу арқылы адамзаттың санасын сауықтыру әлдеқайда үлкен нәтиже берер еді. Біз қылмыскерді жазалаудан бұрын адамды қылмысқа итермелейтін нәрселермен күресіп, қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізумен айналысуымыз қажет. Ешкім бас бостандығынан айырылып, түрмеде төрт қабырғаға қамалып отырғысы немесе өлім жазасына кесіліп, өмірден өткісі келмейді. Сондай-ақ адам өзінен-өзі террорист болмайды. Оны белгілі бір топ террорист болуға итермелейді. Сондай-ақ көбінесе жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері қылмыскер болып шығады. Сондықтан балалар үйінің балалары кәмелеттік жасқа толған соң, қайда барады, қай жерді паналайды, қайтсек, дұрыс жолға түсіп, толыққанды азамат болып қалыптасады — осы мәселелерді шешумен айналысуымыз керек. Сонда қоғамымызда қылмыскерлер азайып, өлім жазасын қолдану туралы ойды ойламас едік.
Бейтарап пікір
Марат БАШИМОВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– 1998 жылғы қаңтар айының 1-інен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде бейбіт уақытта ерекше ауыр жағдайларда қасақана кісі өлтіргендерді өлім жазасына кесу көзделген еді. Кейін өлім жазасына мораторий жариялануына орай ауыр қылмыс түрлеріне қолданылатын жазаны басқа жазалармен алмастырды. Негізі, қай елде болсын халықтың басым бөлігі өлім жазасын қолдайды. Сондықтан мораторийді алып тастау мәселесіне мұқият болу керек. Ал қоғамға қауіп төндіріп отырған қылмыс түрлеріне қарай өлім жазасын қолдану туралы мәселені қайта қарау артықтық етпейді. Осы орайда кейбір қылмыс түрлеріне өлім жазасын қалдыру қажет секілді.