Алқабилер соты өзін-өзі ақтап отыр деп ойлайсыз ба?

Алқабилер соты өзін-өзі ақтап отыр деп ойлайсыз ба?

Елімізде 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап демократиялық даму, сот билігі жү­йе­сін нығайту мақсатында сот жүйесіне алқабилер институты енгізілген еді. Құқықтанушылардың айтуы бойынша, сот алқабилері алғаш рет б.э.д. 829 жылы Францияда, одан соң 1066 жылы Англияда пайда болған екен. ХVІІ ғасырдың ортасында, буржуаз-демократиялық революциядан кейін Еуропа мемлекеттеріне тарай бастаған. Осылайша АҚШ-та сот алқабилері 1776 жылы тәуелсіздік Декларациясы қабылданғаннан кейін пайда болса, Ресейде алқабилер 1993 жылдан бастап жұмыс істеген. Біздің елімізде енгізілгеніне аса көп уақыт бола қоймаған, ал баз бір елдердің тәжірибесінде ежелден кездесетін алқабилер соты жүйесіне көпшіліктің пікірі әралуан. Қоғамда алқабилердің қызметіне көңілі толмайтындар да, олардың қызметін аса жоғары бағалайтындар да жетерлік. Біз бүгінгі ой-көкпардың додасына осы алқабилер тақырыбын салып көрген едік...

Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымының докторы, профессор
Иә

– Иә, еліміздегі алқабилер соты өзін-өзі ақтап отыр. Олар­дың жұмысына көңілім толады деп айта аламын. Кейбір ал­қа­билер күдіктінің ақталып шы­ғуы­на әсер етсе, кей кездері ха­лық мүддесінің ескеріліп, қыл­мыс­кердің істеген қылмысына сай жазасын алуына әсер етке­нін естіп жатырмыз. Бұл – үлкен жетістік. Елімізде алқабилер соты жүйесінің енгізілгеніне аса көп бола қойған жоқ. Сондық­тан оларға сын көзбен қарамас бұ­рын жетістігін бағалап алға­нымыз жөн. Рас, алқабилер соты жүйесінің жұмыс істеу ба­ры­сында әлі де болса кем­ші­ліктер бар. Бірақ «көш жүре түзеледі» дегендей, бұл кем­ші­лік­­тердің алдағы уақытта түзеліп кетеріне сенемін. 
Ең бастысы, алқабилер соты жүйесі – сот­та әділетті шешім шығаруға ықпал ете алатын жүйе. 
Жергілікті атқарушы орындарда алқа­биге үміткерлер тізімін даярлау кезінде әлі де болса кемшіліктер бар көрінеді. Әйтсе де алқаби ретінде сотқа бір рет қатысып көрген азамат билікке, сот шешіміне басқаша көзқараспен қарайтыны сөзсіз. Алқабилер арқылы қоғам сот билігіне деген сенім мен оның беделін арттыратын еркін насихаттаушылар әскерін құра ала­ды. Сондықтан әрқашан алқабилерді ар­на­йы заңдық курстарда оқытып, білік­ті­лігін арттырып отырған жөн. Еліміздегі ал­қабилерге қатысты мәселенің бірі олар­дың сот отырыстарына дер кезінде келе ал­мауы көрінеді. Мұндай олқылықтардың алдын алу шараларын қарастырсақ, ұтылмаймыз. Алқабилердің жауапкер­ші­лігін күшейту үшін аталмыш жүйе бұ­рын­нан қолданылып келе жатқан елдердің тә­жірибесіне сүйенуімізге болады. Мәсе­лен, АҚШ пен Канадада сотқа алқаби ре­тінде себепсіз келмеген азаматты сотты сый­ламағаны үшін кей жағдайларда ірі мөлшердегі айыппұл салып, тіпті бірнеше күнге қамауға алып жауапкершілікке тар­тады екен. Ал Франция елінде алқабиге кандидаттар сот отырысына себепсіз келмеген жағдайда, айыппұл салу көздел­ген. Егер де сотқа келмеу екінші рет қайта­ланған жағдайда айыппұлдың  көлемін  екі есеге көбейтуді заңмен белгілеген. Заң бойынша алқабилердің жауапкершілігі айқындалған. Бізге де осындай жүйелер арқылы алқабидің жауапкершілігін кү­шейтіп, қоғамдағы рөлін арттыру қажет. Жалпы, алқабилеріміздің қазіргі беталысы жаман емес. Тек оларды жетілдіре түсудің жолдарын қарастырған жөн.

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, адвокат
Жоқ

Алқабилер сотының жұмы­сы­на менің көңілім толмайды. Осы орайда алқабилер соты өз дә­режесінде жұмыс істеп отыр деп айта алмаймын. Мәселен, олар­ға көбінесе аса ауыр қыл­мыс түрін жасап, адам өлтір­ген­дер мәселесін қарауды ұсынады. Ал ауыр қылмыстар көбінесе әде­йі жасалады. Ауыр қыл­мыс­тар­ды ешкім абайсызда жаса­майды. Яғни күдікті – онсыз да қыл­мыскер. Ал мұндай көрініп тұрған қылмыс пен қылмысты жүзе­ге асырған қанішерді алқа­билер талқысына берудің қажеті қан­ша?! Сондай-ақ алқаби­лер­дің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізуді ен­гізу мақсатында 2006 жылдың 16 қаңтарында «Алқабилер тура­лы» Заң қабыл­данған еді. 
Онда алқабилерге қойылатын та­лап­тардың барлығы егжей-тегжейлі көр­се­тілген. Белгілі заң талаптары бойынша ал­қа­билер құрамына жасы 25-ке толмаған аза­маттар, мемлекеттік қызметшілер, әкім­шілік, қылмыстық жауапқа тартыл­ған­дар, наркологиялық, психологиялық есеп­те тұрғандар мен соттылығы бар адамдар кір­гізілмеуі керек. Алайда қайбір жылы елі­міздің Бас прокуратурасы жергілікті ат­қарушы органдардың алқабилер сотының құрамына енгізілген азаматтардың ара­сын­да нашақорлар мен қылмыскерлердің ғана емес, тіпті  жүйке ауруына шалдық­қан­дардың да жүргенін анықтап берген еді. 2009 жылы прокурорлардың жүргізген тексеруі нәтижесінде Алматы қаласы бойынша алқабилер құрамынан 1 мың 66 азаматты алып тастады. Бұл тізімдегілердің 574-і бұрын сотталған болса, 84-і жүйке ауруына шалдыққан, ал 335-і нашақор, 40 азамат мемлекеттік қызметкер, 117 адам шет мемлекеттің өкілі болып шыққан. Бұл сұмдық емес пе? Сонда біз адам тағ­ды­рын кімдердің қолына сеніп тапсырып отырмыз?! Осындай жағдайда алқабилер өз міндеттерін талапқа сай атқарып отыр, ал олардың ісіне көңіліміз толады деп айта алмайтынымыз анық. Бұдан бөлек, әлі күнге алқабидің құрамындағы 11 адамды дер кезінде жинау да оңай болмай отыр. Мұның өзі сот ісінің жүргізілуіне айрықша кедергі келтіруде. Алқабилерге мемлекет есебінен істі қарап жатқан судьяның лауа­зым­дық жалақысының жартысы мөл­шерінде, ал жұмыс жасайтын алқабидің сотқа қатысу уақытына сәйкес, оның не­гізгі жұмыс орны бойынша орташа жа­ла­қысынан кем емес мөлшерде сыйақы тө­ленетінін ескерсек, алқабилермен істі қа­рау кезінде қаншама мемлекеттік қар­жы­ның жұмсалатыны белгілі. Ендеше, «осын­ша қаржы жұмсап, алқабиді ұстаудың қа­жеті бар ма?» деген ой еріксіз туындайды.
Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі алқабилердің жауапкершілігі заң жүзінде қа­ралмаған. Ол бұра тартып немесе қыл­м­ыскерге «сатылып» отырса да, кейін оны жа­уапкершілікке тарту мүмкін емес. Ал судья өзінің дұрыс шешім шығармағаны үшін жауап береді. Бұл да болса алқабилер соты жұмысының қоғамда дұрыс қалып­таспағанының айғағы болса керек.

Бейтарап пікір
Ғабиден Жайлин,
ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот төрағасының орынбасары:
– Әлемде сот жүйесін жүргізудің бірнеше үлгісі бар. Олардың қатарына классикалық, англо-америкалық, франко-германдық немесе құрлықтық үлгілерді жатқызуға болады. Әлемдік тә­жірибелерге сүйене отырып, ұзақ пікірталастар мен талқылаулардан кейін еліміз үшін тиімді деп құрлықтық жүйе таңдалып алынған еді. Бүгінде осынау алқабилер сотының жұмысына деген көпшіліктің пікірі әртүрлі. Жалпы, бұл жүйе – тиімді жүйе. Бізге керек жүйе. Алайда алқабилер кәсіби маман болмағаннан кейін, олардың біліктілігіне сенімнен гөрі күдігім басым. Заңгер қанша айтқанмен, фактілерді дұрыс бағалайды. Ал алқабилер көбінесе эмоциялық тұрғыдан бағалап, шешім шығарады. Осы орайда қоғамда әділетті шешім шығару үшін алқабилердің пайдасы тиіп жатқан жоқ деп айта аламын. Сондықтан біздегі алқабилер сотының жұмысын жетілдіру қажет. Кемшін тұстарын дөп басып, олардың өз дәрежесіне сай жұмыс істеуіне жағдай жасау керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста