Ана мен бала құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы жұмысы нәтижелі ме?
1994 жылы Қазақстан Балалар құқығы туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялады. Содан бері елімізде балалар құқығын қорғайтын арнайы ұйымдар, түрлі қорлар мен отбасылық үлгідегі жетімдер үйі ашыла бастады. Олардың көбі халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландырылады екен. Дегенмен аталған ұйымдардың жұмысы қаншалықты нәтиже беріп отыр? Тастандылар саны азайып, сәбилердің шетел асырылуына кедергі бола алды ма? Сондай-ақ балалардың ауыр еңбекке тартылуы тыйылды ма? Осы орайда біз «Ана мен бала құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы жұмысы нәтижелі ме?» деген сауалды ой-таразысына салып көруді жөн санадық.
Сұлушаш Төлеуханқызы, Алматы қаласы Балалар құқығын қорғау департаментінің директоры:
Иә
–2008 жылдың қазан айында ЮНИСЕФ-тің қолдауымен Алматы қаласы Балалар құқығын қорғау департаменті және «Әйелдер шығармашылық бастамашылығы лигасы» ҚҚ бірлесе отырып, Бірінші Алматы форумын өткізді. Балалардың жағдайын жақсарту қызметінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және бизнес құрылымдары арасындағы өзара әрекеттесудің нәтижелі тетіктерін құруға бағытталған форум аясында тәжірибелі жетекші мамандар әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен бала еңбегінің ауыр түрлеріне тартуды болдырмау, балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Алматы қаласы Балалар құқығын қорғау департаменті балалардың құқығын қорғаумен айналысатын бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен, соның ішінде ЮНИСЕФ және Халықаралық Еңбек ұйымы (оның Бала еңбегін болдырмау жөніндегі халықаралық бағдарламасы) сияқты халықаралық ұйымдармен де тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Атап айтатын болсақ, ЮНИСЕФ өзінің бағдарламаларын 157 мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда да жүзеге асырады. Алматы қаласында да оның өкілдігі қызмет етеді. Қазіргі таңда ҚР Үкіметі және БҰҰ-ның Балалар қоры арасындағы ынтымақтастық, негізінен, ана мен баланың денсаулығын қорғау, 6-12 жас аралығындағы балаларды жан-жақты дамыту және 13 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектер мен жасөспірімдердің әл-ауқатын жақсарту сынды үш түрлі бағытта жұмыс жасайды.
Тағы бір айтарлығы – Алматы қаласы Балалар құқығын қорғау департаменті «Дағдарыс орталықтарының одағы» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп, Жастар мен балаларға арналған ұлттық сенім телефонының бірыңғай жүйесін құру туралы жоба бастамасын көтерді. Еліміздегі тұрғындардың үштен бірі балалар десек, ұлттық сенім телефонының бірыңғай жүйесін енгізу, өмірде қиын жағдайға ұшыраған балаларға жедел түрде психологиялық және құқықтық көмек көрсетуге жол ашады. Осы орайда 2008 жылы 20 қарашада, яғни Бүкіләлемдік балалар күнінде «150 – Ұлттық сенім телефоны» іске қосылды. Содан осы күнге дейін 7000-ға жуық қоңырау келіп түсті. Олар бойынша құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, мүдделі мекемелермен бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Халықаралық еңбек ұйымының бала еңбегін пайдаланбау жөніндегі халықаралық бағдарламасы шеңберінде «14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерді білім берумен және жұмыспен қамту қозғалысы арқылы бала еңбегінің ең нашар түрін жою» бағдарламасы бойынша Алматы қаласы Балалар құқығын қорғау департаменті мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, 2009 жылдың мамыр айында Алматы қаласындағы «Қарғалы» пансионатында «Бала еңбегін тоқтат!» деген ұранмен «Қазақстан Республикасындағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою бойынша әріптестердің потенциалын көтеру» деген тақырыпта семинар-тренинг болып өтті. Сонымен қатар Бүкіләлемдік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні жыл сайын 12 маусымда аталып өтуде. Қазіргі таңда 1-12 маусым аралығында өтетін «Балалардың еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» атты Ұлттық ақпараттық науқан жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан да ана мен баланың құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы жұмысы нәтижелі деп айта аламын.
Сәкен Өзбекұлы, ҚР Заң ғылымы академиясының академигі, заң ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Мен еліміздегі халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істеп жатқан өз ұйымдарымыздың біреуіне де сенбеймін. Неге? Себебі балаларға сыйлық берген жерлерін бір-екі рет теледидардан көрсетіп қояды да, бітті! Қалғанының барлығын жейді. Асап, асап, ақыры сотталып жатқан қаншама ұйымды білем. Сондықтан осындай заңсыздықтар орын алып жатқанда, бұл салада ешқандай да нәтиженің болуы мүмкін емес. Егер балаға шын мәнінде көңіл бөліп жатсақ, онда бүгінгідей шетел асып жатқан балалар саны, тастанды балалар саны азайып, мүгедек балалардың жағдайы да жақсы болуы керек емес пе? Енді бізде олай емес қой? Қанша жерден халықаралық ұйымдар араласып жатса да, сол баяғы қалпымыз. Тіпті айта-айта жағымыз талған да жағдайымыз бар. Бір ғана мысал айтайын, мәселен, орыстың шіркеулері қараусыз қалған қаңғыбас балалардың ұлтына да қарамай, өздеріне алып оқытып, арнайы үйлер ашып алды. Олардың мақсаты не? Сол тастанды балаларды шоқындырып шығару.
Ал осыған қарсы мешіттеріміз бір шара қолданып жатыр ма? Тек әйтеуір «бәлен жерде бәлен мешіт салынды» деп мешіттердің санымен мақтанудан басқаны білмейді. Бұл да біздегі, әсіресе, қазақ балалары құқықтарының аяқ асты болып жатқанына мысал бола алады. Мемлекет тарапынан біраз нәрселер жасалып жатыр, бірақ өте әлсіз. Сондықтан да халықаралық ұйымдарға жүгінуге мәжбүрміз. Біз осы халықаралық ұйымдардың жұмысы нәтижелі ме, нәтижесіз бе демес бұрын, алдымен шетелдік ұйымдардың біздің елімізге көмек беруіндегі түпкі мақсатына назар аударуымыз шарт. Менің қаншама жыл құқық саласындағы жұмыс тәжірибемде көз жеткізгенім – қандай да бір шетелдік ұйым болса да, ақша берер алдында міндетті түрде бір мақсат қояды. Бұл капиталистер ешуақытта көк тиынды далаға шашпайды. Капитализмнің заңы солай өзі. Егер жеке адам өз ақшасын берсе, оны қайырымдылық деп ұғуға болады. Бірақ шетелдік ұйымдардың артында міндетті түрде белгілі бір биік мақсаттарды көздеген үлкен адам тұрады. Олар кім және балаларға ақша бөлгенде, нендей мақсат көздеуі мүмкін? Біз кейде осы сұраққа жауап іздемей, «беріп тұрғанда, алмай жыным бар ма?» деген принциппен қолын кері қайтармаймыз. «Алмақтың салмағы бар» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Бәлкім, бүгін балаларымызға көмектескен болып, ертең соны міндетсініп жер сұрауы мүмкін, болмаса, бір діни пиғылдарын осылай астыртын жүргізуі де ғажап емес қой? Халықаралық ұйымдардың жарғысына қарау керек, егер ол болмаса, талап ету керек. Содан кейін бүгінде біреудің беделі арқылы алып жатқандар жетерлік. Кейін сол беделді адамды шетелдік ұйымдар өз дегендеріне көндіріп, бір сөзбен айтқанда, соның қолымен от көсеп қойып, қалқасына жасырынып отырады. Шын мәнінде, қазақты аяп, жетімдерін жебеу мақсатында қаржы құйып жатқандары шамалы-ау осы!..
Жылына 6-7 мың бала шетел асып жатқанда, күн санап тастандылар саны артып жатқанда, нәтижелі іс тындырылып жатыр деудің өзі күлкі тудырады. Еліміздегі мұндай ахуалды түбегейлі өзгертеміз десек, бізде қаржы көздерін бақылауды күшейту керек.
Түйін
Қазақ балаға тек бауыр еті, көз қуанышы деп қана қарамай, ұлын жер иесі, қызын ұлт анасы етіп тәрбиелеген. Жесірін шетке жібермей, жетімін жылатпай, ауыл боп, қауым боп қарайласқан халықтың ұрпағы бүгінде қандай халдеміз? Қыздарымыз неге қағанағынан жерініп, шаранасын шырылдатып тастап кетеді? Ресми емес дерек көздері бүгінде елімізде 15 мыңға жуық әке-шешесi тiрi тастанды балалардың барын, сондай-ақ жыл сайын 6000-ға жуық сәбидің мұхит асып кететінін көрсетеді. Біз неге балаларды тек маусымның 1-і күні ғана еске алып, қалған күндері қорғансыз қалдырамыз?..