Әншілердің табысына салық салу қажет пе?
Біздің қоғамда бір жүйеге келтірілмеген, құқықтық жағынан реттелмеген жағдайлар баршылық. Соның бірі – басы былтырғы жылы басталып, соңы әлі сиырқұйымшақтанып келе жатқан өнер адамдарының табысына салық салу туралы мәселе. Парламент мінберінде кәдімгідей ортаға тасталып, екіжақты тартысқа түскен осы жағдай расында, қаншалықты құлаққа қонымды. Біз осы мәселеге екіжақты қарап көруді жөн санадық.
Заря ЖҰМАНОВА, журналист:
ИӘ
– Кез келген Қазақстан азаматы қандай да бір кәсіппен айналысып, табыс табатын болса, онда міндетті түрде салық төлеуге тиіс. Осы жағынан келгенде, тек әншілер ғана емес, өнерде жүрген азаматтардың барлығы бұл жауапкершіліктен бас тартуға құқы жоқ. Неге дейсіз ғой? Себебі олар халыққа қызметті тегін көрсетіп жатқан жоқ қой. Тойға барса, оған той иелері сұраған қаламақысын төлеп отыр. Табыс табу жағынан жерге қарап, күнін көре алмай, нанын тауып жей алмай жүрген әншіні көрмеппін. Қашан да өнерді жоғары бағалап, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын қазақ қай заманда да қалтасындағы соңғы тиынын төлесе де, тойына әнші шақырады. Ал той жасамайтын қазақ жоқ.
Тіпті табысы аз деген азаматтардың өзі несие алса да қызықшылығын мол дастарқан, ән-жырмен атап өтуін тоқтатқан емес. Мен жаңа басында тек әншілер емес, өнерпаздар дедім, демек, оның ішіне асабаларды да айтуға болады. Әнші шақырмаса да, асабасыз той өтпейді. Ал асабаның ең арзаны 300 доллар алады. Ал енді тойды керемет жүргізетіндері, танымалдары 1500 доллардан арзанға келмейді. Той иесінен сондай ақшаны алып отырған әнші болсын, асаба болсын, соның бір бес-он пайызын салық ретінде төлеуден қалай бас тартады? Қалтасынан шығарып отырған жоқ, халық беріп отыр. Ал салық деген де халықтың игілігіне жұмсалатын ақша. Демек, салық төлеуден жалтару халықтың берген ақшасын халықтың өзіне қимау дегенмен тең ғой?.. Осыны нақты қолға алып, заңмен бекітіп, салық органдарын жұмылдыратын кез жетті. Менің ойымша, өзін сыйлайтын, халыққа сыйлы әншілер, өнер адамдары мұндайдан бас тартпайды деп ойлаймын. Тек мұны жүйелі түрде жасап, табыстың неше пайызын төлеу керектігін нақтылау қажет, сондай-ақ салықтан жалтарған жағдайда қолданылатын жазалау шарттарын, яғни, бәлкім айыппұл, бәлкім, басқа да жолдары болар, әйтеуір шешу керек. Себебі біздің қоғам осы құқықтық жағынан дамымай, онда өзіміз айтып жүрген өркениетті 50 елдің қатарына қосылуымыз екіталай.
Майра ІЛИЯСОВА, әнші, продюсер:
Жоқ
– Салық төлеуден жалтармас едік, бірақ дәл осы тойдан түскен табыстан салық төлеу деген — ол бір шешілмеген, жуық арада шешілмейтін де бұлыңғыр бір мәселе. Өйткені ол туралы арнайы заң қабылданған жоқ. Сондықтан әзірге аспан мен жердің ортасында ілініп тұрған белгісіз бір нәрсе. Неге екенін айтайын. Мысалы, біз тойға барамыз. Әр әншінің той иесімен өзара келіскен бағасы бар. Осы бағаны, мәселен, кім қалай бақылап отыр? Сондықтан кез келген әнші бұл жағдайда той иесімен келісіп, айталық, 3000 долларға барғанның өзінде, «мен 300 доллар бердім» деп айтыңызшы» не «туысым еді, жай құттықтап қана келді» деп айтыңыз» деп түрліше келісуі мүмкін. Себебі жазбаша түрде келісімшарт жоқ. Және сондай-ақ, ешқандай әншінің табыс мөлшері анық емес.
Түсініксіз жағдай деп отырғаным – сол. Бұл – бір. Екіншіден, шынында да біз барған тойдың біразы туыстардыкі болуы мүмкін. Ал салық органдары «жоқ, сіз тойға бардыңыз, салық төлеңіз» деуі мүмкін. Мұндайда жағдай қалай шешілмек? Осындай түйткілдер көп. Қалай болғанда да «жасырам» деген адам жасырып, «төлеймін» деген төлейді. Шешілмеген, жолға қойылмаған мәселе деп отырғаным сондықтан. Ең алғаш депутаттар арасынан бірі шығып «әншілер салық төлеуі тиіс» деп мәлімдеме жасағанда, шынымды айтсам, күлкім келген. Неге? Себебі бізде ондай заң жоқ қой. Қандай заңға сүйеніп айтып отыр? Бізде үнемі солай бір нәрсені жүйеге келтіріп алмай тұрып, айғайлап, байбалам сала береді. Міне, өзіңіз көріп тұрсыз, бұл мәселенің басы басталғалы қай заман, осы күнге дейін қандай да бір қимыл-қозғалыс байқала ма? Тағы бір айтарлық нәрсе, әншілерді жұрт осы табысты қырып тауып жатыр деп ойлайды. Шындығында, мүлдем олай емес. Әрине, біз секілді, Роза, Мақпал сынды әншілерді халық жақсы таниды, сыйлайды, тойға да жақсы ақшаға шақырады. Ал енді жас әншілерден не алады? Олар өзі тойдан түскен ақшаға тойып тамақ та іше алмайды. Тірнектеп жүріп ән жаздырады, сахнаға шығады. Не клип түсіре алмайды, не оны телеарнадан бере алмайды, әйтеуір жүргендері. Сондықтан ең бірінші табысынан салық ұстау үшін өнер адамдарына жақсылап жағдай жасалуы тиіс. Мысалы, спортшылар елдің намысын қорғап, халықаралық жарыстардан жеңімпаз боп оралса, оған бірден пәтер беріліп, жағдай жасалады ғой. Онда неге дәл солай халықаралық байқауда еліміздің атын шығарып, жүлделі орын алып келген әншіге пәтер бермейді? Айтпақшы, біздер концерт өткізсек, онсыз да салық төлейміз. Бірақ соны қалай өтейміз деңізші. Әрбір концертке кемі 30-35 мың доллар ақша керек, сахнаны жалға аласың, безендіресің, жарнама жасайсың т.б дегендей. Оны табу үшін билет сату керек. Ол өте ме, өтпей ме? Кейде залдың жартысы бос тұрады. Ал ондайда қалай салық төлейсің, себебі шығынды да өтей алмайсың онымен. Міне, салықтың жыры осындай. Сондықтан салық төлетпес бұрын әншінің құқығын қорғайтын заң қабылдау керек!
Ой-түйін
Жағдайға үстірт баға беріп, сырттай тон пішу оңай. Бүгінде өнер мен мәдениетке пікір айтқыштар да көп. Алайда анығында өнердің жай-күйін сахнада жүрген, өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген әнші, концерттер ұйымдастырып, халық жинаудың азабын тартып жүрген продюсерлер біледі емес пе? Сондықтан қандай да бір заң қабылдау үшін алдымен заңды реттіп, авторлық құқық, орындаушылық және сабақтас құқықтарды реттеп алу қажет.