Археологиялық қазба жұмыстарын бақылауды жергілікті әкімшіліктерге міндеттеу керек пе?
«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін». Бұл сөзді бір кездері Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқан. Сол айтқандай, бәріміз бүгіннің қамымен жүргенде, ертеңнің қамымен ел кезіп, жер қазып жүрген археолог деген қауым бар. Алайда кейінгі кезде археологиялық қазбалар жүйесіз жүргізіліп, «сүйек іздеушілер», «әлдебір көне қаланың» елесін іздеушілер көбейіп кеткендей ме... Бір айтатыны, әйтеуір, ұлан-ғайыр даламызды шикізат іздеп қопарғанымыз аздай, енді оған әлдене іздеп қабір қазған қазақтар да қосылып, шұрық-тесік болғанын айтып шағымданушы халық та аз емес. Себебі қазба жұмысы аяқталған соң, ол жерлер сол жырым-жырым күйде қала береді. Бәлкім, бұл әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығынан шығар? Ендеше, жергілікті билік мұны бақылауға алуы керек пе? Сарапқа салып көрсек.
Дулат Исабеков, жазушы:
иә
– Өзінің басқаруындағы территория болған соң, әрине, жергілікті әкімшілік археологиялық қазба жұмыстарын толықтай бақылап, назарында ұстауы керек. Қазба жұмыстары басталмай тұрып ол жерді не мақсатта және кімдер қазғалы жатқанын, ал біткен соң әлгі жерді (молалар ғой көбіне) сол күйі ашық-шашық тастап кетті ме, әлде соңынан тазалап, тегістеп кетті ме, яғни экологиялық-санитарлық жағынан қадағалауды өз міндеті деп қарағаны дұрыс. Әйтпесе қазір кім көрінген кетпен алып, мола қазатын болып алған, бейіттерді таптап, құлпытастарын қиратып... Сондықтан, ең біріншіден, біз мола жағалап жүргендер археологтер ме, әлде кездейсоқ біреулер ме – соған назар аударуымыз керек.
Себебі қазір көп, шектен тыс көп, жерлер қазылып кетті. Біздің ауылда ескі молалар қалмады, осыдан біраз жыл бұрын көз жұмғандардікі ғана қалды. Көне бейіттерді «археологиялық қазба» деген мақсатпен үсті-үстіне келіп қазып жатыр ғой, әйтеуір. Оларды бақылап, «әй қойсаңшы» деп жатқан адам жоқ па деп қалдым. Мола астында ежелде қала болған десек те, мұншалық жөнсіз, ретсіз сол «ежелгі қалаларды» іздей беруге бола ма? Қабірден қадір кетті ғой қазір... Ол деген біздің ұлттық байлық, ұлттық құндылықтарымыздың бірі емес пе? Кеше арамызда жүрген адамдардың асыл сүйегі жатқан жерлер емес пе? Бір кездері Отырарды аршып аламыз деді де, одан не Отырар шықпады, не басқа қылмады, қазір әлгі жердің шаңы шығып қалды. Жыра-жыра, сай-сай болған қайран жерді (туған жерім десем де болады, сол топырақтың тумасымыз ғой) көрген сайын жүрегім дәл сондай жырым-жырым болып, көзіме жас толады. Әрине, тарихи сананы жаңғырту керек, кейде әлденені дәлелдеу үшін қазба жұмысы қажет, бірақ қаздық екен, ол жерден бір нәтиже шығару керек емес пе? Сондықтан әкімшіліктер бұл жағын қатты қадағалап, өз бақылауына алуы шарт. Әйтпесе осы саладағы бей-берекетсіздік көптеген зардап шектіріп отырған жайы бар. Біріншіден, керегін алып, керек емесін тастап, сол аймаққа экологиялық зардап шектіргені өтірік емес. Бұл – нағыз бейбастақтық. Бұл тәртіпсіздік, жанашымаушылық, тіпті мәдениетісіздік. Сондықтан бізге археологиялық қазба жұмыстарын қатты қадағалау керек.
Қазба жұмыстарын жүргізетін топтың кәсіптік деңгейін білу керек. Тарихшы ма, не зерттеп жатыр, оған арнайы қаулы бар ма дегендей... Расында, тарих үшін екеніне көз жеткен күнде де оларға өз жұмыстарын бітірген соң ол жерді барынша реттеп, адамдардың өмір сүруіне еш қолайсыздық тудырмайтындай қалыпқа келтіруді қатаң шарт ретінде қою керек.
Жалпы, мен мұны мәселе қылып көтергелі қашан? «Мола қазу модаға айналды» дегенім бар, бұдан артық қалай айтуға болады, санасында саңылауы бар жан болса, жетесіне жететіндей сөз ғой. Бірақ «тыңдалмаған сөз жетім» дегендей, соған құлақ асқан ешкім жоқ қой, тіпті бүгінде ерінбеген адам иығына кетпенін асып алып, мола қаза беретін болған сияқты ғой. Ең жаманы сол, олар ертеңгі күнді ойламайды, ешкімге есеп бермейтін болып алған. Олардың не тауып, не қойып жатқанын біліп жатқан адам бар ма өзі? Осының өзі кейде маған күдік тудырады. Солар маған қабірді халық үшін, тарих үшін емес, жер астынан өздеріне керек бір нәрсе іздеп қазып жатқандай көрінеді. Өйткені сол жер қазып жатқандар тапқан қымбат заттардың есебі бар ма, тіркеп жатқан жанды көрмеймін.
Бейбіт Қойшыбай, тарихшы:
жоқ
– Меніңше, тарихшылар мен археологтер жұмысын жергілікті билікке бақылатып қою аса дұрыс шешім емес секілді. Себебі онсыз да бізде қазір археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға көмектен гөрі кедергілер өте көп. Қазақ тарихы – зерттеліп бітпеген, тіпті таза ұлттық тарих ретінде енді жазыла бастаған дүние. Сондықтан біз бүгінгі күнге дейін табылғанға қанағат етіп отыра берсек, онда өткенді өлтіріп алып, тамыры шіріген өсімдік секілді болып қалуымыз әбден мүмкін. Ал тамыры шіріген өсімдіктің өспей, қурап қалатыны бесенеден белгілі. Сол секілді біз өз тарихымызды дұрыс, шын деректермен жазамыз десек, онда археологиялық қазба жұмыстары бізге ауадай қажет.
Біз оған барынша жағдай туғызуымыз керек. Егер ондай жұмыстар болмағанда, бүгінде «Алтын адаммен» мақтана алар ма едік? Есік обасынан табылған сол бір ескерткіш әлемдік тарихты қопаруға себеп болды емес пе? Қазақ жерінің тарихы кешегі Кеңес Одағынан басталмағанын, әлдеқайда көне екенін дүбірлі дүние мойындауға мәжбүр болды емес пе? Жалғыз ол емес, Берел қорымы қандай жаңалық алып келді ғылымға?! Сондай-ақ Ботай жерінен табылған жылқы сүйегі ең алғаш жылқыны қолға үйреткен көшпенділер, осы біздің ата-бабаларымыз екенін дәлелдеді емес пе?!
Сол сияқты қазір де тарихи зерттеулер, археологиялық қазбалар жұмысы жүргізіле беруі шарт. Таяуда бір қуанышты жағдай естідім, Тараз қаласында базарды көшіріп, сол жерде қазба жұмыстары жүргізіле бастапты. Сол жерден көне Тараздың орнын байқаса керек. Ал негізі ондай жерлер бізде өте көп қой. Көбі – Шыңғысханның шапқыншылығынан кейін жермен-жексен болған мекендер. Қайта оңтүстігімізде қалалар бой түзеп, тіршілік жанданды ғой. Ал Арқада қаншама қазақ жері әлі де бос жатыр емес пе, арадан сан ғасырлар өтсе-дағы, сол жер астына кеткен қалалардың орнын толтыра алмай келе жатқанымыз өтірік емес. Қайта аз уақыт ішінде Астана сынды керемет шаһар салдық, бұл – үлкен жетістік. Жә, бұл – өз алдына бөлек әңгіме.
Бір сөзбен айтқанда, археологтердің еңбектері – еріккеннің ісі емес. Олар еріккеннен үйлерінен айлап безіп, күйсіз жүріп жерді қазып жатқан жоқ. Олар – тарих үшін, Қазақ елінің тарихи санасын жаңғырту үшін өз бастарын құрбан етіп жүрген адамдар. Сондықтан біз олардың жұмысына құрметпен қарауымыз шарт.
Сөз соңында айтарым, біз, негізі, бір нәрсені ұғынуымыз шарт, тарих мәңгі, яғни ол – бүгінгі үшін ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасатын құндылық, ал билік бүгін бар да, ертең жоқ, уақытша «қарауыл». Ендеше, «мәңгіні» «уақытшаға» күзеттіріп қойғаннан не ұтамыз?
Бейтарап пікір
Айнұр Төлеу, журналист:
– Тарих – тамыры терең сала, дау жоқ. Біз – әлі күнге өз тарихымызды өз көзімізбен жазып шыға алмай отырған халықпыз. Бізге зерттеу, дерек табу қажет, оған да дауым жоқ. Алайда сол зерттеліп, табылған жәдігерлер мен соған қатысты ашылған тарихымызды санаға сіңіру жағы деген де бар емес пе? Біз осы жағына мән бермей жатқан секілдіміз. Яғни біз қазудайын қазып, жазудайын жазғанмен, сол жазған мен қазғанды санаға егуде кешеуілдеп жатқан жайымыз бар. Яғни Тәуелсіздіктен кейін ашылған жаңалықтар әлі оқулыққа еніп, қазақ баласы әлі жаңаша көзқараста жазылған тарихты оқып жетілген жоқ. Ал бұл – маңызды мәселе!