Аттестациядан өте алмаған ішкі істер қызметі офицерлерінен мемлекеттің оқытуға жұмсаған қаржысын өндіріп алу дұрыс па?
Бүгінде аттестациядан өте алмаған ішкі істер қызметі офицерлерінен мемлекеттік оқытуға жұмсаған қаржысын қайыра өндіріп алу мәселесі өзекті болып тұр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаменті аттестациядан өте алмай, жұмыстан шығып кеткен офицерлерден осындай өтемақы өндіру арқылы мемлекет пайдасына 7 млн 805 мың теңге пайда әкеліпті. Ішкі істер қызметі заң бөлімі басшыларының айтуынша, өткен жылы осылайша аттестациядан өте алмаған 17 экс-полицейден қыруар қаржы қазынаға қайтарылған екен. «Бұл қаражат оларды ішкі істер мектептері мен академияда оқытып, киім-кешек және жатын орынмен тегін қамтамасыз етуге жұмсалған» дейді департамент өкілдері. Жалпы, келісімшартқа сәйкес, полицейлер ішкі істер органында кемінде бес жыл қызмет етуге міндетті. Алайда түрлі себептермен ол полицейлер уәделі мерзімді атқармаған. Бірі жұмыс барысында теріс қылықтар көрсету арқылы жұмыстан шықса, енді бірі аттестациядан өте алмағаны үшін қызметінен шеттетіліп, өтемақы төлеуге мәжбүр болған. Жалпы, бұлайша аттестациядан өте алмағаны үшін өтемақы өндіріп алу дұрыс па? Сауалды мамандар талқысына салдық.
Дәурен АРЫН, заңгер:
иә
– Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкерлерін әрбір үш жыл сайын олардың кәсіби даярлық деңгейін, құқықтық мәдениетін және азаматтармен жұмыс жасай білуін айқындау үшін аттестаттаудан өткізу қарастырылған. Арнайы заңмен қарастырылып отырғаннан кейін өз басым «сол аттестациядан өте алмағандардан өтемақы талап ету керек» дегенді қолдаймын. Қазірде құқық қорғау саласы бойынша мұндай реформалар көптеген елдерде өткізіліп жатыр. Сол реформалардың ішінде ең нәтижелі болғаны – осы қызметкерлерді аттестаттау шарасы, оның қорытындысы бойынша барлық жеке құрамның 90 пайызға жуығы қайта жаңартылды.
Мәселен, нақ осы аттестациялауға қатысты грузиндер жұмысқа жаңадан қабылданған полицейлер үшін арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесімен қоса, қызметкерлердің психологиялық орнықты болуы және таңдаған ісіне адал қызмет етуді талап етті. Жалпы, ішкі істер органындағы қызметкерлерді аттестациялауға қатысты мына бір жайттарды ескерген абзал: қазірде қағаз түріндегі құжат айналымы барынша азайтылды. Барлық жұмыс электронды жүйемен жүргізіледі, соның ішінде халыққа қызмет көрсету үшін де қатаң тәртіп орнатылған. Мысалы, автокөлікті ке-дендік рәсімдеу, оны техникалық қараудан өткізу, құжаттары мен нөмірін бере отырып, есепке қоюдың барлығы болашақта түбегейлі электронды түрге көшеді. Осындай жайттарды ескерсек, офицерлеріміздің білім деңгейінің жоғары болуы маңызды. Аттестациялаудың пайдасы барын біз ескеруіміз керек. Бұл аттестациялау аяқталғаннан кейін біршама жайттардың басы ашылып жатқаны рас. Мәселен, Ресейде нақ осы аттестаттауға даярлық және оны өткізу кезінде басшылық құрамның және бірінші рет арнайы атақты беруге ұсынылған адамдардың жоғары және орта кәсіби білімдеріне күмән келтіріліп, 80 мыңнан астам дипломға тексеру жүргізілген. Қолдан жасау белгілері бар 603 құжат анықталған. Ақыры көптеген қызметкер жұмыстан шығарылған. Соның ішінде Ресей ІІМ-нің орталық аппаратының 24 қызметкері бар. Бұған қоса, тағы сол Ресейде басшылық құрамның 141 үміткеріне арнайы атағын беруден бас тартылған. Осындай жайттардың бізде де кеңінен орын алып кетпеуі үшін мұндай шаралар қажет. Аттестациядан өтпей қалғандардан қайыра өтемақы талап етуді дұрыс деп санаймын. Себебі бір ғана криминалистерді, дактилоскопистерді, кинологтерді даярлау үшін мемлекет қазынасынан қаншама қаржы жұмсалады. Мұны «бір» деп қойсақ. Екінші бір ескерілетін дүние – өткенде Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырза алматылық полицейлердің ағылшын тілін үйренуіне бюджеттен ауқымды қаржы қарастырылатынын баса айтты. «Алматылық полицейлерге ағылшын тілін үйрету арқылы туристерге көрсетілер қызметтің, шеттен келген азаматтарға берілер кеңестің түрін жетілдіруге болады» деді әкім мырза. Ал күні ертең қаржы бөлініп, полицейлер тілді үйрене алмай қалса, ол қаржыны да оларға қазынаға қайта қайтаруды міндеттеу керек. Сонда ғана олардың жауапкершілігі артады. Аттестациядан өте алмаса, қаржыны қайтару қажет. Олар соны ойлайды да, білімін үнемі толықтырып отырады. Бұл үрдіс сала мамандарын ізденіске, жауапкершілікке, жемқорлықтан ада болуға үндейді. Сондықтан өз басым мұны қолдаймын.
Орынғали ЕСЕНҒАЗИЕВ, Алматы қалалық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник:
жоқ
– Мен бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Бұл – ақылға қонымсыз дүние. Жұмысқа жаңа кірген маманды үш жылдың ішінде аттестациядан өткізуге міндеттеудің өзі дұрыс емес. Кез келген салада жас маман тәжірибе жинақтап, көрген-білгенін көңілге түю үшін кем дегенде бес жылдық тәжірибе керек. Сол бес жылдың ішінде жас офицерлерді кәсіби кәнігі офицерлер үнемі талқылаудан өткізіп, олардың білім деңгейін көтеруге осылай атсалысу қажет. Қазірде аттестациялаудан неше жылдық тәжірибесі бар офицерлердің өзі сүрініп жатыр. Сондықтан аттестациядан өте алмаған офицерлерден бірден өтемақы талап ету дұрыс емес. Меніңше, өте алмағандарға екінші рет қайта тапсыруға мүмкіндік берілуі керек.
Мысалы, олардың ішінде қиыншылықтары көп криминалистер, кинологтер тестілеуден бірінші кезеңде өте алмауы мүмкін. Ал екінші рет қайта тапсыру мүлде қарастырылмаған. Сондықтан бізге кезектен тыс аттестациядан өткізуге қатысты аталған норма қарастырылған заң жобасында енгізілмесе, мұның өзі қызметкерлерді кемсітушілікке ұшыратады. Рас, қоғамда өзгерістер болып жатыр. Бұрын қылмыстың негізгі түрі ұрлық десек, қазірде лаңкестік, экстремистік қылмыстардың бар екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты құқық қорғау саласының қызметкерлері ғана емес, халықтың да сауатты, белсенді болуы керектігі даусыз. Аттестациялау кеңес заманында да болды. Ол тұстардағы аттестациялаудың қазіргіден өзгешелігі – ол тұстары мамандардың өзара тәжірибе алмасуы, біріне-бірі үйретуі басым еді. Ал қазір керісінше, аға буынның кіші буынды тәрбиелеуі кемшін. Мәселен, бізде болған аттестация Ресейде де болды. Оларда полиграф немесе шындық детекторы пайдаланылды. 150 сұрақтан тұратын тестілеу және басқа да сынақ түрі жүргізілді. Ішкі істер саласы қызметкерлері 22 пайыз қысқарып, аттестациялаудан кейін 20 000 офицер жұмыссыз қалды. Дегенмен олар сол жұмыссыз қалған офицерлерін сотқа сүйрелеп, өтемақы талап еткен жоқ. Меніңше, комиссия әр қызметкерді жеке қарауы керек. Мысалы, бір қызметкер спорттан мықты болуы мүмкін. Ал екіншісі өз кәсібін жетік меңгерген маман болғанымен, спорттан ақсап тұруы да ләзім. Осылай аттестациялау сынақтарының бірінен өтіп, бірінен сүрініп жатқандар алдына келгенде комиссия әділ бағасын беріп жатса, ал сүрінгендерге екінші қайтара аттестациядан өту бұйырса, осыдан барып жауапкершілік артады деп ойлаймын. Ал жаңағыдай қатаң талап қойып, жан-жақтан қаумалап, қатаң реформалармен төпелеп жауапкершілікті арттыра алмаймыз. Бұлай етсек, керісінше, қызметкерлердің жұмыс істеуіне деген ынтасын жоғалтып, жұмыс жүйесін бұзып аламыз.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бейтарап пікір
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
– Жалпы, осы аттестацияны асыра сілтеуге айналдырудың қажеті жоқ. Деректерге жүгінсек, өткен жылы ІІМ номенклатурасы бойынша 3006 қызметкер кезектен тыс аттестациялаудан өткен. Оның ішінде орталық аппараттың барлық қызметкерлері, ІІМ-нің қызмет басшылары, қалалық және аудандық желілік ішкі істер органдарының басшылары, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің бастықтары, сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы күрес және өзіндік қауіпсіздік бөлімшелерінің қызметкерлері бар. Аттестациялау алдында және оны өткізу барысында 117 қызметкер ішкі істер органдарынан қызметтерінен шығуына байланысты аттестаттаудан өтуден бас тартса, аттестациялау нәтижесі бойынша 73 қызметкер жоғары тұрған лауазымға ұсынылған. Ал 2321-сі лауазымдарына лайықты екендіктерін танытса, 613 қызметкер лауазымдарына лайықсыз деп танылды. Оның ішінде 276-сын қызметінен төмендету, 130-ын басқа қызметке ауыстыру ұсынылыпты. Міне, осы лайықтылар мен лайықсыздар арасында жік тудырып алмау үшін бізге аттестациялаудағы комиссия мүшелерінің өздеріне қойылатын талапты жоғарылатып, бұл сынның барынша әділ өтуін талап еткен жөн.