Ауған соғысына қатысқандарды «Ұлы Отан соғысы ардагерлері» мәртебесіне теңестіру қажет пе?
Ауған соғысына қатысқандардың өздері келтірген статистикалық мәліметке жүгінсек, бұл соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық аттандырылған көрінеді. Олардың 1000-ға жуығы оққа ұшса, 21-інің қайда екендігі күні бүгінге дейін беймәлім.
Шыны керек, 10 жылға созылған қантөгістің себебін қазіргі жастар жете біле бермейді. Кейбіреулердің «Ауған соғысына қатысқандардың ерліктері ұмыт қалмай, есімдері ел есінде қалсын десек, оларға лайықты мәртебе беруіміз керек» дейтіндері осыдан. Ауған соғысы ардагерлерін «Ұлы Отан соғысы ардагері» мәртебесіне теңестіруді артық санайтындар да аз емес. Өз кезегімізде осындай қайшы пікірлерді ұстанған екі азаматты әңгімеге тартып, ойларымен бөлісуді жөн санадық.
Бақытбек Смағұл, ҚР Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығының төрағасы:
Иә
– Кеңестер Одағы тұсында Ауған соғысына қатысқан біздің елдің жауынгерлеріне «Батыр» атағы былай тұрсын, төс белгілері бұйырды ма екен? Жоқ. Себебі Кремль жақтан бізді ескерген ешкім болмады. Соның салдарынан Ауған соғысына қатысқандар жайында біреу білсе, біреу білмеді. Бұл соғысты көпке дейін жасырып, біздерді тұмшалап келді. Тек Тәуелсіздік алған жылдары Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен көптеген жауынгерлер марапатқа ие болып, қазір талайдың есімі аңызға айналғандай болды. Бар шындықты Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біліп жатыр халық.
Соғыс сол бір кезеңнің ғана қасіреті емес, болашаққа да зардабын тигізбей қоймайды. Ауған соғысы талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған боздақтың өмірін қиып кетті.
Он екі мүшесі бүтін кетіп, жарымжан болып қайтқан жігіттер де аз емес. Тағдыр тәлкегімен «интернационализм» деген саяси науқанның құрбанына айналған Ауған соғысы ардагерлерінің ешқандай жазығы жоқ. Отан жібергеннен кейін антына адал болды.
Әрине, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жанқиярлық ерліктеріне бас иеміз. Олардың орны қашан да ерек. Алайда өзге мемлекеттің аумағына болса да бізді де Отан аттандырды ғой. Сол себепті тартынбадық, жүктелген міндетті мінсіз орындауға тырыстық.
Ауған соғысына қатысқандар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен кейінгі сатыда тұрған жауынгерлер деп білемін. Қай дәуірде болсын, мейлі, соғыстың аты – соғыс. Ауған соғысына қатысқандарды «Ұлы Отан соғысы ардагері» деген мәртебеге теңестіру бізге емес, келешек ұрпаққа керек дер едім. Ауған жерінде болған қанқұйлы соғыс шындығын олар білуге құқылы. Бұл да – тарихтың бір беті. Егер лайықты баға берілмесе, ертеңгі күні уақыт өткен сайын ұмыт болып кетпесіне кім кепіл? «Ұрпақ сабақтастығы» деген ұлағатты ұғым осындайда маңызды емес пе.
Рас, қазіргі кезде ауған соғысы қаһармандарына бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалып, азды-көпті құрмет көрсетілуде. Алайда соғыс қалдырған сызатты мұнымен өлшеуге бола ма? Жарияланбай басталып, жарияланбай аяқталған соғыс құрбаны болғандарға да «Ұлы Отан соғысы ардагері» атағын берудің несі артық? Қимай отыруымыздың себебі неде? Біз де соғысқа аттанарда тым жас едік. Қаншама боздақтарымыз қыршынынан қиылды. Ондаған жігіттер із-түзсіз жоғалып кетті. Тұтқында отырып, жан азабын тартқандар да жетерлік. Ал мүгедек атанып қайтқандардың ерліктерін неге бағаламасқа? Тарихта қалатын бұл соғыстың ардагерлеріне лайықты баға берілмеуі – үлкен қателік. Тіпті Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер аталарымыздың өздерінің арасында «Ауған жеріндегі соғысқа қатысқандарға да «Ұлы Отан соғысы ардагері» атағы берілу керек» дейтіндер жоқ емес.
Егер осы соғысқа қатысқандарға лайықты мәртебе бермесек, бұл елдігімізге үлкен сын емес пе? Өз азаматтарының атақ-абыройын елі асқақтатпаса, басқа кімге керек?
Ким СЕРІКБАЕВ, әскер ғылымының профессоры, запастағы полковник:
Жоқ
– Екінші дүниежүзілік соғысы тек КСРО емес, жер бетіндегі бірнеше елдің тарихында өшпес із қалдырды. Ал Ұлы Отан соғысы осы соғыстың аясына кіреді. Жаумен шайқастың түпкі мақсаты – Отанды қорғау болды. Елінің, жерінің бейбітшілігі үшін қан төкті.
Ал сөз болып отырған соғыстың бар шындығын, былайша айтқанда, Кеңес өкіметі әскерлерін Ауған аумағына енгізу мәселесінің қалай шешілгені турасындағы құпияны Саяси бюро мүшелері өздерімен бірге алып кетті десек те болады. Бұл жерде саяси астары бар шетін шешімді қабылдаған КСРО көшбасшыларының кейбірі Ауған соғысы аяқталмай жатып-ақ қайтыс болып кетті дегенді айтқалы отырмын.
Менің ойымша, Ауған жеріндегі жөн-жосықсыз қантөгістің ортасында болып қайтқандарға «Ұлы Отан соғысы ардагері» деген атақ бергеніміз ретсіз. Алдымен осы екі соғыстың тарихтан алар орнын ажыратып алайықшы. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей екені кімге болса да белгілі. Ондай болса, бір-бірінен алшақ жатқан екі соғыстың жауынгерлеріне бірдей атақ бергеніміз қалай болар екен? Ауған соғысына қатысқандар майданға өз еріктерімен аттанған жоқ. Оны да ұмытпайық. Бұл сол кездегі Үкіметтің айрықша тапсырмасының бірі еді.
Қазір Ауған жеріндегі соғысқа қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Алайда бір шындығы – әскерлеріміз интернационалдық борыштарын өтеп, ауған халқына көмектесті. Ауған халқының айтуларына қарағанда, Кеңес Одағынан барған интернационалист-жауынгерлер қарапайым халыққа соңғы нанына да дейін бөліп берген.
Әрине, оларға да сый-сияпат, лайықты құрмет көрсетуіміз керек. Ауған соғысына қатысқандар бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бірқатар жеңілдіктерге ие болып, олар өз дәрежесіндегі марапаттарға ұсынылып келеді. Атап айтсам, мәселен, тұрғын үй мен көлік салығы жеңілдетілген. Ардагерлерге арналған госпитальдарда емделіп, т.б. жағдайлар жасалуда. Бұлардың өзі аз да болса көмек.
Соғыста қаза болған кейбір боздақтарымызға құрмет ретінде өздері оқып-білім алған мектептердің аты берілсе, есімдері өздері тұратын көшелерге бұйырған азаматтар да баршылық. Осы тұста айта кетейін, білуімше, еліміз бойынша бүгінгі күні Ауған соғысында шейіт болған жастарымыздың атында 30-дан астам мектеп, 170-ке жуық көше бар көрінеді. Сонымен қатар Ауған соғысында қаза болған боздақтарымызға бағыштап түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, аруақтардың қошеметіне ескерткіштер қойып жатады. Кеңес Одағы ыдырап, еліміз Тәуелсіздік алған кездерден бастап Ауған соғысына қатысқан біздің елдің жауынгерлері жайлы деректер мен олардың ерліктері топтастырылған еңбектер жарық көре бастады. Тарих үшін мұндай дүниелердің де рөлі айрықша.
Бұлардың барлығын тізіп айтып отырған себебім, осындай сый-сияпат көрсетуді ұмыт қалдырмайық. Тәуекелге бел буған жалынды жастарымыз қандай құрметке де лайық. Тек олардың мәртебесін 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс ардагерлерінікімен теңестіргеніміз еш ақылға сыймайды.
Түйін
1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысы мен Ауған жеріндегі 1979-1989 жылдар кезіндегі қарулы шайқастың бірі – ашық жарияланған болса, екіншісі – жұмбағы бертінде ғана шешілген соғыс екендігіне келісеміз. Алайда екеуінде де адам шығыны болды. Саяси жағынан екі сипат берілсе де, қарапайым халық үшін зардабы бірдей. Екі соғыста да қайсыбір ана жалғыз ұлынан айырылса, кейбір әйел жесір қалып, қаншама бала жетім атанды. Алайда дәл қазір Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің мәртебесін Ауған соғысына қатысқандарға да беру мәселесі төңірегіндегі пікір әрқилы. Мұндай екіұдай пікір қашаннан айтылуда. Ойымызды аяқтай келе, сөз болып отырған мәселені біржақты шешудің кезі жеткен сыңайлы дер едік.