Білім ордаларында хиджаб киюге заңмен тыйым салу керек пе?
Көптен бері қоғамда пікірталас тудырып келе жатқан хиджаб мәселесіне қатысты Елбасымыз өз ойын ашық білдірді. Ол: «Мен пәренжі кигенге қарсымын. Әсіресе хиджаб пен пәренжені студенттер мен оқып жүрген жастардың киіп жүргеніне қарсымын. Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Әрине, біз мұсылман дінінің барлық өкіліне құрметпен қараймыз, бірақ біздің өз жолымыз, өз ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар», – деді. Бұл ретте хиджабқа қалай тосқауыл қоюға болады? Заңмен бе, әлде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге негізделген үгіт-насихат жолымен бе? Осы орайда «білім ордаларында хиджаб киюге заңмен тыйым салу керек пе» деген тақырып төңірегінде мамандар пікіріне сұрау салып көрген едік...
Жолдасбек МӘМБЕТОВ, филология ғылымының кандидаты:
Иә
– Иә, дәл қазіргі кезеңде барлық білім ордасындағы қыз-келіншектердің хиджаб киюіне заңмен тыйым салынуы керек. Өйткені бұл білім ордаларында айтарлықтай мәселе тудырып отыр. Мәселен, студенттерге практикадан өту кезінде хиджаб кимеу туралы талап қойылғанымен, хиджаб киетін қыздар «шешпейміз» деп қарсылық танытуда. Ал егер студент практикадан өтпесе, оқу орнын бітіре алмайды. Айта кетерлік жайт, Ата Заңымызда азаматтардың діни ұстанымына еркіндік берілген. Сондықтан мұндай мақсатқа «Білім туралы» Заңға өзгеріс енгізу арқылы ғана жетуге болады. Себебі күн өткен сайын мектептер мен ЖОО-ларда, колледждерде хиджаб киетін студенттер мен оқытушылар саны артып барады. Ал бұл білім беру мекемелерінің ішкі жарғысына қайшы келеді.
Әр жоғары оқу орнының өз ішкі тәртіп, ережесі бар. Ол ғылыми кеңесте бекітіледі. Ал студент өзі оқитын оқу орнының тәртібіне бағынуы тиіс. Егер бүгін білім беру ордаларында хиджаб киюге рұқсат берілсе, ертең кришнаит, буддистер де өз киімдерімен қаптап кетуі мүмкін. Дін тек киіммен өлшенбейді, мұсылман болғысы келсе ең алдымен отырған жерін, қойылған талапты құрметтеуі керек. Негізі, «Білім туралы» Заңда білім беру ұйымдарында білім алушыларды тәрбиелеу мақсатында тәртіптік ықпал ету және өзге де шаралар қолдану ретінде білім беру ұйымдары дербес бекіткен ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес бірыңғай киім үлгісі белгіленеді (Заңның 43-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы және 47-бабының 18-тармағы), білім беру ұйымдарында ішкі тәртіп ережелерін сақтау білім алушы мен тәрбиеленушінің міндеті болып табылады (Заңның 47-бабы 14-тармағы) деп анық жазылған. Алайда бүгінгі күні бұл заң қауқарсыздық танытып отырғандықтан, өзгерістер енгізу артықтық етпейді.
Негізі, еліміздегі дәстүрлі дінімізге сәйкес келмейтін, ұлттық салт дәстүрімізді ұмыттыруға айналған мұндай нәрселерден алшақ болған жөн.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Жоқ
– Білім мекемелерінде қыз-келіншектердің хиджаб киюіне заңмен тыйым салу дұрыс емес. Тыйым салу арқылы біз әсіресе дін мәселесінде белгілі бір нәтижеге жете алмаймыз. Сондықтан теріс пиғылды діни ағымдардың белсенділігін азайту, хиджаб секілді халқымызға жат әдеттерге тосқауыл қою мақсатында дәстүрлі ислам құндылықтарының насихатын арттыруымыз керек. Және еліміздегі діни басқармалардың жұмысын да жандандыру қажет. Дінтанушылар елді аралап жүріп, халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін насихаттауы тиіс. Айта кетер жайт, теріс пиғылды діндердің ел арасына дендеп кіруі ұлт қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Сондықтан бұл мәселеде аса сақ болған жөн. Сондай-ақ еліміздегі зиялылар мен тарихшылар ислам дінінің тарихы, оның дәстүрлері туралы ұдайы айтып отыруы тиіс.
Шыны керек, ғасырлар қатпарына көз жіберсек, қазақ халқының тарихында хиджаб, пәренжі кию болмаған. Бұл – біздің ұлттық ұстанымымызға, дәстүрімізге жат дүние. Халқымыздың діни сауатсыздығының, үгіт-насихат жұмыстарының жоқтығынан өзге діндердің, діни дәстүрлердің жетегінде кетіп жатыр. Егер біз өзіміздің дәстүрлі дініміз туралы кеңінен ақпарат беріп, дер кезінде халықтың діни сауатын ашып отырғанымызда мұндай нәрсе орын алмас еді. Қоғамымызда хиджаб туралы даудың шығуының өзі дәстүрлі дініміз туралы үгіт насихат жұмыстарының жеткіліксіздігінен деп ойлаймын. Сондықтан хиджапқа арнайы тыйым салу туралы заңды қабылдамай-ақ үгіт-насихат жұмысын арттыру арқылы біз күткен нәтижеге жетуге болады.
Біздің халқымыздың, дәстүрлі дініміздің ұстанымы Әбу-Ханифа мәсхабы саналады. Ал Сауд Арабиясы, Мысыр секілді мұсылман елдерінің мәсхабы мүлдем бөлек. Олардың өзара айырмашылықтары да баршылық. Алайда соңғы кездері сол елде діни білімін жетілдіріп келген жастар сол елдердің діни ұстанымының ерекшеліктерін өз елімізге ала келіп жүр. Осылайша, сол елдердің әйелдері тағатын хиджабты біздің қыз-келіншектеріміз де кие бастады. Қыз-келіншектеріміз жабық киініп жүргісі келсе, міндетті түрде хиджап тағуы керек пе? Бұл жерде басқа елдердің ұстанымын одан әрі дәріптеп, өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ұмыт қалдырып жатырмыз. Ең өкініштісі, осы болып отыр. Сондықтан бұған тыйым салу мақсатында өзіміздің дәстүрлі дініміздің насихатын тез арада арттырған жөн. Хиджаб киюге тыйым салғаннан гөрі, осындай күрес түрлері әлдеқайда нәтижелі болар еді.
Бейтарап пікір
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы:
– Біз сан ғасырдан бері ислам дінін ұстанып келген мұсылман халықпыз. Сондықтан қазір жастардың, соның ішінде қыз балалардың өз дініне бет бұрып жатқандығы қуанарлық жағдай. Ал әйел затының дініміздің талабы бойынша киінуі – парыз. Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінде бұл анық айтылған. Меніңше, қыздарға бұл жөнінен күштеп тыйым салудың орнына басқа жол қарастыруымыз керек. Ата-бабаларымыз еш уақытта «бiздiң дәстүр-салтымызда орамал тағу жоқ» деп қасиеттi Құранның бұйрығына қарсы шықпаған. Керiсiнше, өздерiнiң мәдениетiне, әдет-ғұрпына, дiлiне сай етiп небiр әсем киiм үлгiлерiн жасап шығарған. Олардың Құран талаптарына қайшы келмеуiн басты назарда ұстаған. Негiзiнде, мұсылманша киiмдi қазақыландырып киюге шариғат бойынша рұқсат. Олай болса, әйел баласы өзiнiң дене бiтiмiн қатты кескiндемейтiн, денесiн көрсететiндей жұқа емес және жүзi, екi қолы, тобықтың төменгi жағынан тыс басқа барлық жерлерiн жабатындай кез келген киiм үлгiсiн таңдап киюiне болады. Демек, әйел кiсiнiң Құран өлшемдерiнен шықпау шартымен сәндi әрi өзiне жарасымды, эстетикаға сай киiм киюiне еркi бар. Негізі, келін болып түскеннен кейін киілетін кимешек түрлері де осы «хиджабтың» ұлттық нұсқасы. Сондықтан аяулы қарындастарымызға заман талабы мен ұлттық түсінігімізге сай мұсылманша киім үлгілерін тігіп ұсыну бүгінгі қалыптасып отырған жағдайды шешудің ең тиімді жолы деп ойлаймын.